Uncategorized

Бұрын-соңды болмаған баскетбол бәсекесі

Written by Aray2005

Жастар жылына орай «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен баскетболдан ҚР Кәсіподақтар федерациясының кубогы сарапқа салынды.

Аталмыш жарыс өткен жылдың қыркүйек айында басталып, оған ірі өндіріс ошақтарынан, жоғары және арнаулы орта білім беретін мекемелерден барлығы 14 команда қатысуда. Олардың ішінде облыс орталығындағы «Оқытушы баскетболшылар клубы», «Қазфосфат» ЖШС, «Dragons» және Шу ауданының «Чy Tigers» баскетбол командалары үздік төрттіктен көрінген еді. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи спорт кешенінде атал­ған командалар арасында шешуші ойындар өтті.
Жарысты Қазақстанның Еңбек Ері, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров сөз сөйлеп ашып, спорттың қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, командаларға сәттілік тіледі. Ол бұл спорттық бәсекенің Жаңа Жамбыл фосфор зауытының директоры Леонид Франгулидидің 70 жасқа толу мерейтойына да арналатынын тілге тиек етті. Мұнан соң облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген сөз тізгіндеп, айтулы шараға Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымовтың өзі қолдау білдіріп, қомақты жүлде тағайындап отырғанын мәлім етті.
Одан кейін тараздық «Dragons» клубы мен Шу ауданынан келген «Чy Tigers» командасы үшінші орынның жүлдесіне таласты. Екі тарап та жеңіс жолында аянып қалған жоқ. Алайда 56:47 есебімен «Dragons» командасы қарсыласын қапы қалдырып, қола жүлдеге қол жеткізді.
Ақтық айналымда «Қазфосфат» ЖШС командасы мен Тараз қаласындағы «Оқытушы баскетболшылар клубы» күш сынасты. Бұлардың бір-біріне лайық қарсылас екені ойын барысында анық байқалды. Үздіктер сан мәрте теңесіп, таразы басы теңселіп тұрды. Дегенмен ойынның соңына қарай «Оқытушы баскетболшылар клубы» 62:51 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің чемпионы атанды. Сондай-ақ ҚР Кәсіподақтар федерациясының кубогы ойынының күміс лигасында облыстық жасөспірімдер және балалар спорт мектебінің командасы жеңімпаз атанса, Тараз қаласындағы №23 орта мектеп ІІ, №2 орта мектеп ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Мұқаш Ескендіров марапаттап, кубок, диплом, қаржылай сыйлықтар тапсырды.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР