Uncategorized

Бюджет қаражаты – халық игілігіне

Written by Aray2005

 

 

Ерболат САДЫРҚҰЛОВ,
Т.Рысқұлов ауданының әкімі

Ауылдың дамуы – елдің дамуы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауының негізінде Әулиеата өңірі өркениет көшіне сай дамудың даңғыл жолына түсті. Соңғы жылдары аймақта тың жобалар жүзеге асырылып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Облыс орталығындағы ілкімді істер аудандарда, сондай-ақ, шалғай ауылдарда да лайықты жалғасын табуда. Қазір ауылдың дамуына мемлекеттік қолдау да жеткілікті.

Т.Рысқұлов ауданында шешімін табуы тиіс мәселелерді жүзеге асыруға мемлекет бюджетінің барлық көздерінен биылғы жылы 20 миллиард 152 миллион 300 мың теңге қарастырылып, аудан бюджеті 2019 жылмен салыстырғанда, 5 миллиард 611 миллион 800 мың теңгеге артты. Бұл бюджет өсімінің 30 пайызға ұлғайғанын көрсетеді. Осының өзі елімізде өңірлерді дамытуға деген үлкен қолдау барын дәлелдейді.
Қомақты қаражат пен мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды қажет ететін білім саласына биыл 12 миллиард 88 миллион теңге бөлінді. Жас ұрпаққа сапалы білім беріп, саналы азамат қалыптастыру жолында білім саласының дамуына бар жағдайды жасап, материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл ауданда ұзақ жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – Қазақ ауылындағы Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебіне мәжіліс залы мен екі пән кабинеті құрылысын жүргізуге 99,5 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.
Білім нысандарын күрделі жөндеу жұмыстары да өзекті мәселе болатын. Ағымдағы жылы ауданда бюджеттен 1 миллиард 953 миллион 500 мың теңге қарастырылып, 8 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектеп пен Көгершін ауылындағы Ақтоған орта мектебі, Қызыл шаруа ауылындағы №3 шағын орталықты орта мектеп, Р.Сәбденов ауылындағы Ақбұлақ, Каменка ауылындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқушылар заманауи үлгіде жаңарған пән кабинеттерінде білім алатын болады.
Биылғы жылдың өзінде бюджеттен қосымша қаржы қарастырылып, жедел түрде жобалық-сметалық құжаттамалар мен тиісті қағаздары реттеліп, Құландағы №1 мектеп-лицейі, Шоқан Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектеп, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептерінің ғимараттарына да күрделі жөндеу жүргізуге мүмкіндік туды. Бұл да соңғы жылдары ұстаздар тарапынан көтеріліп келе жатқан ең өзекті мәселелер еді. Бұл білім ұжымдары мен оқушылардың жайлы ортада оқу-тәрбие үрдісін сапалы деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік беретіні даусыз.
Аудан мектептерінің жылу жүйелері, қазандығының сапалы жұмыс атқаруы да басты назарда. Биыл 4 бастауыш мектептің қазандығын ауыстыруға, 2 мектептің қазандығына пеш орнатуға қаржы бөлінді.
Білім нысандарын ағымдағы жөндеуге 36 жобаға 211,8 миллион теңге бағытталып, оның ішінде қазіргі заман талабына сай мектеп ғимараты ішінен мектеп дәретханасын салу тапсырмасы да өз шешімін табады.
Шалғай жатқан елді мекендерден жақын жердегі мектептерге оқушыларды тасымалдау жұмыстары да ауданда ең өзекті мәселе еді. Өңірде бұған дейін 3 мектепке ғана бюджеттен автокөлік сатып алу жұмысы жүргізілсе, алдағы уақытта бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатын болады. Өзекті мәселені оңтайландыру үшін аудан әкімдігі тарапынан жергілікті бюджет есебінен 2 автобус сатып алуға, оқушыларды тегін тасымалдауға қаржы қарастырылды.
Биыл ауданның мәдениет саласын өркендету үшін барлығы 415,5 миллион теңге бағытталды. Бұл салада да шешімін табуға тиісті, біраз жылдан бері қордаланған мәселелер бар. Атап айтқанда Көкдөнен мәдениет үйіне контейнерлік типті блокты-модульды қазандықты орнатуға қаржы бөлінсе, Құландағы К.Бекебаев атындағы орталық стадион, «Сұлутөр» кинотеатры, Қарақыстақ ауылдық мәдениет үйі, Қарақат ауылдық клубы, М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар мен сараптама қорытындысын жасауға да қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар қажеттіліктен туындаған мәселелері шешуге бағытталды.
Халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру әкімдіктің негізгі жұмыс бағытының бірі. Ауданда құрылыс, оның ішінде тұрғын үй құрылысы – ең өзекті мәселенің бірі. Тіпті бұл көп уақыттан бері қолға алынбаған тың сала десе де болады. Осы мәселе аудан әкімдігінің басты назарына алынып, жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы Құлан ауылындағы «Арай» алқабына 5 қабатты 80 пәтерлі тұрғын үй құрылысын бастауға қаржы қарастырылды. Құрылыс келесі жылы да жалғасын табады. Бұл қаншама отбасының үй проблемасын шешуге септігін тигізеді.
Ауданда жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстары үшін бірнеше жобалардың жобалық-сметалары мен сараптама қорытындысын жасауға да қаржы бөлінді. Құлан ауылына спорт кешенінің құрылысын салу, Ю.Гагарин атындағы орта мектепке спорт зал құрылысын салу, Құлан ауылы «Арай» тұрғын алқабындағы тұрғын үй кешеніне қазандық құрылысын салу, Луговой ауылында дене шынықтыру мен демалыс орталығын салу, Луговой ауылының бас жоспарына І және ІІ кезеңдегі тұрғын алқаптары электр желілерінің құрылысын салу, Абай ауылындағы Жастар, Самал көшелеріне электр желісін орнату, Жаңатұрмыс, Көгершін ауылдарына 90 орындық мәдениет үйінің құрылысын салу, Құлан ауылының бас жоспарын жасау жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамалары алдағы уақытта әзірленетін болады.
«Жол қадірін жүрген біледі» демекші жол мәселесі аудан тұрғындары үшін әрдайым өзекті. Осы қордаланған мәселені шешу мақсатында биыл жалпы аудан бойынша 91 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтар болсақ, тек аудан орталығы Құлан ауылында ғана 46 көшеге, Луговой ауылында 17 көшеге орташа жөндеу жоспарланса, кірме жол саналатын Құлан-Шөңгер және Р.Сәбденов ауылының батыс және шығыс бағытындағы кіре беріс жолдары жөнделетін болады. Облыстық мәндегі Көгершін-Құлан, Қарақыстақ-Құлан аралығында автокөлік жолдары жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Ауылда тұратын ағайын үшін ең қажетті дүние газ екендігі белгілі. Т.Рысқұлов ауданының аумағында 42 елді мекеннің бүгінгі таңда 24-і газбен толық қамтылған. 2019 жылы Шолаққайыңды, Шөңгер, Бәйтелі, Қорағаты, Д.Қонаев, Әбілхайыр ауылдарын газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бүгінде мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Аудандағы Қарақыстақ, Жаңатұрмыс ауылдық округтерінде бес ауылдың тұрғындары алты жыл бұрын газ кіргізу бойынша жеке кәсіпкермен өзара келісімшартқа тұрған. Алайда бұл жұмыс жеке кәсіпкер тарапынан аяқсыз қалып, соңғы жылдары тұрғындардың наразылығын тудырған үлкен даулы мәселеге айналған еді. Аудандық прокуратурамен бірлесе отырып, бұл бағытта да ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда аталған елді мекендерді газдандыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Оның оң қорытындысы алынып, аудан әкімдігіне қабылданғаннан кейін республикалық немесе облыстық бюджеттен тиісті қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданатын болады. Бұл жұмыс күнделікті бақылауда, алдағы уақытта мәселе өз шешімін табуы тиіс.
Келесі өзекті мәселе ауыз сумен қамту. Бұл ауданда ғана емес, еліміз бойынша шешімін табуға тиіс ауқымды жұмыс екені жасырын емес. Ауданда да таза ауыз суға қатысты мәселелер қордаланған. Қазіргі уақытта шешімін тапқан 8 ауылға су құбыры желілері мен су іркуіш құрылыстарын салу, Құлан ауылындағы орталық суалғыш құрылысын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Тасшолақ ауылында су құбыры желісін салу жұмысы таяуда басталады. Бұл жұмыс та әкімдік тарапынан жүргізілген тынымсыз еңбек пен нәтижелі жұмыстың қорытындысымен сапалы ауыз суға қол жеткізуге мүмкіндік туғанын айта кеткен жөн.
Аудан тұрғындарымен өткен әр кездесу, жиындарда ауылдың инфрақұрылымын жақсарту мәселелері көп сөз болып, орынды мәселелер көтерілген еді. Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудан туған міндеттер маңыздылығын жоғалтпайды. Сондықтан биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендерге 352,6 миллион теңге бағытталып, қаржы қажетті нысандарға бөлінді.
Алдағы уақытта ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі мен сапалы ұйымдастырылуы қоғамдық бақылау тобы мүшелері мен «Т.Рысқұлов-Адалдық алаңы» жобалық офисінің мүшелері тарапынан қоғамдық қадағалауға алынатын болады. Бір сөзбен айтқанда, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуы мен ашықтығы, істің нәтижелі аяқталуы әкімдік тарапынан қатаң бақылауда болады. Міне, алда тұрған мақсат-міндеттер осы, атқарылар жұмыс та жеткілікті. Тіпті бұл атқарылуы тиіс жұмыстардың бір парасы ғана. Себебі мемлекеттің бастау бұлағы, басты қазынасы – халық десек, халыққа жағдай жасау, бюджет қаражатын ел игілігі үшін тиімді пайдалану – біздің басты мақсатымыз. Ол үшін бір-бірімізді жан-жақты қолдап, елдің ауызбіршілігін сақтап, ерінбей еңбек етуіміз керек. Барша аудан жұртшылығының игілігі жолындағы ауқымды істерді атқаруда белсенді болу – азаматтық парыз екенін ұғынып, нәтижелі жұмыс атқару – бүгінгі басты талап. Талап үдесінен шығу – әр қызметкердің абыройлы міндеті.

ПІКІР