Бұрымды боксшылардың болашағы жарқын

0 31

Кеңестік кезеңнен бері Жамбыл бокс мектебінің жұлдызы тек жоғарыдан жарқырап келеді. Серік Қонақбаев, Рашид Қабіров, Болат Жараров, Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Болат Жұмаділов, Марат Мәзімбаев, Бақтияр Артаевтар талай мәрте әлемдік ареналарда атой салып, ел абыройын асқақтатты.

Ерлер ғана емес, әйелдер арасындағы бокстан да жамбылдықтардың мерейі үстем. Бұрымды былғары қолғап шеберлерінің жерлестерін, қазақ елін жерге қаратқан кезі жоқ. Мәселен кәсіпқой бокста WIBA және WBU, ІВО тұжырымдары бойынша Әлем чемпионы Фируза Шарипова спорттағы жеңісті жолы арқылы Қазақстанды әлемге танытты. Әуесқой бокста да әуселеміз ешкімнен кем емес. Қыздар боксынан облыстық жастар және жасөспірімдер арасындағы аға жаттықтырушы Мейірбек Ченгельбаевтың айтуынша, Назерке Серік, Валерия Семенова, Жібек Жарасқызы, Анжелика Цой, Виктория Байдукова, Сымбат Әлиасқар, Карина Токубай сынды күрзі жұдырықты аруларымыздың рингтегі аяқ алыстары жаман емес екен. Дегенмен жастарымыз Токио Олимпиадасына жолдама ала алмапты. Алайда М.Ченгельбаев келесі Олимпиадада 51 келіде өнер көрсететін Жансая Абдраимова мен 75 келідегі Арайлым Бегділданың жеңіс тұғырынан көрінетініне нық сенімді екенін айтады.
Аталған аруларымыздан басқа болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған жастарымыздың бірі –
Алуа Балқыбекова. Жастар арасында екі дүркін әлем чемпионатының қола жүлдегері, бірнеше рет ел чемпионатында алдына жан салмаған Алуа шаршы алаңда өзіндік өнерімен талайды таңдай қақтырып жүр. Қазіргі таңда ересектер сапына ауысқан боксшы 48 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан құрамасының мүшесі. Алғашында кикбоксингпен айналысқан Алуа боксқа 2011 жылы бет бұрыпты. Айта кетерлігі, кикбоксингте жүріп, бокстан жастар арасындағы ел чемпионатына қатысып көрген ол өз салмағында жеңімпаз атанған. Осыдан кейін бар ынта-жігерін түбегейлі боксқа бұрыпты.
– Боксқа өзімді тосыннан келе салдым деп есептемеймін. Өйткені бокс кішкентайымнан ұнайтын. Бірақ кикбоксингпен айналыстым. Сөйтіп жүргенде бокстан ел чемпионатына қатысып, жеңімпаз атандым. Осылайша тұрақты түрде бокспен шұғылдана бастадым. Нәтижесіз болған жоқ. Алғаш 2013 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, қола жүлдеге ие болдым. Қызығы, бұл көрсеткішімді 2014 жылы да қайталап, ел қоржынына қола медаль салдым. Ал 2015 жылы ересектер сапына ауысып, үш дүркін ел чемпионы атандым, – дейді А.Балқыбекова.
Күні кеше ғана Ресейдің Сочи қаласындағы оқу-жаттығу жиынынан оралған боксшы сәуір айында Сербияда өтетін халықаралық жарысқа дайындығын пысықтап келіпті. Онда ресейлік жастармен бірге жаттығып, спарингтер өткізген А.Балқыбекова алдағы жарысқа деген дайындығы жоғары екенін айтады.
Жаттықтырушылар Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы Назерке Серіктің де алдағы бәсекелерде ел мәртебесін биіктетіп, көк туымызды желбірететініне сенімді. Бүгінде Н.Серік 52 келі салмақ дәрежесінде дуы басым додаларда облыстың ғана емес, ел намысын да қорғап жүр. 12 жасынан бері былғары қолғапты жанына серік еткен арудың арманы Олимп шыңын бағындыру екен.
– Шынымды айтсам, әу баста бокс ұнады деп айта алмаймын. Бірақ Ботагөз Берікбосынова есімді құрбым №6 бокстан облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің залына ертіп барған болатын. Сол жерде құрбым екеуміз Ертай Бағылбеков ағайдың қарамағында жаттыға бастадық. Жүйелі жаттығулардан кейінгі жарыстарда топ жара бастаған соң, бокспен тұрақты түрде шұғылдануды қолға алдым. Боскспен айналыса бастаған бес жылдың ішінде ел чемпионатын айтпағанда, Азияны екі рет бағындырдым. Сәтін салса, жастардан ересектер сапына өтіп, әлем және Олимпиада алтынын алғым келеді, – деген Назерке Серік қазіргі таңда тынығуға уақыты жоқ екенін жеткізді. Себебі сәуір айында жастар арасында әлем чемпионаты өтеді екен. Бұл сында жерлесіміз 52 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғамақ. Төрткүл дүние көз тігетін бәсекеде абыройлы өнер көрсету үшін Назерке қазіргі таңда Бурабайда оқу-жаттығу жиынында жүр. Өз кезегімізде біз де Назеркеге сәттілік тілейміз!
Токио төрінде өтетін төртжылдықтың басты бәсекесіне Қазақстан әйелдер командасының еншісінде 75 келіге дейінгі салмақта Надежда Рябец еншілеген жалғыз жолдама ғана бар. Дегенмен келесі Олимпиада ойындарында жамбылдық боксшы қыздардың лицензия алып, Ермахан, Бақтияр ағаларының жеңісті жолын жалғайтыны анық. Себебі қазіргі таңда жамбылдық қаракөздердің шаршы алаңдағы шеберлігі мен қауқары қарымды.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.