Қоғам

Бұлақ көрсең, көзін аш

Туған жердің төсіне аман-есен оралғандарын білдіргісі келгендей көк жүзінде қиқу салып, аспан әлемін әнге, маңайды мерекеге бөлейтін жыл құстарының алғашқы легі жеткеніне де көп бола қойған жоқ. Аяқтанбаған қозыны құшақтап, кіші сақпанға қарай бет алған баланы шыр айнала біресе сүзіп, біресе алдын кес-кестеген саулықтың көксегені төлінен көз жазып қалмау. Беткейдегі қалған-құтқан қар суларының қырдан төмен қарай жылғаларды қуалай аққаны, сыңғыр қаққан бұлақ суының сұлу көрінісі тек осы мезгілге ғана тән. Кісі тонын шештіріп, жердің тоңын жібіткен, көктемнің небір кереметтерін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бала күнімізде сай-саладан жылжып аққан су жылғаларға жеткенде долы мінез танытып, арнасынан асып кете жаздайтын. Тіпті, кей кездері аттылы кісіге өткел бермей, апталап тұрып алатын-ды. Адуыны аптығыңды басатын асау өзеннің маусым айына таман желігі басылып, ақыр соңында сылдырай ағып, арна аңғарларының кей тұстарының аңқасы кебе бастайтын. Тек, әр жерде бір бұлақ көздерінен пайда болған суға шілденің шіліңгір ыстығында мал мен жан ентелей келіп бас қоятын. Салқындығы таңдайыңнан өтіп, маңдайыңды тесіп жібере жаздайтындай құдіретке ие бұлақтардан ауылда мал бағып жүргенде талай су ішкенбіз.

Бірде өрістен қайтар жолда ауыл кезегі есебіндегі алдымдағы мал бұрынғыдай өзенге тікелей емес, солға қарай қиғаштап, шұбыра жөнелді. Мал соңына еріп, өзен жағалауына жеткенде, жан-жағына қызыл тас төселіп, адам еңкейіп су ішуге ыңғайлы етіп, ретке келтірілген жаңа бастаудың үстінен түстім. Бұрын мұндай бұлақтың бар екенінен бейхабар болатынмын. Бұрқ-сарқ қайнап, өзен сағасына қарай ентелей аққан бұлақ суынан мен де, мал да шөл қандырып, жөнімізге кете бардық. Кейінірек сол бұлақты Телғара атты қарияның кездейсоқ көріп қалып, көзін аршып, бастауға айналдырғанын жасы үлкендерден естідік.

Жалпы, қазақтың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген мақалы бір қарағанда бала бойындағы талантқа, дарынға қатысты айтылғандай көрінгенімен, негізінен мұның түпкі мәні тым тереңде. «Сулы жер – нулы жер» демекші, көктем туа сала жасы үлкендердің бұлақ көзін аршып, оны тазартуы төтеннен келген құрғақшылықта қол қусырып қалмаудың амалы болса керек. Сондықтан да, атам қазақ «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген нақыл жетегімен жыл сайын Наурызда бастауларды жаңартып, тазартып, оны әжетке жаратуды ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп отырған. Тіпті, ауыл маңынан жырақта орналасқан жапан түздегі бұлақтарға да арнайы ат терлетіп барып, әлде бір жолаушы, немесе аң-құстың сауабы үшін оның көзін аршып, тынысын кеңейткен. Десе де, бұл дәстүрдің бүгінде ел ішінде елеусіз қалып отырғаны шындық. Көпті көрген көнелерден қалған ұлағатты істің жалғасын таппай отырғанын Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылының тұрғыны, зейнеткер Берік Елеусінов те қынжыла сөз етеді. Оның айтуынша, бұрынғыдай бұлақ аршу үрдісі көргені мол қариялармен бірге келмеске кеткен сыңайлы.

– Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты жер аумағында бұлақтан көп дүние жоқ. Соның ішінде ауылдың Қаратау жақ беткейіндегі Бөріқазған, Тәңірқазған, Ортабұлақ, Бегалы, Дәуренбет, Төбе ши, Найзақызыл, Майлыбұлақ, Жиделібұлақ, Молалыбұлақ, Табақбұлақ секілді мал жайылымдарының әрқайсысының өз бастаулары бар. Аталған қайнарлардың су қоры өте мол. Текті жануар саналатын жылқы малы қай жайлауға қоныстансақ та, тек Табақбұлақтан келіп су ішетін. Соған қарағанда, осы бұлақтың өзгеше бір қасиеті бар ма деп ойлаймын. Одан бөлек, маңайда майда-шүйде бұлақтар да жетіп артылады. Ілгеріде қариялар колхоз, совхоз құрылмай тұрған тұста әл-қуаты жоғары адамдар аталған жайылымдардағы бұлақ маңын қоныс еткенін айтып отыратын. Менің әкем неше жыл мал бағып, Соцалистік Еңбек Ері атанған адам. Бала күнімізде сол кісілердің бастауларды тазартып жүргенін талай көзіміз көрді. Бұл бабаларымыздың су көздері, бұлақтардың экологиялық тазалығы мен тепе-теңдігін сақтаудың маңыздылығын жете түсінгенін, тіршілік үшін табиғи байлықтың ішінде судың алатын орны ерекше екенін пайымдай алғанын білдіреді. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін осы үрдістің біртіндеп кенжелеп қалғаны рас. Өйткені, сол кезеңдерде су қоры мол деп саналатын негізгі бұлақтардың кейбіріне темір құбыр қағылып, одан су қысы-жазы атқылап тұратын жағдайға жетті. Ол бұлақтар тазартуды қажет етпейтін. Ал, құбыр орнатылмаған бастауларды жекелеген адамдар, малшы немесе аңшылар оқта-текте болса да тазартып жүретін болған. Мәселен, Орынбасар Әлжаппаров есімді замандасым ауылда тұрғанында мұндаға дейін аяғы жеткен жердегі бұлақтарды аршып жүрді. Бескепе аталатын жайылымдық жерден бұлақ көзін тауып, оны аршып, суын бөгеп, бау-бақша егумен де айналысты. Бүгінде ол Тараз қаласына қоныс аударған. Осындай істің парқын білетін, кейінгілерді жөн-жосығы бар іске жол сілтей алатын адамдардың қарасы сирегеннен кейін, әсіресе, кісі аяғы баса бермейтін қашықта жатқан бастаулардың көзі бүгінде бітеліп жатқан жайы бар, – деді Берік ақсақал.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов та өңірдегі көптеген бұлақтардың көзі тұрақты түрде аршылмағандықтан, олардың кейбірінің суы тартылып кеткенін растайды.

–Негізінен, бұлақ атаулы өңіріміздің таулы және сазды аймақтарында көп кездеседі. Жер қойнауындағы терең қабаттардан тектоникалық жарықтар арқылы жер бетіне табиғи жолмен шығып жатқан жер асты суы арынды бұлақ деп аталады. Оның суының өнімділігі жыл бойы тұрақты болып келеді. Мұндай суы мол бұлақтар Қаратау, Құлан, Меркі өңірлеріндегі таулардың шатқалдарында кездеседі. Теңіз деңгейінен 700 метр биіктікте орналасқан бұл қайнар бұлақтар адам денсаулығына тигізер емдік қасиетке ие екенін атап өткен жөн. Жалпы, облыс аумағындағы басқа да бұлақтардың санын тап басып айту қиын. Таулы аймақтарда мекендейтін арқар, елік, тауешкі және басқа да жануарлар осындай бұлақ көздерінен су ішіп, нәр алатынын ескерсек, бұл өте өкінішті жағдай. Осындай жер асты су көздерін сақтау мен тазарту жұмыстарын жүргізу аудандарда орналасқан орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері мен жергілікті әкімдіктерге бекітіліп берілсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Нұрғали Жұмәділұлы.

Бір айта кетерлігі, бабадан қалған құнды үрдіс толық ұмытылды деп байбалам салуға да еш негіз жоқ. Өйткені, «Мың бұлақтар мен батырлар мекені» саналатын жуалылықтардың нақ осы бағыттағы жұмыла атқарған тірлігі көпке үлгі боларлықтай. Анығын айтқанда, Жуалы ауданының тумасы, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев бірнеше жылдан бері аталған өңірдегі бұлақтардың көзін аршуда жергілікті тұрғындарға өзі бас-көз болып жүрген жайы бар екен. Ол бұл үрдіс су тапшылығын болдырмаудан бөлек, тәрбие көзі болып саналатынын айтады.

– Бұл бабалардан келе жатқан үрдіс. Мен Боралдай ауылдық округіне қарасты Ертай ауылында туып өстім. Бала күнімізде аталарымыз бізді қасына ертіп алып, таудағы бұлақтардың көзін ашып, тазалайтын. Осы үрдіс кейінірек ұмытыла бастады. Осыны ескеріп, бірнеше жылдан бері таудағы бұлақтарды жыл сайын тазалап тұруды әдетке айналдырдық. Былтыр бас-аяғы 22 бұлақтың көзін аршып, тазаладық. Бастау басында мал сойып, құдайы ас бердік. Жалпы, ата-бабаларымыз өзен-көлдер мен бұлақ суының тазалығына баса мән берген. Сондықтан, оны таза ұстауды кейінгілерге аманаттап отырған. Мұндағы басты мақсат – жастарды тазалыққа, көпке пайдалы іспен шұғылдануға баули отырып, көзі бітеле бастаған бұлақтарды іздеп тауып, оның суын ел игілігіне жарату. Көнекөз қариялар арқылы туған жердің ерекшелігін, қай жерде ненің орналасқанын, оның тарихын кейінгілердің санасына сіңіріп, жер байлығы ел ырзығы екенін жастарға ұғындыру. Менің бастамаммен осы игі істі жерлестерім бірнеше жылдан бері қолға алып, жыл сайын көктемде бұлақтардың көзін тазалаумен келеді. Нақты айтқанда, елін, жерін сүйетін ұлтжанды азаматтардың, аудан басшылығының, ауыл тұрғындарының ықпалымен бүгінгі таңда Жуалы өңірінде бірқатар бұлақ көздері аршылып, табиғаттың гүлдене түсуіне септігін тигізуде. Биыл, Алла қаласа, туған жерге арнайы барып, тиісті мекемелер арқылы тау суы мен бұлақтан пайда болған ағын суды жинақтап, пайдалану үшін арнайы бөгет салсақ деген ниетіміз де бар, – деді Бақытжан Ертаев.

Біз Боралдай ауылдық округінің әкімі Ғани Қуанышовтан Халық қаһарманы көтерген бастаманың қаншалықты деңгейде жалғасын тауып жатқанын сұраған едік. Ғани Алшынбайұлының айтуынша, аталған ауылдық округке қарасты Ертай ауылының тұрғындары өздері білетін бұлақтарды толық аршып болған. Енді жасы үлкендер биылдан бастап, алдағы бір-екі жылда ауылдық округке қарасты Көлтоған, одан кейін Рысбек батыр ауылдарына тиесілі бұлақтардың көзін ашып, қатарға қоспақ. Ауыл әкімі бұрнағы жылы Тасбастау атты әулиелі бұлақтың айналасын өз қаражатына абаттандырып, тал-дарақ егіп, ретке келтіріпті. Олар сан түрлі бұлақтың көзін аршу арқылы Боралдай өзенінің суын молынан пайдалануға бел буып отыр екен.

Осы ретте әрбір ауылдың елжанды азаматтары жуалылықтардан қалыс қалмай, жыл сайын бастау-бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашуды әдетке айналдырса, бұл тұщы судың тапшылығын жоюмен қатар, сауапты іс болып саналар еді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР