Диагноз Қоғам

COVID-19: талап пен тәртіп

Written by Aray2005

Коронавирус індетіне қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел көлемінде төтенше жағдай жариялады. Бұл қатерлі кезеңдегі міндеттер мен шектеулер жайлы телеарна арқылы халыққа арнаған үндеуінде кеңінен баян етті. Үкімет Үйінен бастап, жергілікті билік өкілдерінің алдына нақты тапсырмалар мен тиісті шаралар жүктелді. Енді жоспарлы жұмысты жүйелі атқарып, тұрғындар саулығын қамтамасыз ету қажет. Әйтпесе қауіпті дерттің ырыққа көнер түрі жоқ. Соңғы мәлімет бойынша елімізде коронавирус жұқтырған 36 адам қатаң бақылауға алынды.

Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантин режимінде

ҚР Президенті жанындағы төтенше жағдайлар режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия бүгіннен бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында карантин режимін енгізді.
Карантин аталған екі қалада COVID-19 таралуының күрделі жағдайы ескеріліп және өзге шаһарларға індет таралмау үшін қабылданып отыр.
Сағат 00:00-де күшіне енген карантин Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында сақтық шараларын күшейтіп, көлік пен адамдар қозғалысын шектейді. Сондай-ақ ірі сауда орындары мен адам көп шоғырланатын орындар жабылып, азық-түлік нүктелері арнайы режимде жұмыс жасайды.

Мекемелердің 70 пайызы онлайн жұмыс істеуде

Еліміздегі мемлекеттік органдардың және құрылымдық ұйымдардың қызметкерлері қашықтан жұмыс істеуге көшуде. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма берген болатын.
«Төтенше жағдай режимінде қоғамның тіршілігін қамтамасыз ететін, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті бақылайтын мекемелерден, жекелеген БАҚ-тан өзге мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор қызметшілерінің 70%-ін қашықтықтан жұмыс істеуге көшірген жөн. Жеке кәсіпорындарға да осындай шараны қолдану ұсынылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Тwitter парақшасында.
Осы тапсырма негізінде облыстағы мемлекеттік мекемелер мен әкімдікке қарасты ұйымдар онлайн режимге ауысты.

Жалған ақпарат жарға жығады

Коронавирус індетіне қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпарат желдей есіп кеткені жасырын емес. Мұндай қауесеттер Тараз қаласына қатысты да орын алды. Апта басында «WhatsApp» месенджерінде азаматша көне шаһардан коронавирус дерті тіркелгені туралы аудиожазба таратқан болатын. Алайда облыстық полиция департаменті аталған жайтты жоққа шығарды.
Сондай-ақ Жуалы ауданында да коронавирус індеті тіркелді деген дерек те расталмады. Аудан әкімдігі берген мәліметке сүйенсек, елді мекенге Германия мен Италия елдерінен келген екі азамат толықтай тексерістен өткен. Олар 14 күн үй карантині жағдайында оқшауланып, күнделікті медицина қызметкерлерінің бақылауында болған. Алайда, екі азаматтан да коронавирус індетінің белгілері табылмай, карантиннен шығарылған. Жергілікті билік жалған ақпаратқа сенбеуге үндеуде.

Кәсіпкерлердің кредиті кейінге шегеріле ме?

Жеке кәсіпкерлерге Қазақстанда енгізілген төтенше жағдай режиміне байланысты 90 күнге несие бойынша төлемдері кейінге қалдырылады. Бұл жайында еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
«2020 жылдың 16 наурызы мен 15 сәуірі аралығында Қазақстанның барлық аумағында төтенше жағдайдың енгізілуіне және экономиканың белгілі бір салаларына қатысты шектеу шараларын қолдануға байланысты халықтың және шағын, орта кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу бойынша қосымша шаралар қажет», — деді агенттік төрағасы.
Мәдина Әбілқасымова төтенше жағдай енгізілгендіктен жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микрокредиттердің төлемдері кешіктірілген кезде айыппұлдар мен өсімақылар (тұрақсыздық айыбы) есептелмеуі тиіс екенін айтты.

Мерекелік шерулер мен әлемдік додалар өтпейді

Төтенше жағдай кезінде халық көп жиналатын қоғамдық шаралар өтпейді. Бұған дейін Наурыз мерекесі тойланбайтыны белгілі болса, енді Ұлы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери шеру де өтпейтін болды. Аталған тапсырманы Президент коронавирус пандемиясына қарсы күрес мәселесі жөніндегі бірқатар мемлекеттік орган басшыларымен өткізген шұғыл кеңесте берген.
«Мемлекет басшысы елімізде коронавирустың таралуына жол бермеуге байланысты Наурыз мерекесіне арналған қоғамдық шаралармен қатар, елордада Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадты өткізбеу туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар бұған дейін жоспарланған халықаралық форумдарды да кейінге шегеруді тапсырды», – деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұдан бөлек коронавирус індетінің салқыны спорт саласына да тиді. Бұған дейін Италия, Франция, Германия, Испания елдеріндегі футбол чемпионаттары тоқтатылса, кейбір елдің аяқдопшылары жанкүйерсіз доп тепті. Сондай-ақ теннистен бірқатар турнирлер де кейінге қалдырылды. Енді футболдан Чемпиондар және Еуропа лигасы ойындарының өтпей қалуы мүмкін. Егер індет басылмаса, футболдан Еуропа чемпионаты да кейінге қалдырылады. Одан бөлек қазір Токио Олимпиадасын да кейінгі шегеру туралы сөз қозғалып жатыр.

Мешіттерде жұма намазы оқылмайды

Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады.
Аталған мәлімдемеге сай мемлекет тарапынан елде төтенше жағдай жариялануына және індеттің таралу қаупі жоғары болуына байланысты мешіттерде жұма намазы уақытша оқылмайды. Әркім өз үйінде жұма намаздың орнына бесін намазын өтейді.
Екіншіден, мешіттер жабылмайды. Бес уақыт намазға азан шақырылады. Алайда, бес уақыт намаз мешітте жамағатпен оқылмайды.
Үшіншіден, мешіт жанындағы асханаларда өтетін құдайы ас, садақалар (марқұмның жетісі, қырқы, жылы тағы басқа дәстүрлі кәделер) уақытша тоқтатылады.
Төртіншіден, жаназа намазы тек жақын туыстарымен, яғни аз адаммен өткізіледі.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман қауымын сабыр сақтауға, орынсыз үрейленбеуге, халықты дүрліктірмеуге және Алла Тағалаға дұға етуге шақырады.

Коронавирустың емі табылды ма?

Аустралия ғалымдары COVID-19 коронавирусына қарсы ем табылғанын мәлімдеді. Квинсленд университеті клиникалық зерттеу орталығының зерттеушілері сынақтан өткізу барысында бірден екі вакцинаның тиімділігін көрсеткендігін айтады. Оның біріншісі АҚТҚ-мен күресте пайдаланатын дәрілік зат болса, екіншісі безгекке қарсы хлорохин, деп хабарлайды Daily Mail.
Ғалымдар таяуда осы екі препарат арқылы клиникалық сынақ жасалатындығын мәлімдеді. Бұл дәрілік заттар COVID-19 вирусымен күресте тиімділігін көрсеткен әрі бірнеше науқаста нәтижесін берген. ВИЧ препаратымен емделген науқастардың алғашқы толқыны емді жақсы қабылдаған. Ал жаппай зерттеулер наурыз айының аяғына жоспарланып отыр. Ғалымдар жоғарыда аталған препараттардың коронавирусты жеңуде әмбебап болатындығына сенім білдіруде.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР