БАСТЫ БЕТ

Cабақтастық. Әділдік. Өрлеу

Written by Aray2005

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми түрде кірісті

Татулық пен тұрақтылықты ту етіп, жасампаздыққа ұмтылған Қазақ елі жаңа кезеңге аяқ басты. Бірлігі бекем, тірлігі көркем халқымыз өткен жексенбіде Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына белсенділікпен қатысып, өз таңдауларын жасады. Саяси додада «Nur Otan» партиясының атынан сынға түскен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының 70,96 пайызын иеленіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл тұрғыда кандидаттың «Cабақтастық. Әділдік. Өрлеу» бағдарламасын қолдаған жамбылдықтардың да үлесі қомақты.

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтен бастап «Nur Otan» партиясының мүшелері, ардагерлер кеңестерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мекеме-кәсіпорындар ұжымдары, белсенді жастар легі, жекелеген азаматтар сайлау учаскелерінен табылып, ел болашағы үшін өзіндік үнін қосты. Сонымен қатар облыстық және аумақтық сайлауалды қоғамдық штабтар да саяси науқан барысында уақытпен санаспай жұмыс істеп, жұртшылықты ортақ мүддеге ұйыта білді. Шетелдік және отандық бақылаушылардың жұмыс істеуіне жан-жақты мүмкіндік жасалды. Олар заң шеберінде сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қадағалады. Осындай оңды істердің нәтижесінде сайлау үдерісі, дауыс санау нәтижелері талапқа сай өткізілді.
Ал кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімі өтті.
Мемлекеттік Ту мен Президент байрағы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясы Тәуелсіздік сарайының Үлкен залына әкелінген соң, жаңадан сайланған Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекеттік күзет қызметі бастығының рапортын қабылдап, ішке кірді.
Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа ант берді.
– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік Әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Мемлекет басшысы ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде зор сенім артқаны үшін қазақстандықтардың бәріне алғыс айтып, қазіргі қазақ мемлекеттілігінің негізін қалаушы Қазақстанның Тұңғыш Президенті– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін атап өтті.
– Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті он негізгі бағытты белгілеп берді және олардың бәрін жүзеге асыруға дереу кірісу керектігін айтты. Атап айтқанда, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын жақсарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимылдар жасау, соттық-құқықтық реформа, әділетті әлеуметтік саясат, тұрғын үй мәселесін шешу, өңірлерді дамыту, тепе-теңдік және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау.
Соңында Қазақстан Республикасының Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің жоғарғы Бас қолбасшысы Тәуелсіздік сарайының алдындағы алаңда Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтан рапорт қабылдады. Мемлекет басшысының алдынан ҚР Қарулы Күштерінің әскер түрлері салтанатты сап түзеп өтті.
Ұлықтау рәсіміне Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, Үкімет мүшелері, Жоғарғы сот судьялары, Конституциялық Кеңестің мүшелері, Президент Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, орталық мемлекеттік басқару органдарының басшылары, Орталық сайлау комиссиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, діни конфессия өкілдері, облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, Қазақстандағы дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, президенттікке үміткер болғандар, «Nur Otan» партиясының басшылығы, Республикалық және аймақтық қоғамдық штабтардың мүшелері, қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, іскер топтар өкілдері, көрнекті ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Жалпы, рәсімге барлығы 2 500 адам қатынасты.

ПІКІР