COVID-19: Заманына қарай амал жасаған

0 47

Әлемді әбігерге салған пандемия шағын және орта кәсіпкерліктің серпінді дамуына тұсау салғаны рас. Жалпы облыстағы 85 195 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің ішінде жұмыс істеп тұрған 69 338 нысанның 174-і мейрамхана екен. Оның 74-і Тараз қаласында, қалғаны аудандарда орналасқан. Осы тойхана иелерінің көпшілігі індет еңбек нарығын өзгеріске ұшыратқанда, амал жоқ, жұмысшыларының санын азайтуға немесе өз бизнесін басқа бағытқа бұруға мәжбүр болды.

Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Орынтаев індет саланы әу баста тығырыққа шындап тірегенін айтады. Сондай-ақ бөлім басшысы кейінірек тойханалардың сақтық шараларын қамтамасыз ете отырып жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгенін, нәтижесінде кәсіпкерлер уақытша қиындықтарды еңсеріп, қалыпты тіршілігіне қайта түскенін жеткізді.
– Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өткен жылдың 27 қазандағы облыс аумағында карантиндік шектеу шаралары туралы қаулысында көрсетілген талаптарды сақтай отырып, ашық ауада және үй-жайда орналасқан қоғамдық тамақтандыру обьектілерінің жұмыс режимі сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін шектелген болатын. Сондай-ақ салтанатты, отбасылық, естелік, ұжымдық және тағы да басқа адамдар көп жиналуы мүмкін іс-шараларға тыйым салына отырып қызмет етуге рұқсат берілген еді. Сонымен қатар орындықтардың арасында кемінде 2 метр қашықтықтың сақталуы, залда 50-ден аспайтын отырғызу орындарының болуы талап етілді. Осыдан кейін біздің басқарма былтыр қараша айында Тараз қаласында орналасқан барлық тойхана иелерімен кездесу өткізді. Аталмыш жиында үшжақты меморандумға қол қойылып, тойханаларды қоғамдық тамақтану орны ретінде пайдалануға болатындығы ескертілді. Соның арқасында облыс аумағындағы тойхана, мейрамхана иелерінің кейбірі жиын-тойға арналған нысан қызметін дүкен, шайхана, балалар ойын алаңын ашу арқылы жалғастырды, – дейді Б.Орынтаев.
Осы орайда Тараз қаласындағы бизнесін басқа бағытқа бұрған бірді-екілі кәсіпкерлермен тілдесіп көрдік. Мәселен, «Аяулым» тойханасы «Дәмді себет» көтерме сауда маркетіне айналса, «Замана» мейрамханасы елге сауда нысаны ретінде есігін айқара ашыпты. Кәсіпкер Меруерт Лештаева өзінің иелігіндегі «Інжу-маржан» мейрамханасын 50 адамнан аспайтын қоғамдық тамақтану орнына, сұлулық салоны мен шағын киім дүкеніне бейімдепті. Мұндағы балалар ойнайтын алаңшалар да нысанның кәсіпкерлік бағыттағы көрсететін қызметінің бір түрі екен. Жұмысшылары қысқармаған.
– Біздің кәсібімізді «Бизнесін басқа бағытқа бұрды» деуге келе қоймас. Жиын-той өткізбесек те, белгіленген адам санын шектей отырып тапсырыс қабылдаудың бұрынғы кәсібімізден еш айырмашылығы жоқ. Мұны «Заманға қарай амалы» деуге болады. Тапсырысты үйге жеткізіп беру, еуропалық тағамдарға жылқының қазы-қарта, жал-жаясын пайдалану, ұлттық нақыштағы тағам түрлерінің санын көбейту секілді болмашы жаңашылдықтар ғана, – деді М.Лештаева.
Бұл кәсіпкерлердің басқа түскен қиындыққа мойымай, тығырықтан дер кезінде шығуға құлшынғандарын көрсетеді. Айрықша айта кетер жайт, күндердің күнінде той бизнесі тоқтап қалса, табыссыз қалуымыз мүмкін деген болжаммен кәсібін пандемияға дейін өзгерткен мейрамхана иелері де бар екен. Бұған Талас ауданы, Қаратау қаласындағы «Анжелика» кафесінің елде індет өрши бастаған тұста өз қызметін мектеп-балабақша ретінде ұсынуы дәлел бола алады. Оның иесі Елизавета Цойдың айтуынша, 150 адамға арналған «Анжелика» кафесі кезінде түрлі жиын-тойлар өткізуде ауданға танымал болған екен. Соңғы жылдары аудан орталығынан сыйымдылығы 300 адамға дейінгі, тіпті қосымша қонақүйімен түрлі мейрамханалар, тойханалар бой көтергендіктен бұл салада бәсекелестік пайда болып, нысанның кафе ретінде әкелетін кірісі азайып кеткен.
– Осыдан екі-үш жыл бұрын-ақ тойханалар есебінен табыс табу түбі саябырситынын іштей сездім. Осыдан кейін нысанды қандай мақсатта пайдалануға болатыны жөнінде алыс-жақын шетелдердің тәжірибесіне көз жүгірттім. Өзіміздің елдегі жағдайды, мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктерді зерделедім. Нәтижесінде кафені балабақшаға айналдыруға болатынына көз жеткіздім. Бірақ бала тәрбиесімен айналысу жауапты жұмыс болғандықтан және бұл істе менің тәжірибем болмағандықтан, осы салада тәжірибесі бар серіктес іздей бастадым. Ақыр соңында нысанды қазіргі әріптестеріме жалға бердім. Бүгінде менің міндетім – аталған мектеп-балабақшаны ас-сумен қамтамасыз ету. Ал негізгі тірлікті құрылтайшы Флюра Малыхина мен оның директоры Гүлназира Есмаханова жүргізіп отыр, – деді Елизавета Алексеевна.
Флюра Ахматовна кімнің құрылтайшы, кімнің директор болатынын өзара мамандықтарына қарай шешкендерін сөз етті. Кафені мектеп-балабақшаға ауыстыру жөніндегі құжаттар 2019 жылдың жазында жасалып, egov.kz порталы арқылы тіркеуге алыныпты. Осы үдеріс барысында барлық санитарлық талаптар ескеріліп, 2019-2020 оқу жылы қарсаңында 4-5 жас аралығындағы 57 бала «Анжелика» мектеп-балабақшасына қабылданған.
– Балаларға мектепке дейінгі тәрбие беруде екі орыс және бір қазақ тобы құрылды. Бүлдіршіндерді қабылдамастан бұрын арнайы дипломы бар, бірақ жұмыс таппай жүрген жергілікті жастарды, тәжірибелі мамандарды әңгімелесу арқылы жұмысқа алдық. 1,2-сыныптар үшін қосымша сабақтар ашылды. Орыс тілі, ағылшын тілі, музыка пәні мұғалімдерінің мәселесі қосымша сағат беру арқылы жақын жердегі орта мектеп ұстаздары есебінен шешіліп отыр.
Бұрнағы жылдың қыркүйегінен өткен жылдың наурызына дейін өз-өзімізді қаржыландырып келгенбіз. Үкімет тарапынан субсидия алу мақсатында конкурсқа қатысып, нәтижесінде былтыр 16 наурыздан бастап мемлекеттен субсидия ала бастадық. Сол уақытта елде індет өршіп тұрған еді. Карантин уақытында тәрбиеші және тәрбиешінің көмекшілеріне 42 500 теңге төлеп отырдық. Ал қарауыл, аула сыпырушы және басқа да техникалық қызметкерлерге толық еңбекақы төленді. Қазір бізде 50 бала бар, бүлдіршіндер үшін мемлекеттен арнайы субсидия беріледі, ал ата-аналар бір бала үшін айына 6 мың теңге төлейді, –
деді Гүлназира Мейрамбекқызы.
Елімізде мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін мекемелерге деген кезекті жекеменшік балабақша есебінен азайту біршама жыл бұрын қолға алынған болатын. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақша ашу үшін құрылыс жұмысына қыруар қаржы кететіні анық. Сондықтан жұртшылық тарапынан тойхана, мейрамхана атаулының қызметіне сұраныс азайған мына заманда өңірдегі аталған бизнес нысандарының иелері ғимараттарын алдағы уақытта да мектеп не балабақшаға айналдырса, бұл ұтымды шешім болар еді.

Нұрым Сырғабаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.