Сараптама

Цифрлық технология – тиімділік тетігі

Цифрлық қоғам құрудың маңыздылығы айрықша екені айтпаса да түсінікті. Өйткені, әлемдегі өркениетті елдердің барлығының қол жеткізген жетістігі – олардың сандық жүйеге көшуінің нақты жемісі. Сол себепті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданғанын атап өтіп, ол бойынша бірқатар маңызды міндеттер жүктеген болатын.

Бүгінде бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Жамбыл облысының инвесторларға және кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» мекемесінің базасында өңірлік цифрландыру кеңсесі құрылғаны белгілі. Облыс әкімі аппаратының индустрияны дамыту және инвестиция бөлімінің басшысы Айбек Тасеменовтің айтуынша, қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру мен ұлттық экономиканы цифрландыруға бағытталған бағдарлама аясында өңірде жүйелі жобалар мен байыпты бастамалар қолға алыныпты.

– Бүгінде аталған кешенді бағдарлама аясында өңірімізді цифрландыру үшін 4 негізгі бағыт нақтыланды. Мәселен, бірінші бағыт – экономика салаларын цифрландыру. Ол бойынша 4 жоба мен 5 бастама жүзеге асырылады. Екінші бағыт, яғни цифрлық мемлекетке көшу бойынша 3 жоба, 12 бастама жоспарлануда. Адами капиталды дамыту бойынша 2 жоба мен 2 бастама, ал инновациялық экожүйені құру бойынша 1 жоба және 2 бастама, барлығы 10 жоба мен 21 бастама арнайы әзірленген жол картасы арқылы жүзеге асырылатын болады. Ондағы басты мақсат – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, халықтың әл-ауқатын көтеру. Нақты айтқанда, барлық салада білім мен ақпараттың рөліне басымдық беріп, цифрлық технологияны қолданысқа енгізу арқылы өркениеттің қазіргі заманғы даму деңгейін бағындыру, – дейді Айбек Жаханбайұлы.

Осы орайда, цифрлық технологияларды енгізудің жай-күйі туралы облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбековадан да сұрап көрдік. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, отандық химия өндірісінің көшбасшысы «Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңғырту жоспарында жаңа технологияларды енгізу, сонымен қатар күрделі жөндеу және қайта құру кезінде жұмыс істеп тұрған құрылғыларды жаңғырту қарастырылыпты. Нақты айтқанда, 2020 жылға дейінгі жоспардың іске асырылу кезеңінде құны 29 миллиард 415 миллион теңгені құрайтын 11 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның 1 миллиард 201 миллион теңгесі технологиялық процесті автоматтық жүйеде басқаруға арналыпты. Қазіргі таңда кәсіпорында жаңа технологияларды енгізуге 458 миллион 52 мың теңге жұмсалып, HP, GPS жүйесі, Cisco, Oracle, Omnicon, SAP жүйесі сияқты IT-индустриясының әлемдік көшбасшыларының технологиялары қолданылуда. 2017-2018 жылы жаңғыртуға, яғни автоматтандыруға және компьютерлендіруге 12 миллиард 8 миллион теңге жұмсалмақ.

– «АлтынАлмас» акционерлік қоғамы «Цифрлық кеніш» атты жобаны жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – цифрлық инновацияның көмегімен өнімділік пен кірісті арттыру және шығындарды 15 пайызға дейін азайту. Жобаның құны 15 миллион АҚШ долларын құрайды. Ал, жүзеге асыру мерзімі 2018-2020 жылдар аралығы. Цифрлық кеніш тұжырымдамасы нақты уақыт режимінде жоспарлау, орындау және мониторинг жүргізуді қоса алғанда, өндірістік процестерді басқаруды қамтиды.

Осы тектес «Оргстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Блоктарды жарылыссыз әзірлеу жаңа технологиясы бойынша гипсті, мәрмәр мен гранитті қайта өңдеу, өндіру және жаңғырту» жобасын іске асыруда. Тас массивтерін блоктарға кесу үшін алмаз саптамасы бар құрал-жабдықты қолдана отырып, тас кесу тәсілі енгізіледі. Ол үшін сандық және бағдарламалық басқаруы бар блоктарды өңдейтін автоматтандырылған станоктар және су мен қожды (шлак) қалдықсыз тазалайтын толық автоматтандырылған италиялық технологиялық құрал-жабдық алынды. Сонымен қатар, «Үшбұлақ» кен орнында мәрмәр өндіруде «LeicaTS06» қондырғысы пайдаланылуда. Аталған қондырғы топырақ көлемін және тас массасын өлшеу бойынша маркшейдерлік жұмыстар жүргізу және сандық моделдеу үшін пайдаланылады. Бұл серия «LEICA Geosystems» компаниясының мамандарымен орта дәлдік сыныптағы геодезиялық жұмыстарды жүргізу үшін әзірленген. Облыс аумағында бұдан өзге де кәсіпорындарды цифрландыру үрдісі жалғасын табады, – дейді Қарлығаш Әмірқызы.

Цифрлық мемлекетке көшу бойынша жоғарыда аталған жобалар аясында қолға алынған бастамалардың бірі – Тараз қаласының орта мектептеріне сымсыз интернет желісін (WI-FI) орнату. Облыстық білім басқармасының бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының басшысы Сағадат Бесінбаевтың айтуынша, жалпы орта білім беретін облыстағы 450 мектептің барлығында интернет қолжетімді. Осы жылы интернет жылдамдығын жоғарылатуға техникалық мүмкіндігі бар мектептерді секундына 4 мегабит жылдамдықтан жоғары интернет желісімен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 229 миллион 278 мың теңге бөлу жоспарланған көрінеді. Бұдан бөлек, ақпараттық және білім беру ресурстарына тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 213 мектепке электронды оқыту жүйесі енгізіліп, 3 колледж, 73 мектеп e-learning жүйесімен, 150-і «Күнделік» жүйесімен жұмыс істесе, 10 мектеп 2 жүйеге бірдей қосылыпты. 449 мектептің жұмысы «BilimLand» білім беру платформасына негізделген. Биыл 450 мектепті, оның ішінде 431 мектеп онлайн, 19 мектеп офлайн тәсілінде ақпараттық және білім беру ресурстарына тең қолжетімділікпен қамтамасыз етілмек.

Адами капиталды дамыту бойынша қолға алынған бастамалардың ішінде денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің ақпараттық және компьютерлік сауаттылығын арттыру көзделген. Осы орайда, біз Жамбыл аудандық орталық ауруханасында ақпараттандыру мәселесінің қаншалықты деңгейде жүргізіліп жатқанына назар аудардық.

– Былтыр аудандық орталық емханада электрондық айналым басталып, «logitex» «Электрондық кезек» жүйесі енгізілді. Келесі кезекте аталған жүйені ауылдық емханаларға енгізу жоспарланып отыр. Жалпы, әрбір келуші сапаны бағалау модулін пайдаланып, қызметкерлердің жұмысына баға бере алады. Өткен жылдың желтоқсан айында аудандық ауруханада Денсаулық сақтау министрлігінің «МИС» жүйесі енгізілді. Қабылдау бөлімінде дәрігерді шұғыл шақыру үшін «SOS» жүйесі де қолданыста. Осы жылы «Вакцинация тізімі» жүйесін енгізу көзделуде. Мұнда интернетке қосылу қолжетімді. Десе де, аудандағы 35 медициналық мекемелердің 8-інде интернет байланысы жоқ. Әйтсе де, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы келісімшартқа сәйкес бір жыл ішінде бұл мәселені шешетін болды, – дейді аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Сұлтанова.

Инновациялық экожүйені құру бойынша колледж студенттері мен колледждер арасында «Жас кәсіпкер» байқауын өткізу, бірлескен жұмыс орталықтарын құру мәселелері іске асырылу үстінде. Бұдан өзге «Ақылды қала» тұжырымдамасы шеңберінде «Қауіпсіз қала», «Ақылды бағдаршам» іспетті игі істер алдағы уақытта көрініс тауып жатса – бұл сөз жоқ «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жемісі.
Жалпы, біздің еліміз үшін цифрлық жүйеге көшу таңсық емес. Себебі, бүгінде өзіміз үйде отырып-ақ қызметін тұтынып отырған электрондық үкімет, еңбекақыны банкомат арқылы алу, ақша аудару, түрлі төлемдерді төлеу, ұшаққа, пойызға билет алу үшін үйден тапсырыс беру секілді көптеген көзтаныс қызмет түрлерінің өмірімізбен біте қайнасып кетуі елімізде цифрлық жүйенің әлдеқашан басталып кеткенін көрсетеді. Ендігі кезекте жаңа бағдарлама аясында заманауи игіліктерге қол жеткізе білгеніміз абзал. Өйткені, цифрландыру процесінің негізгі өзегі уақыт үнемдеу мен тиімділікті арттырумен тығыз сабақбасып жатыр.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР