COVID-19: Биыл оқу жылы қалай аяқталады?

0 8

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдегендей, Қазақстанда мамырдың соңында жазғы мектептер ашылады. Асхат Қанатұлының сөзіне сүйенсек, онда қашықтан оқыту кезінде оқу үлгерімі нашарлаған оқушылар олқылықтың орнын толтыра алады. Тек үлгерімі төмен оқушылар ғана емес, демалыста да білімін дамытуды ойлағандар жаздың алғашқы айында мектепке бара алады.

ЖАЗҒЫ МЕКТЕПТЕ КІМДЕР ОҚИДЫ?

Бұған дейін болмаған жазғы мектеп облысымызда қалай ұйымдастырылатынын, қазіргі таңда қандай дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын білмек мақсатта облыс әкімдігінің білім басқармасына қайырылып, көптің көкейінде жүрген сұрақтардың жауабын білуге тырыстық.
– Өткен жылдың наурыз айынан бері оқушылар, студенттер қашықтан онлайн форматта оқып келеді. Тек эпидемиологиялық жағдай сәл жақсарған кезде әр сыныпта 15 баладан ғана шектеулі түрде қамтып, кезекші сыныптар ұйымдастырылды. Оқу жылының төртінші тоқсаны басталғанда барлық оқушылардың мектепке келіп оқуына рұқсат берілді. Алайда көп ұзамай эпидемиологиялық жағдай қайтадан онлайн оқытуға мәжбүрледі. Салдарынан оқушылардың оқу үлгерімін төмендетіп алғаны рас. Бұл тек біздің өңірде ғана емес, барлық облыста орын алған жағдай. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл жазғы мектеп ашылады. Яғни жылда 25 мамырда мектептерде соңғы қоңырау соғылатын. Ал биыл ата-ана өз еркімен баласын мектепте оқытамын десе, 26 мамыр – 19 маусым аралығында облыстағы барлық білім мекемелерінде мұғалімдер жұмыс істейді. Онда үлгерімі төмен оқушыларға баса назар аударылады. Мектепке кез келген оқушының ерікті түрде келіп, білімін арттыруға мүмкіндігі бар. Бұл қызмет түрі қосымша қаржыландыруды қажет етпейді, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова.
Ал жазғы демалысқа ұстаздар 19 маусымнан кейін ғана шығады екен. Осы орайда ұстаздарды да сөзге тартып, пікірлеріне құлақ асқан едік.
– Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияда бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етемін. Қазір 2-сыныптың сынып жетекшісімін. Сынып жетекшісі оқушыларының анасы секілді. Әрбір әрекеттеріне алаңдап, болашақтарын ойлап отырамыз. Сондықтан шәкірттеріміздің білім деңгейінің төмендемеуі біз үшін басты орында. Сол себепті де биыл алғаш рет ашылғалы отырған жазғы мектеп ісін өте құптарлық деп білемін. Бала бәрібір бір адам қадағалап қасында отырмаса, ойынға алаңдап кетеді. Ата-аналардың көбі қазір жұмысбасты. Сондықтан 1 айдай ғана болса да күнделікті мектепке келіп, партаға отырып, мұғалімнің алдынан дәріс алғандарының пайдасы зор. Бұл түптеп келгенде, бір ғана баланың емес, еліміздің болашағы үшін керек, – дейді Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Меруерт Далабаева.
Бұл тұрғыда ата-аналардың пікірі екіге жарылды. Біршамасы балаларының карантинде білімнен алыстап кеткенін мойындап, мектепке апаруға асығулы. Енді бірі әлі де індет өршіп тұрғандықтан баласының денсаулығына алаңдайды.
– Балам ауылдағы мектепте оқиды. Сыныбында сегіз-ақ бала бар. Сондықтан болар, карантин, онлайн оқу болған жоқ. Күнделікті мектепке барып, білім алып жүр. Әйткенмен 26 мамырдан бастап жазғы мектеп болатынын естідік. Әрине, «оқытсаңыздар өз еріктеріңізде» деді. Дегенмен бала да шаршайды ғой. Қысқасын айтқанда, баламды жазғы мектепке бергім келмейді, – дейді Айжан Орынбасарқызы.
Қалай десек те баланың білімімен қоса, денсаулығы да маңызды екенін естен шығармаған абзал.

ҰБТ ЭЛЕКТРОНДЫ ТҮРДЕ ӨТЕДІ

Бір жақтан қауіпті вирус, екінші жақтан уақыттың талабы қатар қарбаласқан шақта елдің ертеңгі тұтқасын ұстар жастардың білімі көпті алаңдатып отырғаны рас. Міне, бітіруші сыныптардың емтихан тапсырар уақыты да келді. Әлі баланы онлайн оқыту мен мектептегі дәріске апару ойландырып тұрғанда, жылдар бойғы алған білімін саралайтын сынақты ұйымдастыру да оңайға соқпасы анық. Биылғы оқу жылында облысымызда 238 мыңнан астам оқушы мектепті тәмамдайды екен. Олардың 11 мыңнан астамы 11-сынып түлектері болса, 20 мыңға жуығы 9-сынып оқушылары.
Облыс әкімдігінің білім басқармасының мәлімдеуінше, биыл 9-сынып (10) оқушыларының қорытынды емтихандары 28 мамыр мен 5 маусым аралығында, 11-сынып оқушыларының мемлекеттік қорытынды емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді.
Ал көптеген мұғалімдер мен ата-аналарды, мектеп бітірушілерді толғандыратын мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін тапсырылатын ҰБТ 6 мамырдан басталды. Ұлттық бірыңғай тестілеу 30 маусымға дейін жалғасады. Тестілеу биыл алғаш рет электрондық форматта өтуде.
– Бүгінгі күні 10 ауданның, Тараз қаласының және басқармаға қарасты білім мекемелерінің 869 түлегі тест тапсырды.
Мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі рет тапсыра алады. Егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін, яғни мамыр немесе маусым айларында тағы тапсыруына болады.
Қатысушыларға тапсырмаларды кез келген пәннен бастауына да ерік берілді. Тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге де рұқсат етілді. Сондай-ақ талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестелері қолжетімді болады.
Тестілеудің 60 минутынан кейін оқушыларға көзге арналған және дене жаттығуларын орындау үшін екі минуттық үзіліс, 120 минуттан кейін 15 минуттық үзіліс беріледі.
ҰБТ нәтижелерін тестілеу аяқталғаннан кейін бірден білуге болады. Тестілеу қорытындысы бойынша жиналған ұпай саны экранға шығарылады. ҰБТ қатысушысы қандай сұрақтарға қате жауап бергенін бірден көруге де болады.
ҰБТ нәтижелерімен келіспеген жағдайда талапкер келесі күнді күтпей-ақ апелляцияға өтініш бере алады.
Педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ-ның шекті балы 75-ке дейін ұлғайтылды, – дейді Жәмила Бекбатырова.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін немесе ақылы негізде оқуға түсу үшін педагогикалық ғылымдар саласы бойынша кемінде 75 балл, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина) саласы бойынша кемінде 65 балл, ауыл шаруашылығы және биоресурстар, ветеринария, білім беру салалары бойынша кемінде 60 балл, ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65 балл, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл жинау қажет.
Биыл педагог мамандығын таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны екі есеге артқан. Сынақ тапсыруда да биыл жеңілдіктер жетерлік. Білімін кеңейтіп, ізгі мұратына жетуге талпынған жас талапкерге мүмкіндіктер мол. Тек ынта болса жеткілікті. Біз өз тарапымыздан өмірдің жаңа белесіне мектептен түлеп ұшып, асқақ арманның даңғыл жолына түскелі отырған түлектерге сәтті сапар тілейміз.

Қамар Қарасаева

Leave A Reply

Your email address will not be published.