Экономика

Дағдарысқа қарсы шаралар жан жадыратады

Written by Aray2005

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков баспасөз мәслихатын өткізіп, облыста дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылу барысы жайында кеңінен баяндады.

Бүгінгі таңда өңірде жұмыспен қамтуды және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар қабылданып, бекітілген. Бекболат Серікбекұлының айтуынша, облысымыздың экономикасын, орта және шағын бизнесті қолдау, бүгінгі қалыптасқан жағдайда халықты қолдау бағытында шаралар бірнеше бағытта жүргізілуде екен.
– Бірінші, жұмыссыздықты қысқарту мақсатында қаралған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде жергілікті өнім берушілерді барынша тарта отырып, 61,2 миллиард теңгеге 831 жобаны іске асырғалы отыр.
Қордай ауданында орын алған төтенше жағдай салдарын жоюға республика резервінен қосымша 2 миллиард теңге бөлінді. 498 уақытша жұмыс орны ашылады.
«Ауыл-ел бесігі» жобасымен қаралған 7,4 миллиард теңгеге 26 елді мекенде 109 жоба іске асырылады. 1287 жұмыс орны (уақытша-1233, тұрақты-54) құрылады. 9 жаңа әлеуметтік нысан бой көтеріп, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы артады.
Екінші, барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау бойынша, «Еңбек» бағдарламасына бөлінген 16,8 миллиард теңгеге 33,2 мың адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылады. Облыстағы 289 мыңнан астам адамға 42500 теңге әлеуметтік төлем тағайындалды. 9 433 отбасына (51 462 адам) 1,5 миллиард теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып,
9 130 отбасыға төленді. Кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен 1-6 жастағы 12,2 мың балаға әлеуметтік топтамалар жеткізіліп, таратылды. 6-18 жастағы 19,1 мың балаға 5647 теңгенің азық-түлік-тұрмыстық жиынтық құрамы шоттарына (108,1 миллион теңге) төленді. Төтенше жағдай жариялануына орай 2 АЕК-тен төмен емес мөлшерде 77,1 мың адамға 429,3 миллион теңге төленді, – деген Бекболат Орынбеков Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстағы басым емес бюджет шығыстары 2,5 миллиард теңгеге оңтайландырылғанын атап өтті.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен 1 қазанға дейін 1 674 шағын және орта бизнес субъектілері салықтан және еңбекақы төлеу қорынан алынатын әлеуметтік төлемдерден босатылған. Салықтық ынталандыру нәтижесінде облыс бюджетінің кірісі кемігелі отырғанын айтқан Б.Орынбеков жергілікті бюджет кірісін толықтыруға республикадан 5,6 миллиард теңге қарастырылғанын жеткізді.
Төртінші, бизнесті қолдау бағытындағы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 2 миллиард теңге, шағын және орта бинеске кредиттерді ішінара кепілдендіруге 778,6 миллион теңге, грантқа 171 миллион теңге бөлінген.
Бесінші, ауылшаруашылық саласын қолдау мақсатында 20 миллиард теңгеден аса әртүрлі бағытта субсидиялар қарастырылуда екен. Бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алуға облыстан 220 миллион теңге бөлінген.
Сонымен қатар Бекболат Серікбекұлы брифинг барысында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына тоқталды.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР