Жамбыл жаңалықтары

Бюджетте табыс болмаса, әлеуметтік мәселелер шешілмейді

Written by Aray2005

Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қаржының игерілуі, инвесторлар тарту және шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жан-жақты қаралды.
Алдымен облыстың 2018 жылғы қаңтар-желтоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалу барысы жайында облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады.

– Жамбыл облысын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасында және ҚР Премьер-Министрі мен Жамбыл облысы әкімі арасындағы 2018 жылға арналған түйінді нысаналы индикаторлар меморандумында қарастырылған «Жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі» индикаторының 2018 жылға жоспарлы мәні 103,8 пайызға, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласы бойынша – 102,5, өнеркәсіп – 104,2, құрылыс – 104,6, сауда– 103,7, көлік – 105,3, байланыс – 102,9 пайыз деңгейінде жоспарланған. Жыл қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 103,8 пайыз деңгейінде күтілуде.
Жалпы өңірлік өнім көлемінде 4,1 пайыз өсімге қол жеткізу үшін жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында – 4,2, өнеркәсіпте – 5, құрылыста– 4, сауда саласында – 4,3, көлік саласында – 5,3, байланыста 7,1 пайыз деңгейінде өсім қалыптасу қажет.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, облыс бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2018 жылдың қаңтар-қараша айларында 102,2 пайызды құрады. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2018 жылдың басынан бері 102,2-111,6 пайыз аралығында қалыптасуының негізінде жалпы өңірлік өнім көлемі 103,8 пайыз деңгейінде қалыптасуына негіз болады деп есептеймін,– деген Гүлдана Әлімжанқызы облыс әкімдігінің басқармалары мен аудан және Тараз қаласы әкімдіктерінің мәліметтеріне сәйкес, үстіміздегі жылдың жыл қорытындысы бойынша құрылыс саласынан басқа облыс экономикасының негізгі салаларында жыл басынан қалыптасқан оң динамика сақталады деп күтілетінін жеткізді.
Селекторлық режимде өткен жиында Асқар Исабекұлы бірқатар аудан, басқарма басшыларынан жыл басында бекітілген тиісті межеге жете алмаудың себебін сұрады. Жауапты басшылар жыл соңына дейін барлық көрсеткіштер толығымен орындалатынын айтып, уәделерін берді.
Сонымен қатар жиын барысында шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Аталған мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша жыл ішінде атқарылған жұмыстарды баян етті.
– Өткен жылы 22 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылса, ағымдағы жылы 44 кооператив жұмыс істеп тұр. Оларды несиелендіруге кооперативтердің тиісті құжаттары дайындалуда. Өндірілген өнім бойынша 8 ауыл шаруашылығы кооперативі сүт бағытында жұмыс істеп, 3 мың тонна өндірген болса, бүгінгі күнге 25 кооператив 8,7 мың тонна өнім алды. Ет бойынша өткен жылы 400 тонна болса, биылғы жылы 2900 тонна болып отыр,– деді Берік Болатұлы.
Бұл бағыттағы жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізген аймақ басшысы Асқар Исабекұлы басқарма басшысына нақты тапсырмалар беріп, ұсыныстарын айтты.
– Өндірілген өнімді егесі қайда сатам десе де өзі біледі. Біз оны облыстағы жүктемесі төмен өндіріс көздеріне байламай отырмыз. Ендігі кезекте байлауға қатысты шешім қабылдау керек те, келісімшарттың бәріне өзгеріс енгізу керек. Өндірілген өнімнің бәрі қайда кетіп жатыр? – деді А.Мырзахметов.
Ал Берік Нығмашевтың айтуынша, ет өнімдері қайта өңдеу кәсіпорындарына, ал сүт өнімдерінің 50 пайызы сүт зауытына өткеріліп жатқан көрінеді.
Алайда Асқар Исабекұлы тек 50 пайызын ғана емес, 100 пайыз толығымен өткерілуі керектігін баса айтып, жұмыстарды жандандыру бағытында нақты тапсырмалар берді. Аталған мәселе бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек, облыстық инвесторларға қызмет көрсету, жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Дамир Егізбаев баяндама жасады.
Басқосуды қорытындылаған аймақ басшысы Асқар Мырзахметов әлі де көңіл бөлінуі тиіс мәселелердің көп екенін, келер жылғы жұмыс жоспарын ортаға салды.
– Жылдың аяқталуына санаулы күндер ғана қалды. 2018 жылдың қорытындысын қаңтар айында толығымен қараймыз. Сала-сала бойынша жан-жақты қаралып, баға беріледі. Сіз бен біз облыс экономикасын өркендетуге күш салуымыз қажет. Өйткені табыс болмай, бюджет болмайды. Ал егер бюджетте табыс болмаса, әлеуметтік мәселелердің ешбірі шешімін таппайды.
Жыл басынан бастап уақытты жоғалтпай аудандарға шығамыз. Алдағы уақытта ауданның экономикасына қатысты не істеуіміз керек?! Жұмыс сапары барысында осы мәселеге басымдық беріледі. Әсіресе, аудандардағы кәсіпкерлік саласына шолу жасап, сүзіп шығуымыз керек. Жан-жақты зерделенуі тиіс. Шын мәнісінде аудандағы кәсіпкерлердің жайын білмейміз. Кім немен айналысып жатыр, қандай мәселе туып отырғанын зерделеуіміз керек, – деген облыс басшысы біреуге тапсырма бере салмай, бәріміз жұмылған жұдырық болып жұмыс жасауымыз керектігін айтып өтті.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР