Жамбыл жаңалықтары

Д. Алиев: Елді мекендерді ауызсумен қамту жұмыстары жүйелі жүруде

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Талас ауданының әкімі Д. Алиевтің қатысуымен брифинг өтуде. Жиын барысында аудан әкімі аудан елді мекендерінің ауызсумен қамтылу жайы туралы баяндап өтті.

– Мемлекеттік бағдарламалар бойынша аудандағы 23 ауылдық елді мекеннің 13-і немесе 18 793 адам ауыз су жүйесіне қосылған. Сол сияқты Қаратау қаласы ауыз су жүйесіне 100 пайыз қосылған.

Есейхан ауылында су құбыры жүйесінің құрылысына 2018 жылға 302 млн. 201 мың теңге бөлінген. 2019 жылы жұмыстарды аяқтауға 303 млн. 359 мың теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Сметалық құны 620 млн. 857 мың теңге. Аяқталу мерзімі ағымдағы жылдың қазан айында деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Қасқабұлақ ауылындағы су жүйесінің құрылысына 767 млн. 178 мың теңге бөілініп, жұмыстар жүргізілуде. Мердігер  «Fortis» ЖШС-і. Нысан 31.12.2019 жылы пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, Майтөбе ауылын су жүйесінің құрылысына 111 млн. 111 мың теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жоба құны 336 млн. 707 мың теңге.

Қаратау қаласындағы нысандарға ауыз судың сервистік жүйенің қалпына келтіру нысанының құрылыс жұмыстарына аудандық бюджеттен 62 млн. 892 мың теңге бөлініп, жұмыстар аяқталды, – деді аудан әкімі.

Баяндамашының берген мәліметі бойынша, бұдан бөлек Қаратау қаласының су жүйесінде екі проблемалық нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Олар – Көктал су қоймасынан шығатын 32 шақырымды құрайтын су құбыры және «Кирпичный» су қоймасынан «Игілік» кәсіпорнының жылу қазандығына дейін 4,6 шақырымды құрайтын су құбыры. Жалпы жобалардың құны 3 млрд. 420 млн. 19 мың теңгені құрап отыр.

ПІКІР