Sport

Дүбірлі додада дес бермедік

Written by Aray2005

Марқай, қазақ! «Тараз-Арена» спорт кешенінде түндігі түрілген мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған еркін күрестен халықаралық турнирде саңлақтарымыз дес бермеді. Белоруссия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан сынды елдердің балуандары бақ сынаған байрақты бәсекеде жампоздарымыз жасындай жарқылдап, жеке-дара көш бастады. Он салмақта сынға түскен отандастарымыз қарсыластарын алып та, шалып та жығып, мерейімізді үстем етті.

Жарыстың ашылуында сөз алған облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков Д.Қонаевтың өнегелі өмір жолына тоқтала келе, алыс-жақын шет мемлекеттерден келген сайдың тасындай іріктелген балуандарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, жарыс демеушілерінің бірі «Altais Group» ЖШС президенті Әлімбек Жұмабаев мұндай айтулы аламандарға әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендіктерін айтты.
Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсті. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткендер ақтық айналымда «жан алысып, жан беріскен» айқастар көрсетті. Ең алдымен 57 келінің алтынын сарапқа салған Белоруссия мемлекетінің балуаны Д.Рымчинов пен ресейлік Ж. Дамдинов арасындағы жекпе-жек басталмай жатып-ақ аяқталды. Себебі, беларусь балуаны жарақатына байланысты белдесуден бас тартып, бас жүлде ресейліктердің еншісіне жазылды.
Қазақстандық спортшылардың жұлдызы 61 келі салмақта жанды. Расул Қалиев айқын басымдықпен Ресей балуаны Н.Александровты жеңіп, алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ, қола жүлде жолында отандасымыз Қайрат Әміртаев 3:1 есебімен өзбекстандық балуан И.Хаджымуратовты тізе бүктіріп, қуанышымызды еселей түсті. Ал, 65 келі салмақта ақтық айналымға қос отандасымыз Мейіржан Әшіров пен Ілияс Жұмай шығып, алтын мен күмісті өзара бөлісіп алды. Алтын медальді Ілияс кеудесінде жарқыратса, Мейіржан күміспен күптелді. Сондай-ақ бұл салмақта қола жүлде де қоржынымызда қалып, Т.Айтқұлов белорустық Н.Скрябинге еш мүмкіндік бермеді. Еркін күресте екі бірдей қола жүлде сарапқа салынатынын еске салсақ, 65 келіде тағы бір үшінші сұрыпты медальді отандасымыз Д.Ниязбеков еншіледі.
Белдесудің жеңіс пен жеңілістен тұратындығы бесенеден белгілі. 70 келіде ел намысын қорғаған Н. Қайпанов өкінішке қарай ресейлік И. Ефримовке 2:7 есебімен жол беріп қойды. Десе де, қола жүлде жолындағы тартыста ел балуаны С. Бейісов қарсыласына қарымын көрсетіп, бұл салмақта ұлттық құраманы жүлдесіз қалдырмады.
Ал, 74 келіде ресейлік спортшылардың бағы жанып, бірінші және екінші орындарды өзара бөлісіп алды. Бір қоланы ресейлік Г.Устинов иемденсе, екінші қоланы қазақстандық Н.Бекжанов қанжығасына басты. 79 келіде Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Ғ.Өсербаев өзіне артылған үмітті ақтай алмады. Ол ресейлік балуан Т.Акаевқа жол беріп қойды. Қола жүлделер қырғызстандық А.Насиров пен ресейлік С.Хачировке бұйырды.
86 келіде отандасымыз Е.Асадов пен моңғолиялық У.Ордоголдың арасындағы жекпе-жек жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Қиқу мен айқайдан құлақ тұнып, нағыз алыптардың айқасына куә болдық. Дегенмен бұл тартысты кездесуде моңғолиялық балуанның бағы жанып, жеңіс тұғырынан көрінді. Есесіне екі қола жүлдені қазақстандық С. Аббазов пен А.Дәулетбеков еншімізге жазды.
90 келіден жоғары салмақта әлемдік додаларда ел намысын қорғап жүрген М.Ибрагимов осы жолы білгенінен жаңылды. Ол ақтық айналымда ресейлік А.Хаштиннен жеңіліп, күміс жүлдені місе тұтуына тура келді. Бұл салмақта қоржынға қола жүлдені О.Жұмаш балуан салды.
125 келі салмақта қазақстандық қос балуан Б. Жаңабек пен І.Ермұхамед теңдессіз екенін танытып, алтын мен күміс жүлдені бірдей елімізге әкелді. Сондай-ақ бұл салмақта Ю.Батырмырзаевтың бағы жанып, қола жүлдемен қуантты.
Осылайша тартысты өткен турнир қорытындысында 4 алтын, 7 күміс, 9 қола медаль жеңіп алған отандастарымыз командалық есепте көш бастады. Екінші орын ресейлік балуандарға бұйырып, үздік үштікті Белоруссия спортшылары түйіндеді.
Айта кетейік, биылғы додада алтын алған балуандар 4000 АҚШ доллар, күміс медаль иегерлері 2000 доллар және қоланы қанжығасына байлаған жеңімпаздар 500 доллармен марапатталды. Сондай-ақ, бірінші орын иегерлерінің бапкерлері де 500 АҚШ долларымен құрметтелді.
Жарыс соңында бас демеуші «Altais Group» ЖШС көрермендер арасында лоторея ойнатып, билеттер сатылымынан түскен қаржыны жағдайы төмен тараздық 10 отбасыға үлестірді.
Жалпы, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнир биыл да өз биігінен түспеді. Және қатысушылардың жарысқа тыңғылықты дайындықпен келгені де анық көрінді. Осы орайда, Белоруссия құрамасын бастап келген бас бапкер, қазақ жігіті Жұматай Шубаевпен аз-кем тілдескен едік.
– Жұматай Маратұлы, бүгінде Белоруссия мемлекетінің еркін күрестен еңбек сіңірген бапкері екенсіз. Жалпы, аталмыш елде қай жылдан бері тұрып келесіз?
– Мен қазіргі таңда Белоруссия мемлекетінің Гродно қаласында тұрып жатырмын. Қазақстаннан онда қоныс аударғаныма 31 жыл болды. Туған жерім бұрынғы Жезқазған облысы, Жаңарқа ауданы, Жеңіс ауылы.
1987 жылы бапкерім Сергей Сабеев Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Александр Медведевтен шақырту алады. Содан жаттықтырушым мені қосқанда өзімен бірге сегіз балуанды алып кетті. Ол кезде мен 15 жаста болатынмын. Міне, сол уақыттан бастап Гродно қаласындағы спорт-интернатта тәлім алып, спорттық жолым Белоруссия мемлекетінде өтіп келеді.
– Тараз қаласына бұл алғаш келуіңіз бе?
– Иә, алғаш келуім. Киелі Әулиеата жері ұнап жатыр. Көп қалада болдым. Дегенмен, Тараз қаласы ерекше әсер етуде. «Тараз-Арена» спорт сарайы өте кең әрі барлық талапқа сай жабдықталған екен. Шынымды айтайын, мен мұндай кешенді Орта Азия мемлекеттерінің бірде-біреуінен көрген емеспін. Бүгінгі жарыс та өте жоғары деңгейде өтті. Жалпы, Қазақстанда күрес спортының ерекше қарқынмен дамып жатқанына қуанып отырмын. Егер басшыларыңыз шақыратын болса, Қазақстанға, оның ішінде Жамбыл жеріне келіп жұмыс жасауға дайынмын.
– Байқап отырсақ, шәкірттеріңізді мықтап шынықтырған екенсіз. Бүгін үздік үштіктен көрініп отырсыздар. Бұл жетістікке өзіңіздің көңіліңіз толып отыр ма?
– Әрине, «қанағат қарын тойдырады». Бірақ, мен аламанға алып келген үш балуаныма да ерекше сендім. Олар үмітті ақтады да. 97 келіде Гуштин алтын алса, 65 келіде Скеряпин қолаға қол жеткізді. Бір әттеген-ай дейтіні, 57 келіде күш сынасқан Римчиновтың жарақаты болмағанда алтын алып қалар ма едік. Десе де, күміс жүлде де жаман емес. Қысқасы, Белоруссиядан үш балуанмен келдім, үшеуі де нәтиже көрсетті. Бәлкім, он салмақта да спортшыларымызды додаға қосқанда, турнирде топ жарып қалуымыз мүмкін бе еді?..
– Жалпы, екі ел арасындағы күрес спорты деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Турнир басында Қазақстан балуандарымен бірігіп жиі жаттығу жасадық. Сонда байқағаным, бауырларым күресті ерекше сүйеді. Олай болмауы да мүмкін емес. Себебі, қазақ деген қанымызда Қажымұқандай бабалардан қалған қайсарлықтың ізі бар. Одан кейін қазақстандық балуандар жамбасқа атып ұру, іштен шалу сынды әдістерді керемет қолданады. Еш қарсыласынан қаймықпай, сенімді түрде белдеседі.
Менің ойымша, бүгін жеңіс тұғырынан көрінген әрбір қазақ балуаны Олимпиада ойындарына дайын деп есептеймін. Келер жылы Астана қаласында грек-рим және еркін күрестен өтетін Әлем чемпионатында қазақстандық бауырларым бүгінгі деңгейін тағы көрсетеді деп сенемін. Және Астанадағы аламанның ерекшелігі 5 орынға дейін Олимпиада лицензиясын ұтып алуға болады. Осы додада екі ел спортшылары да өз биіктерін дәлелдейді деген үміт зор.
Негізі өздеріңіз байқағандай, мен Белоруссия немесе Қазақстан күресі деп бөлгім келмейді. Жұмысым жат жерде болса да, жүрегім әрдайым Қазақстан деп соғады. Сондықтан маған туған жерден ыстық ештеңе жоқ. Және Қазақстан өзін жаңа спорттық держава екенін бүгінде дәлелдеп қойды.
– Әңгімеңізге рақмет.

Жанар Қанатбек

ПІКІР