Бюджеттің орындалуы қаншалықты?

0 0

Облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтіп, күн тәртібінде 2019 жылғы облыстық бюджеттің орындалу қорытындысы туралы мәселе қаралды. Оған кеңес төрағасы Сембек Сейдәзімов, кеңес мүшелері және бірқатар басқарма басшылары қатысты. Кеңес отырысында облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева баяндама жасап, былтырғы бюджет қаржысының қайда, қалай жұмсалғанын егжей-тегжейлі айтып берді.

– 2019 жылы облыстық бюджеттің кірістері 292 миллиард 437,2 миллион теңге сомасында немесе 100,7 пайызға қамтамасыз етіліп, бюджетке 2 миллиард 062,1 миллион теңге артық түсті. Өткен жылмен салыстырғанда, кірістер 32,2 пайызға немесе 71 миллиард 158,8 миллион теңгеге артқан, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ жоспардағы салықтық түсімдер 106,6 пайызға, салықтық емес түсімдер 137,7 пайызға, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 100,6 пайызға қамтамасыз етіліпті. Облыстық бюджет шығындары жоспарда 288 миллирад 890 миллион теңге болса, іс жүзінде 100 пайызға орындалыпты. Жалпы, 29 бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің ішінде 27-сі бюджеттік қаражаттарды игеру бойынша 100 пайыздық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Ал функционалдық бағыттар бойынша бюджеттің орындалуында алаңдайтын ешнәрсе жоқ.
Тек қаражаттардың әртүрлі себептерге байланысты 123,3 миллион теңгесі игерілмей қалған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы басқармасы бойынша – 10,3 миллион теңге, білім басқармасы бойынша – 104,3 миллион теңге.
Кеңес мүшелері осы ретте білім саласында игерілмей қалған қомақты қаржыға қынжылыс білдірді. Өйткені еліміздің Ұлттық қорынан бөлінген бұл қаржыға көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары мемлекеттік грант есебінен тегін жоғары білім алуы керек болған. Қаржы басқармасының басшысы Р.Исева:
– Бұл қалдық қаражат мемлекеттік грант иеленуге мүмкіндігі бар үміткерлердің болмауынан қалыптасқан. Бөлінген 460 орынға 139 құжат тапсырылып, 114 түлек грант иегері атанған, оның біреуі құжатын өз еркімен алып кеткен, – десе, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Бекбатырова «Түлектердің таңдаған пәндерінің сәйкес келмеуіне байланысты, көп түлек бұл конкурсқа қатыса алмады», деген жауабын берді. Айтуларынша, аталған қаржыны игерудің ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде Үкіметке бірнеше мәрте ұсыныс бергенімен, одан нәтиже шықпаған. Тек біздің облыс қана емес, өзге облыстар да осындай қомақты қаражаттан айырылып, қайтарып берген екен.
Жалпы, кеңес отырысында бюджеттің игерілуі бойынша сын аз айтылмады. Әсіресе, кеңес мүшелері республикалық трансферттер есебінен қомақты қаражат бөлініп жатқан құрылыс саласындағы сапа мен ауыл шаруашылығы салаларындағы бағаның көпшіліктің көңілінен шықпай жүргеніне мән берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.