Сараптама

Cоғым бағасы «жалынан сипатпай» тұр

Written by Aray2005

Жылқы етін жемесе көңілі жай таппайтын қазақ кәрі құда қыстың хабары сезілген сәттен пышағын қайрап, соғым сою науқанын тағатсыздана күтеді. Ту биесін тулатып, құрық тимеген қысырағын жықпаса да әркім шама-шарқының жеткенінше қыстан қызылсыз өтпеудің қамын жасап бағады. Өйткені ықылым замандардан алдынан табақ-табақ еті үзілмей, қазы мен қартасын қарпып жеп, мұрты майланып жүрген қазекем соғым сою дәстүріне сергек қарайды.
Алайда бүгінгі нарық заманында осы бір берекелі соғым сою науқаны талайға уайым болып жүргені жасырын емес. Бұрынырақта, әсіресе ауыл тұрғындары соғым сою науқанына ала жаздан қамдана бастайтын. Таңдаған малын бордақылауға кіргізіп, желтоқсанға дейін бабын келтіруге тырысатын. Қыс келісімен соғым союдың сарсаңына түсіп, арқа-жарқа болып жүретін ауылдың қыз-қыз қайнаған тіршілігі әлі де көз алдымызда. Сол күннен ауылда қыс ұзаққа таусылмайтын және бір мейрам басталады. Соғымның сыбағасынан ауыз тиіп, үлкендер жағы бір-бірімен көрісіп, қауқылдасып қалатын бұл бейресми мереке көктемге дейін жалғасады.
Шыны керек, қазір қаланы былай қойғанда, ауыл-аймақтың өзінде соғымды сатып алуды жөн көретіндердің қатары көбейген. Себебі таңның атысы, күннің батысы жұмыс істейтін отбасылар азын-аулақ тұяқ болмаса, көп мал ұстай бермейді. Ал қолдарындағы бірер қарадан соғым шықпайтын болған соң, ең оңай жолы сатып алғанды дұрыс көреді. Сондай-ақ тұтас соғымды сатып алуға жағдайы келмей, жіліктеп алатындар да кездеседі. Ауылдарда бұрынғыдай әрбір үй бір қараны жықпағанымен, соғымның етінсіз ешкім отырмайды. Жарты аяқтан алып болса да, қысты қызылсыз өткізбейді.
Осы ретте, соғым сою науқаны қызып тұрған шақта бағаның мән-жайын білмек ниетте ең әуелі «Ауыл-Береке» базарына жол тарттық. Алдымен ет корпусында сабылып жүрген қала тұрғындарының пікірін білмек оймен көкейіміздегі сауалымызды қойып, сөзге тартып көрдік. Алған жауабымыз ала-құла. Бірі «ауылдағы туыстарымыздан аламыз» десе, енді бірі – жем-шөптің бағасы аспандап тұрғанда соғым байлап, ысырап болғанша базардан келілеп сатып алған тиімдірек екенін айтады. Ал енді біреулері «әрине, бірнеше айдан бері байлап отырған соғымымыз бар, жарты етін сатып, жарты етін өзіміз алатын боламыз» деп өз ойларымен бөлісті.
Ал базардағы саудагерлердің сөзіне сүйенетін болсақ, өңіріміздегі ет өнімдерінің бағасы өзге облыстарға қарағанда әлдеқайда төмен. Оған себеп, бүгінде өңірімізде мал бордақылаумен айналысатын шаруалардың қатары артқан. Мәселен, жылқы етінің келісі бізде 1 600-1 800 теңге аралығында болса, кейбір облыстарда 2 000 теңгеден асып жығылған. Сондай-ақ 2 000 теңгеге қазының ең жақсысын таңдап жүріп алуға болады. Кезінде соғымға тек қана Қамбар ата төлін соятын болса, қазір сиыр мен қойдың етін де қанағат тұтатындар бар. Оған себеп, бұл түліктердің еті жылқы етіне қарағанда әлдеқайда арзан. Аталған орталық базарда сиыр етінің келісі 1 500-1 600 теңге болса, қой етін 1 400-1 600 теңгеге сатып ала аласыз.
Мал базарда да қыстың алғашқы айы желтоқсан түскелі сауда қызып тұр. Көзбен көргеніміздей, мал базарындағы төрт түліктің бағасын кез келген тұрғынның қалтасы көтере бермейді. Керісінше, мал бордақылап, ырзығын тауып отырған кәсіпкерлердің, базардағы алыпсатарлардың тасы өрге домалап-ақ тұр.
– Қыс айларында мал бағасының шарықтап кетуі жыл сайын қайталанатын жағдай. Себебі дәл осы уақыттарда сұраныс күрт артып кетеді. Одан бөлек жем-шөп бағасы да күзден бастап көтеріліп, бұл да мал бағасына кері әсерін тигізбей қоймайды. Мәселен, бір жылқы бордақыласаңыз кемінде үстінен 50-80 мың теңге аралығында пайда көруіңіз мүмкін. Өйткені жем-шөпке көп шығын кетеді. Ал мал бордақылаудың бейнеті қаншама?! – дейді мал базарда жылқысын саудалап тұрған Дүйсенбек Талапұлы есімді азамат.
Ал өзін Марат Ықыласов деп таныс­тырған азамат бір жылқыны үш отбасы бөліп алатынын, тұтас жылқыны сатып алуға қалта көтермейтінін айтады. Қазір етті, қомданған байтал мен биелер бағасы 300 мың теңгеден басталып, 400 мыңға дейін жетіп жығылса, бір жасқа толмаған жабағының өзін 150 мыңға сатып алуға болады. Әрине, бір қой етіндей ғана ет беретін жабағыны ешкімнің соғымға соймасы бесенеден белгілі. Ал жілік майы толысып, қазысы майланған семіз жылқының құны 400 мың теңгенің көлемінде. Бағасы бір темір көліктің құнына пара-пар жылқының етін сатып алуға көптің қалтасы көтере бермейтіндіктен кейбірі сиыр малын союға мәжбүр. Ал бағасы 150-200 мың теңге аралығындағы Зеңгібаба төлін сатып алушылардың қатары көп. Өйткені бағасы әлдеқайда арзан. Делдалдардың сөзіне сүйенетін болсақ, бүгінде жылқыларға қарағанда сиырлар әлдеқайда өтімді екен. Оған жылқы бағасының шарықтап тұрғандығы себепкер екендігін де жасырмады тұтынушылар.
Байқағанымыздай, соғымның бағасы жылдағыға қарағанда біршама жоғары. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі базардың кейпі «Базарда бәрі бар, пұлың болмаса, әрі бар» дейтінге саяды.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР