Сұхбат

«Цифрландыру үрдісінде Сингапурдан үйренеріміз көп»

Written by Aray2005

Көзіқарақты оқырман өткен жылдың соңғы күндері Тараз қаласында «Taraz HUB» ақпараттық технологиялар орталығы жұмысын бастағанынан хабардар. Ақпараттық технология саласы мамандарының жаңа буынын даярлау арқылы өңірде ілкімді жобаларға қолдау білдіріп, кәдеге жарататын алаң жамбылдық талапты жастарға мол мүмкіндік бермек.
Таяуда озық ойлы жамбылдық жастарға жан-жақты қолдау білдіру, олардың идеясын іске асыруға жол ашуды мақсат еткен «Taraz HUB» ақпараттық технологиялар орталығының директоры Нұрсұлтан Темірхановпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Нұрсұлтан Талғатұлы, бұл ақпараттық технологиялар орталығы республикада алғашқылардың бірі болып іске қосылды. Соған қарамастан бұл нысан жамбылдық жастардың заманауи идеяларына қолдау білдіретін алаңға айналды. Жалпы орталықты құру туралы ой қайдан пайда болды?
–Ақпараттық технологиялар орталығын ашу, оның жұмысын жандандыру туралы ой Елбасы Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын жүзеге асыру жайы айтылған сәттен бастап келді. Дереу дәл осы идея біріктірген алғыр жастармен команда құрып, іске кірістік. Нәтижесінде Тараз қаласында республика бойынша Астана қаласынан кейін екінші болып ақпараттық технологиялар орталығы пайда болды. Бұл жобаны жүзеге асырудың басы-қасында жүрген жастардың барлығы да ақпараттық технология саласында жоғары білімді танымал шетелдік оқу орындарынан білім алған. Өзім бұл сала бойынша дәл қазір әлем елдеріне үлгі-өнеге көрсетіп отырған Сингапур мемлекетінде білім алып, мол тәжірибе жинақтадым. Қай саланың даму деңгейінен болмасын дүниежүзінің мемлекеттерінен оқ бойы озық тұрған Сингапурдан цифрландыру үрдісінде алатынымыз көп.
Сол себептен де орталық жұмысын ашқан алғашқы күннен ақпараттық технология саласы бойынша білгенімізді қазақ жастарына үйретуді мақсат еттік. Мұнан бөлек озық технологияны халықтың тұрмысына оңтайлы пайдалануға жол ашатын жастардың жобалары дәл осы орталық қабырғасында дүниеге келіп, жүзеге асырылмақ.
– Демек, орталық облыстағы цифр­лан­дыру ісін жүзеге асыратын жетекші құрылымға айналады дегіңіз келеді ғой…
–Дәл солай. Бүгінде мемлекеттік құры­лым­дар алдында қоғам өмірінің барлық саласында цифрландыру міндеті тұр. Сол арқылы таяу болашақта кез келген қазақстан­дық қолындағы ұялы телефонын байланыс құралы емес, әртүрлі мемлекеттік қызмет түрлеріне қол жеткізе алатын көмекші ретін­де пайдалана алу мүмкіндігіне ие болады. Қазірдің өзінде ұялы телефондағы арнайы бағдарлама арқылы такси шақырту қызметі қолжетімді. Алдағы уақытта жұмысқа орналасу, балабақша кезегіне тұру сынды қызмет түрлеріне де электронды режимде қол жеткізе аламыз.
Сондай-ақ бүгінде орталық маман­дарымен облыс әкімдігінің білім басқармасы тарапынан ұсынылатын мемлекеттік қыз­меттің 4 түрі онлайн платформаға орналас­ты­рыл­ды. Демек, ендігі кезекте облыс аума­ғын­да балабақша кезегіне тұру, мектепке тіркеу, арнаулы орта оқу орындарына түсу әрекеттерін үйден шықпай-ақ жасауға болады. Ал биыл облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, құрылыс, мемлекеттік сәулет және қала құрылысы бақылау басқармаларымен ұсынылатын мемлекеттік қызмет түрлерін онлайн режимде қолжетімді ету жоспарда бар. Қазірдің өзінде жер кадастры, «қызыл сызық» бойынша Тараз қаласының электронды картасы дайын тұр. Енді дәл осындай карта бүкіл облыс бойынша жасалмақ. Сол секілді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сында «Ақылды жарықтандыру», полиция департаментімен «Ақылды камера» жүйесі әзірлену үстінде.
– Орталық озық ойлы жастарға қандай көмек көрсете алады?
– Ағымдағы жылы орталық облыстағы барлық аудан әкімдіктерімен меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр. Өз кезегінде бұл құжат аймақтағы ақпараттық технология саласы мамандарының біліктілігін жетіл­ді­ру­ге, сала бойынша стартап-жобаларға қолдау білдіруге жол ашпақ. Сәйкесінше, талапты жастар аудандық әкімдіктің қол­да­уы­мен ақпараттық орталықта білім алады. Сондай-ақ ақпараттық технология бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға ниетті жастарға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы 1 миллион 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар ұсынады. Бұл қаражат олардың өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге ағымдағы жылдың жос­па­ры­на «Хакатон» деп аталатын сайыс ұйым­дас­тыруды енгізіп отырмыз. Компьютерлік бағдарламалау бойынша өткізілетін бұл сайыс­тан үздік шыққандарға да қаржылай қолдау көрсетіледі. Сәйкесінше, байқау жеңімпаздары бұл қаржыны өз жобаларын іске асырудың бастапқы капиталы ретінде пайдалана алады. Мәселен, «Enactus Dulaty» командасының мүшелері бізге көмірді алмастыратын баламалы қуат көзі өндірісі бойынша жоба ұсынды. Қазіргі таңда бұл командаға өз идеясын ары қарай дамыту үшін қосымша қаржы көздерін қажет етіп отыр. Біз бұл орайда қолымыздан келгенше көмектесуге әзірміз. Оларға бизнесті заң шеңберінде жүргізу бойынша заңгерлік кеңестер көрсетіледі.
Бұл – жастардың идеяларын қаржылай қолдау шараларының бір легі. Орталық жастарға заңгерлік, бухгалтерлік кеңестер де ұсынады. Ең әуелі, кәсіпкерлік ашуға ниетті азаматқа заңды тұлға мекенжайы беріледі. Мұнан соң жас кәсіпкер заңды тұлға ретінде тіркелу үшін әділет органдарына барады. Бұл құрылымдар оған тиісті құжаттардың тізімін береді. Алайда көптеген жас кәсіпкерлер осы құжаттарды қалай рәсімдеу, қалай жинау керектігін біле бермейді. Тіпті құжат жинаудың қиындығынан қашып, бизнестен қолын бір сілтеп кетіп те қалып жатады. Ал орталыққа келген жас кәсіпкерлерді осы қиындықтардан шығуға заңгерлер көмектеседі. Жас кәсіпкер коммерциялық ұйымдармен келісімшарт жасасып, табыс таба бастағанда біздің бухгалтерлердің көмегіне жүгіне алады. Олар кәсіпкерлерге салық төлеу, салықтық түсімдер бойынша есеп беруде көмектеседі. Өз кәсібін кеңейтіп, қосымша жұмыс күшін тартқан кәсіпкерлер орталықтың төртінші қабатынан кеңсе орындарын жалға алуына болады.
–Елбасының бастамасымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды. Осы орайда жас өнертапқыштарды қолдау бағытында қандай жоспарларыңыз бар?
– Әрине, жастарға қолдау білдіру, олардың мүмкіндіктеріне жол ашу қашанда орта­лық жұмысының негізгі бағыты саналады. Міне, орталық ресми жұмысын бастағалы екі жұмадан аса уақыт өтті. Ә дегеннен біз жас­тар­дың ақпараттық технология сала­сын­дағы білім-білігін жетілдіруді жолға қоюдан бастадық. Одан кейінгі кезекте озық идея­лар­ды сұрыптап, шын мәнінде іске асыру мүм­кіндігі зор, сөзсіз нәтиже ала келетін жобаларды қолға аламыз.
– Жамбылдық жастардың ақ­парат­тық технология саласындағы ізденісіне қандай баға бересіз?
–Жамбылдық жастардың ақпараттық технология саласына қызығушылығы жоғары екенін аңғардық. Жастардан бөлек, үлкен кісілер де ерекше ықылас танытып жатыр. Қазір орталықта робототехника, 3D-модель­деу, web-бағдарламалау бойынша арнайы ақылы курстар жүргізілуде. Орталық ашыл­ған­нан бергі аралықта осы курстарға 33 оқушы тіркеліп үлгерді. Ақысын төлеуге шамасы келмейтін, бірақ оқуға, ақпараттық технология саласында білімін жетілдіруге ниеттілердің арнайы тізімі дайындалып, облыс әкімдігінің білім басқармасына жолданып отырады. Робототехника бойынша арнайы әдістемелік құрал дайындалды. Ол кітап Білім және ғылым министрлігіне тіркелді. Біздің орталықта дәріс оқуға дәл осы сала бойынша республикадағы ең үздік мамандар шақыртылды. Облыстық білім басқармасымен жасалған меморандумға сай өңірдегі барлық информатика пәнінің мұғалімдері біліктілігін жетілдіруден өтеді. Информатика пәні мұғалімдерінің біліктілігін жетілдіру курсы ағымдағы жылдың ақпан айында басталады. Бір жыл ішінде бұл курстан облыс мектептерінде информатика пәнінен сабақ беретін 772 мұғалім толығымен өтеді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат Күзекбаев

ПІКІР