Бурыл ауылында кинотеатр ашылды

0 2

Бұл күні бурылдықтардың қуанышымен бөлісуге аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев арнайы келді. Жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған аудан басшысы бұл бастаманың Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласымен үндесіп жатқандығын тілге тиек етіп, «ASTANA PARK 3» кинотеатрының көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналатындығына сенім білдірді. Мұнан соң сөз алған Бурыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сады Қуатов, ардагер Маматай Несіпбаев кәсіпкердің игі ісіне жұртшылықтың ризашылығын жеткізді.

Тараз қаласындағы «ASTANA PARK» кинотеатрының филиалы ретінде ашылған демалыс орнындағы кинозалда бір мезгілде 54 адамға жаңа фильмдерді 3D форматында көруге мүмкіндік берілген. Кинотеатр өз тұтынушыларына түскі сағат 13.40-тан бастап түн ортасына дейін үзіліссіз қызмет көрсетеді. Мұнда киносүйер қауым талғамына сай түрлі фильмдерді қолжетімді бағада тамашалай алады. Демалыс орнының қызметін тұтынатын соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, мүмкіндігі шектеулі балаларға жеңілдіктер қарастырылған.
– Ауылымызда 3D форматындағы фильм көрсету қабілетіне ие кинотеатр ашылғанына қуаныштымын. Ендігі жерде жаңа шыққан фильмдерді тамашалау үшін Тараз қаласына сабылмайтын болдық. Болашақта кинотеатр тұрғындар мен жастардың рухани азық алатын ордасына айналатындығына сенімдімін,– дейді ауыл тұрғыны Құрманкүл Қасымова.
Айта кету керек, бұл «ASTANA PARK» кинотеатрының аудандарда ашылған екінші филиалы. Бұған дейін мұндай демалыс орны Меркі ауданы орталығының тұрғындарына қызмет көрсетуді бастаған еді.

Ш.АТЫХАНҰЛЫ,
Байзақ ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.