РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ Рухани жаңғыру

Цифрландыру – серпінді даму өзегі

Written by Aray2005

Жуырда Талас ауданының мемлекеттік архивінде «Ашық есік күні» шарасы кең көлемде ұйымдастырылды. «Электрондық үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызмет көрсетіп отырған Талас ауданы әкімдігі бөлімдерінің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері мен мамандары қатысты.

Шараны архив басшысы Алмас Мұхтаров ашып, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы бойынша мекемеде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өз сөзінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы «Тарихи сананы жаңғырту» бағыты мәдениет саласына жаңа міндеттер жүктеп, алдағы белестерді айқындап бергенін, осының айғағы – бүгінгі таңда архив саласы мемлекеттік сақтаудағы барлық құжаттардың сандық көшірмесін жасап, «электронды архив» жасақтап жатқанын жеткізді.
Келесі кезекте Талас ауданының мемлекеттік архивінің архившісі Зағиша Шекербек архивте көрсетілетін мемлекеттік қызметке байланысты негізге алынып отырған Қазақстан Республикасының Заңдарына шолу жасап, өзгерістермен таныстырды. Осы орайда ол жиналған мамандарды мемлекеттік қызметтің мәртебелі міндет екенін естен шығармауға, жаңалықтан шет қалмай «Электрондық үкімет» порталы арқылы жұмыс жүргізуге, үйренуге, сабақ алуға шақырды.
Ал архивші Абзал Жауишев бір жылда орындалған қызметтің санына, сапасына, электрондық жүйенің тиімділігіне қатысты толық мәлімет берді. «ХҚКО» департаменті Талас аудандық бөлімінің кеңесшілері Ә.Шымырбай мен Қ.Бейсебаев «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш беру, түрлі салалардан архивтік анықтаманы орталықтан-ақ алудың жолдарын толық түсіндірді. Шара барысында өзге де мамандар сөз алып, тәжірибелерімен бөлісті.
«Ашық есік күнін» архив басшысы Алмас Маратбекұлы қорытындылап, мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, қатысушылардың жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мерей Амангелді,
Талас ауданы

ПІКІР