Рухани жаңғыру

Cринагар-Тараз арасы…

Елшілікте
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков пен шығыстанушы ғалым, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі ағамыз бастаған университеттің профессор-оқытушылары мен студенттері Алматыдан үш сағаттың шамасында биік-биік тауларды көктей ұшып, Нью-Дели әуежайынан түскенде, күн бұлттанып тұрған. Үндістандағы Қазақстан Елшілігінің қызметкерлері елпілдей қарсы алды.
Елшіліктің шағын ғимаратында желбіреген Қазақстан туы көзге оттай басылды. Қабылдауда болған Махаң мен Әбсаттар ағамызбен ере шыққан елші Болат Сәрсенбаев әрқайсымызбен жылы амандасып жатты. Бір қарағанда сұстылау, тұйықтау көрінген Болат мырза шын мәнінде әңгімешіл екен. Білімі терең.
Біз үшін де Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати баба қабірінің жөнделу, ақпараттық тақта қойылу сыры ашыла түскендей болды. Ұлт тарихын терең білетін адам ұлтқа қызмет жасайды. Көне Кашмир жерінде қараусыздау, тастары шашылып тозып бара жатқан баба қабірі жанына аяздай батқан секілді. Екі жылдың үстінде Үндістан елшілігімен келіссөз жүргізген. Бұл қабірдің бүтін бір мемлекет үшін маңызын ұғындырған. Бүгінде баба қабірі жөндеуден өтіп, басына ақпараттық тақта орнатылған. Ең бастысы, Үндістан мемлекетінің тіркеуіне енгізіліп, қорғауға алынған.
«Азамат екенсің» дедік іштей. Егер басқа адам болса, бұл баба қабірінің маңызын түсіндіріп, жөндеуден өткізу қажеттігін дәлелдеп, алдымен өзімізге қызылкеңірдек болып айтып жатпас еді-ау. Шетелде Қазақстанның бетке ұстар тұлғасы болып көрінер мұндай жанның ұлтын сүюі, сол жолда аянбай қызмет жасауы қандай жақсы!
Елшінің уәкіл-кеңесшісі Руслан Ахмет те сондай ұлтжанды азамат екен.
«Сөйтіп Мұхаммед Хайдар Дулати бабамызға қызмет жасадық», — деп қояды Болат мырза сөз арасында қалжыңдап.
«Ата-баба аруағы қолдап жүрсін» деп біз де бетімізді сипадық. Бұдан кейін бабалар тарихынан баянды сыр шертетін, Құран аяттары жазылған сұсты да зәулім Құтыб мұнарасына ат басын бұрдық.

Баба рухына тағзым
Биік Пир-Панджал көкмайса жоталарының қоршауында жатқан Сринагардың көне шаһар екені бірден аңғарылады. Көшелері тар, қуыс-қолтық. Адам тығыз. Бізді, ең алдымен, таңқалдырғаны жалтырап жатқан айдын көл болды. Көлдің мына басынан айналып отырып арғы шетіне бір-ақ шықтық. «Даль» көлі деді.
Екінші сүйсіндіргені – Кашмир университетінің өз аймағы болды. Айнала қоршалған кең алап екен. Оқу ғимараттары да, әкімшілік орны да, кітапханалары да, зерттеу орталықтары да, мұражайы да, түрлі басқа нысандары да үлкен бір ауланың ішінде. Кең аллея, биік өскен ағаштар, ара-арасы қашық нысандар – мұнда қарбалас тіршілік жоқ, білім алуға, демалуға ыңғайланған орын тәрізді.
— Мынау шынар, — деді биік ағашты нұсқап Руслан Ахмет. – Күзде жапырақтары қызыл түске боялады.
Алыстан қарағанда-ақ биік ағаш екені байқалған, жанына барғанда діңіне адам құлашы жетпейтініне таң қалдық.
«Мазар-и Салатинге» келіп, Дулати бабаның қайта жөнделген қабірінің басында құран оқылды. Ақпараттық тақтаның ашылу рәсімі болды. Құрбан шалынды. Айнала нөпір халық. Дулатидің кім екенін бірі білсе, бірі білмейтін тәрізді. Ал, біз өзімізді осы өңірде 11 жыл билік құрған, жергілікті халықтың тұрмыс жайын түзеп, көшелі мәдениет әкелген даңқты Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің ұрпағындай сезіндік. Кеудемізді әлдебір мақтаныш сезімі желпінтті. Рухани тазара түскендей бір аура билеп алды.
«Мұхаммед Хайдар Дулати – Қазақстан мен Үндістан арасын байланыстырушы алтын көпір» атты халықаралық ғылыми конференция да өз мәнінде өтті.
«Бұлбұл шаһ», «Хазірет бал» мешіттері өзінің көнелігімен де, қайталанбас сұлулығымен де таңдандырды. «Бұлбұл шаһ» медресесі таза ағаштан салынған болса, «Хазірет балда» Пайғамбардың шашы сақталған дейді. Алыста қатар-қатар бой көтерген биік ағаштардың басы шуылдаған құс дауысы. Табиғаттың оркестрі тоқтаусыз күй тартып жатқандай.

Ясауи
Сринагар аэропортында бізді қарсы алушылардың қатарында жіңішке, сұңғақ бойлы, қалың қара шашы әдемі толқынданған, жұқа бидай өңді, көзілдірікті, өз ортасынан тыс еуропалық үлгіде жарасымды киінген жігіт қарсы алды.
Арамызда «Ясауи» деген сөз тарап кетті. Алғашқыда Қожа Ахмет Ясауидің тікелей ұрпағы екен деп ұғындық. Апырай, даналығымен күллі мұсылман әлемін бас идірген, имандылықты уағыздаған атақты «Даналық кітабы» туындысының авторының ұрпағы болғаны ма? Белгілі филолог Жармұхамедов аударған «Даналық кітабындағы» басына сәлде ораған Қожа Ахмет Ясауидің суреті ойыма түсе кеткені. Ұқсайтын да тәрізді.
— Ясауидің ұрпағы дей ме? – деп сұрайды қасымдағы Беккелді Ақшалов.
— Қайдам? – деймін иығымды көтеріп.
Өзінен сұрағанда, нақты Ясауидің ұрпағымын деп айта алмады. Бірақ, Үндістандағы Ясауишілдер қоғамының төрағасы екен. Атасы да осы қоғамның басшысы болыпты. Атасынан немересіне ауысқан.
Афан Ясауидің бір арманы Қазақстанға келіп Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің мавзолейін көзбен көру екен. Өткен жылдары Шымкенттен шақырту болғанда, виза уақыты жақын болып үлгере алмапты. Бізге де университеттің 60 жылдығына орай болатын ғылыми конференцияға ертерек шақырту жіберуін өтінді.
Ол бізге ықыластана жүріп қызмет жасады. Сринагардан әуежайға қайтар жолда Даль көлінің жағасына аялдап, қайыққа мінгізіп серуендетті. Сринагарға келгенде, алдымыздан жарқ етіп шығып, қарсы алған ақ айдын ғой бұл! Бір кездері көлдің жағасында Дулати бабамыз да тұрған шығар-ау қалың ойға шомып. Сонда ол, бәлкім, алыстағы елін, өткен күндерін сағынған болар…
Аумағы үлкен көлдің терең жері 14 метрге дейін барады екен. Әбсаттар ағамыз:
– Көлді жазда көрсең, тіпті керемет, — деді.
Лотос гүлі көлдің бетін жауып тұрады екен.

Күй күмбірі
Әуежайда ұшаққа тіркеуден өткен соң да, біраз уақытымыз болды. Сринагар әуежайында да Дели әуежайы секілді адамдар баршылық. Осы кезде Айгүл Кабиева жетекшілік ететін «Мәдениет және өнер» кафедрасының студенттері Қуат Рахманбердиев, Айша Бошкулова, Замир Әуелбеков қосыла шырқап, қазақ халқының әнін, күйін орындай бастады. Үшеуі де дарынды. Жастың аты-жас. Әсіресе, ерке қылықты, ашық Замир өлең айтпаса, іші жарылып кетердей-ақ. Үнділіктер жиналып қалды. Қуат тартқан домбырадағы күйдің күмбіріне, екпініне таңырқай қарайды. Телефондарына түсіріп жатыр. «Шу шығардың, тәртіп бұздың» деп ескерту жасай ма деген полицей де үнсіз тыңдап тұрып, өз жөнімен кетті.
Сринагар әуежайының аспанын қазақтың әні, күмбірлеген күйі кернеп тұрды. Осылайша біз қазыналы құпиясы мол, тарихы терең, сәулетті сұлулығына сөз жетпейтін Тәж-Махалға бағыт алдық.

Мансура Хайдар
Алыс Үндістанда ата-бабамыз Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттейтін Мансура Хайдардай ғалымның болуы қандай құрмет! Ұлы ғалымға, жазушыға қатысты Үнді елінің архивтерінің сыры ашылса, осы ғалым арқылы ғана танылар. Оның үстіне шетел ғалымдарының артықшылығы ағылшын тілін еркін біледі. Сондықтан да, олардың құлаштары кең. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың үш тұғырлы тіл саясатының маңызын осындайда ұғына түскендей екенсің. Ғылыммен айналысатын жастың ағылшын тілін білуі шарт болуы қажет екен.
Дулатитанушы Мансура Хайдар мен дулатитанушы Ә.Дербісәлі арасындағы ғылыми байланыс, адами құрмет кісі қызыққандай. Оның Дулатиға қатысты толықтырылған еңбегінің дайын болуы бізге қымбат қазына, дулатитанудың жаңа парағы ашылады деп үміт етеміз.
90 жастағы қарт кейуанамен біз «Умаро» қонақ жайының шыға берісінде кездестік. Алдында ғана Махметғали Нұрғалиұлымен, Әбсаттар аға Дербісәлімен кездесіп, әңгімелесіп шыққан беті екен. Қасында баласы. Томашадай, кішкентай ғана қарт кісі, ал бізге ол Дулати бабамызға қызмет жасауымен соншалықты құрметті, ыстық көрінді.
* * *
Сринагар сапарынан көңілге түйгеніміз мол. Бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ең үлкен байлық – баба зиратының басына барғанда, іштей рухани жаңарады екенсің. Көңіліңді мақтаныш сезімі билейді. Сол баба атын иемденген Тараз университетіне құрметің арта түседі. Сринагар-Тараз арасының байланысы үзілмесе екен деп тілейсің.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
«Дулатитану» ғылыми-зерттеу орталығының
директоры

ПІКІР