Қоғам

«Бұл сынақты бірлікпен еңсереміз!»

Written by Aray2005

Жигули ДАЙРАБАЕВ,
«Қазақстан Фермерлер одағы» республикалық қауымдастығының төрағасы:

– Бізде қазір турасын айтсақ та, бейнелеп айтсақ та нағыз мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Өмір үшін жан берісіп, жан алысқан күрес. Мемлекет басшысы отандық медицина саласының бұл вируспен күреске мүлдем дайын болмай шыққанын ашық айтып отыр. Келісуге болады. Себебі дәрі мен ауруханалардағы орын тапшылығының кесірінен, дұрыс емдемеудің салдарынан қаншама отандасымыз өмірімен қош айтысты. Өкінішті-ақ. Өзекті өртейді. Жүрек қан жылап тұр.
Президенттің осындай сын сағатта дүрбелеңге түскен халыққа береке-бірлік тілеп, сабырға шақыруы орынды.
Расында халықтың дәрігерлерге көңілі толғанымен, дәрінің жоқтығына қапалы. Осындайда Президенттің халыққа басу айтып, жағдайды жан жүрегімен қабылдағанын аңғартты.
Мен де өз атымнан барша марқұм болғандардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын.
Қазір жұрт өзін-өзі емдеп кетті. Әркім әр түрлі ем қолдануға көшті. Көп болып, белсенді қауым ақша жинап, шет елдерден тыныс алу аппараттарын сатып алып, үлестіріп жатыр. Бұл халықтың бірлігінің, қайырымдылығының, мейірімнің сөнбегенінің көрінісі.
Мың өліп, мың тірілген қазақ, қай қиындыққа да қасқайып тұрып қарсылық көрсете білген. Сондықтан сынбайық, мойымайық, шегінбейік. Елімізге амандық, әрбір отандасыма саулық тілеймін!

ПІКІР