«Дала дәрігері»

0 0

Еш құрылғысыз миға ота жасап, елді таңғалдырған Есей тәуіп

«Алла тағала өз пендесінің маңдайына тіршіліктегі көрер нәсібін жазып қояды» деген әфсананы кез келген жан мойындайтыны шындық.Мұқым Аша болысының ат тұяғы жетер жерінің бәріне мәлім болған сарыүйсін руынан шыққан табиғи дарын иесі Есей тәуіп туралы ел аузында жүрген әңгімелер көп.

Көнекөз қариялардың арагідік ол кісі туралы айтқандарын естіп жүрдік. Қазіргі ғылым мен білімнің шарықтаған заманында әлі күнге дейін дауасы табылмай жүрген қатерлі ісік ауруын ол кісі қарапайым жолмен емдеп талай жанның өміріне араша түскені күні бүгінге дейін аңыз болып айтылып келеді. Ұлы Отан соғысы тұсында «құлғана» деген ауру шықты. Адам мүшесінің мойын тұсында пайда болатын іріңді жара. Ондай адамды әскери комиссариат маңына жолатпай «жұқтырасың» деп аулаққа қуатын. Қазіргі жас талғамай өршіп тұрған қан қысымының жоғарылауын арам қан шығару арқылы емдеген. Халық арасына кең тараған бұл әдістің де өзіндік құпиясы болса керек. Есей тәуіптің алдына барған кісілер екінші мәрте қайырылмаған. Құлан таза айығып кетіп отырған. Табиғат тылсымының біз естімеген терең сырларының құпиясын бұл кісі қалай білген? Шала қуырылған бидайдың дәнін екіге жарып ортасын үңгіп оған пышақтың ұшымен өзі жасаған дәрінің ұнтағын салып, түн асырып ұйытқан қой сүтінің қаймағымен орап жұтқызған дәрінің емдік қасиетінің кереметтілігі сол, әне-міне талқаны таусылады деп отырған кісі бір аптаның ішінде өздігінен тамақ ішіп сауығып кеткенін бұрынғы қариялардан талай естідік. Ат арылтып алыстан дертіне дауа іздеп келген жандарды өмір көшіне қайта қосқан. Көкпар тартып жүріп аттан құлап бас сүйегінің опырылып сынып миына батып ес-түссіз есалаң болған жігітті бір апта өткен соң жақын жуықтары Есей тәуіптің алдына әкелген. Ағайын-туыстары ақылдасып: «Нартәуекел қолыңыз жеңіл еді ғой» деп жағдайларын айтып үйінен шықпайды. Аурудың жағдайымен танысқан тәуіп екі күн іздетіп тасбақаның қаңқа сауытын алдырады. Шымырлап қайнаған суға қаңқаны бірнеше сағат қайнатады. Қарулы екі жігітке ауруды тізерлей шөкелетіп басып отырғызып өткір ұстарамен тықырлап шашты қырып алады. Өзіне ғана мәлім дәріні иіскетіп науқасты мас күйге түсіреді. Опырылған бас сүйектің терісін сылып қайырып миға қарай майысып сынған сүйектің жігінен жібек жіп өткізіп сылған теріні қайта жауып әр жерінен алдын ала тесілген қаңқаны басқа, қонымды етіп жонып жапсырады. Шалмалап шығарған жіпті қаңқаның тесігінен өткізіп кері қарай тобылғының шыбығынан жасалған инемен бұрайды. Ширатылған жіпті бұрау әдісімен, майысқан сүйек кейін қарай тартылады. Мөлшерлі жеріне келтіру тәуіптің ісі. Осынау қарапайым әдіс қазіргі хирургияда қолданып жүрген Иллизаров аппаратының алғашқы нұсқасы десе болады.
Адамға Құдай әртүрлі қасиет берсе халық арасынан шыққан ерекше дарын иелерінің сана көңілімен саралап отырып емдеу әдістерін қолдану бір басқа да, өзіндік дәрі-дәрмек жасауының жолы әртүрлі. Санитарлық-гигиеналық тазалықты сақтауы бәріне ортақ қасиет болған. Қызыл мия шөбінің шыбын-шіркейді қуатыны, дермене жусан мен боз жусанның ертіндісі құрт-құмырсқаны құртуы, кендір қурайдың адам ағзасын жансыздандыруы, жалбыз жапырағының ісікті қайтаруы, адыраспанның түтіні улы микроптарды жоятыны, халық медицинасы арқылы күні бүгінге дейін бізге жетіп отыр. Тұрпайылау көрінгенмен атқарар қызметі маңызды қурай сабағынан жасаған жіңішке түтікшені іріңді жараға шаншып соқтасын шығару өз заманында әжептеуір жетістік болған. Айтуға жеңіл болғанымен, қазіргідей микроскопиялық аспаптардың көмегінсіз хирургиялық әдісті асқан ептілікпен жасау дауашылардың кез келгенінің қолынан келе беретін іс емес. Жоғарыда айтылған бір ғана мысалдағы нейрохирургиялық әдісті ми қабығына тигізбей нерв жүйелерінің жасушаларының адам жүйкесіне әсерін көкірек санасымен түйсініп сынған, майысқан сүйекті қалпына келтіру амалы қазіргі медицинада үлкен жаңалық болары сөзсіз.
Есей атамызға Құдай ерекше қасиет дарытқан жан екені даусыз.Жүз жастан асқан Айшакүл апа айтады:
– Атаның бір кереметтілігі науқас қабылдайтын жаппа тамның есігі ашық тұрса да, жаздың күні шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа секілді нәрселердің жым- жылас болып жоламайтынына таңқалушы едік.Өзіне ғана мәлім дәрілік шөптердің тұнбасын шашып төңірегін таза ұстайтын.
Өзім көзім көрген нәрсенің бірі ел арасында әсіресе қазақ келіндерінің босанған кезінде бүгінгідей күтімнің жоқтығынан «шілде тері» шықпай созылмалы ауруға ұшырап жататындары болушы еді. Бірде сәтін салып атаның ем жасауының куәсі болдым.Жанған сексеуілдің қызыл шоғын бірыңғайлап үйіп шамамен үш шелек су сиятын қазанды төңкеріп біраз уақыттан кейін қызуын қолымен байқап отырды да төңкерілген қазанға ірі етіп тоқылған алашаны жауып, бетіне адыраспанға бұқтырылған ақ жайма матаны бірнеше қабаттап жайып, көзі ғана көрінетіндей ғып орамал таққызған науқасты мол тігілген шекпенмен жауып екі жағына екі абысындарын қолдарынан ұстатып отырғызып қойды. Сәлден соң ауырсынған науқастың астындағы жайманы ауыстыртып қайта отырғызды.Бұл емнің қандай түрге жататынын білмеймін. Жаңағы абысындарының қосарланып «ата кірпігі мен мұрнының ұшына дейін тер шықты» деп жатқанын естідім.Кейінірек әлгі келіннің құлантаза айығып кеткенін жұрт айтып жүрді, – дейді Айшакүл әже.
Есей атаның өз еңбегіне ақы сұрамай алғыс қана арқалағанын көрген жанмын. Көбіне, медициналық сауаты болмағандықтан, халық емшілері анатомия, физиология, паталогиядан хабары болмаған дегенді ойланып айтуға тура келеді. Ғасырлар бойы қолданылып келген фитотерапия (шөппен емдеу), сүлік салу (гидротерапия), үзу (мануальды терапия), сынықшылық (травмотерапия) секілді әрқайсысы жеке ғылым болып келетін ілімді біздің аталарымыз қалай меңгерген? Таңданғаннан басқа амал жоқ. Соның ішінде әу бастан халқымыз көшіп-қонып ылғи қозғалыста болған соң сынықшылық қасиеттің дарығаны жабық сынықты, сипалап отырып, қолды аяққа тұрмай безілдеп отырған аурудың жанын тыншытып сол отырған жерінде ұйықтап қалатынын көзіміз көрді. Тумаған әйелдерде болатын «ат киеңкі» ауруын операция жасау жолымен емдегенін көрген кісілердің көзі тірісінің әңгімелерінен де талай жұмбақ сырды аңғарасың. Тарих тереңіне көз салсақ, білім мен медицина ілімі ең бірінші шығыстан бастау алғанын білеміз. Ол дегеніміз тек Қытайды көрсету ғана емес, бізде шығысқа жатамыз. Ал, қазір Қазақстанда еуропалық қалыппен жетілген заманауи технология жетерлік. Алайда солармен жұмыс істей алатын кәсіби мамандар жетіспейді. Неге? Осы сұрақ кез келген көзі ашық адамның санасында бірінші тұратыны белгілі. Алыстан орағытпай осы өзіміздің ауданымыздағы емханаларда көрші Қырғыз Республикасының мамандары келісім-шартпен еңбек етіп жүр. Мені ойландыратын нәрсе қазақ балалары неге осы медицина саласын меңгеруге көп ниет таныта қоймайды. Ықылым заманнан өзімізге дейінгі тарихты бойласаң, медицина ілімінің атасы Ибн Сина да өз бабамыз емес пе? Небір дарындар мен айтулы тұлғалар шыққан қазақ даласының бүгінгі ұрпақтарында бабалар қасиеті жұққан ұландар қазір жоқ деп айтсақ, қателескен болар едік.
Ғылым бәсекесі қызып тұрған заманда біреудің аспабын алдырып, сырттан маман шақырып адам баласының ең қажетті керегі – денсаулық саласына біреудің көзімен қарау ұлтымызға сын. Ұлттық болмысымызды айшықтайтын медицина саласына дарынды ұл-қыздарымыздың өзі сүйген мамандық иесі болуына жәрдем болар жағдайдың бәрін жасау үлкендердің парызы деп ұғынсақ, өзгеге кеткен үлесіміздің қарымын қайтарған болар едік.

Несіпхан Қоңырбаев,
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.