Дала төсінде – қызу еңбек

0 10

Өңірде көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Диқандарға наурызда жауған қалың қар мен соңғы күндердегі нөсер жауын да қолбайлау болар емес. Аймақ шаруалары көктемнің бір күнін жылға азық ету жолында бар күшін салып-ақ жатыр. Соқасын сайлап, техникасын майлап сақадай сай дайын отырған жамбылдық диқандар күндіз-түні тынбай еңбектеніп, биыл көл-көсір өнім алуды көздеп отыр.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 760,8 мың гектарға орналастыру жоспарланып, егістік алқабы өткен жылмен салыстырғанда 26 мың гектарға артқан. Нақтырақ айтқанда, 398,3 мың гектар дәнді және дәнді бұршақты, 60,1 мың гектар майлы, 54,9 мың гектар көкөніс-бақша дақылдары, 11,5 мың гектарға картоп, 229,5 мың гектарға мал азығы дақылдары, сондай-ақ 5 мың гектарға қант қызылшасы егілмек. 2021 жылдың өніміне күздік дақылдар 165,5 мың гектарға орналастырылыпты. Оның ішінде 164 мың гектар күздік бидай, 0,6 мың гектар күздік арпа және 0,9 мың гектарға күздік рапс себілген. Нәтижесінде күздік дақылдардың өсіп-өну көрсеткіші 59 пайызды көрсетіп отыр екен. Сонымен қатар өңделуге жататын 432,5 мың гектар егістік жердің 60,1 мың гектары өңделіп, 13,9 пайызды құраған. Қосымша көктемгі жер жырту жұмыстары 69,5 мың гектарға жоспарланып, бүгінгі күнге нақты 29,5 мың гектар жыртылып қойыпты. Бұдан өзге 28,6 мың гектар жаздық масақты дәнді дақыл себіліп, жоспардың 13,3 пайызы орындалыпты. 2 мың гектар көкөніс отырғызылса, жоспар 39,4 мың гектар екен. Сондай-ақ 34,3 мың гектарға көпжылдық шөп себу жоспарланғанымен, оның 2,7 мың гектарына шөп егіліпті.
– Көктемгі дала жұмыстарына 7,1 мың данадан астам ауыл шаруашылығы техникасы қатысуда. ҚР Үкіметі тарапынан көктемгі дала жұмыстарына облысқа 11,5 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген.

Бүгінгі күнге жоспарланған 5,9 мың тоннаның 5,7 мың тоннасына қаржы аударылып, операторлар тарапынан 4,8 мың тоннасы жеткізіліп, шаруашылықтарға таратылуда. Яғни 201 шаруашылыққа 1 354 тонна дизель отыны 158-160 теңгеден өткерілді.
Сондай-ақ 2021 жылдың өніміне егілетін жаздық дақылдарға қажетті 72,5 мың тонна тұқым толығымен дайын. Оның 8 пайызы жоғары сұрыпты және 62,8 мың тоннасы 3 репродукциядан төмен емес. Облысымыздағы аттестатталған шаруашылықтарда 1 716 тонна сатылатын тұқым бар. Оның ішінде жаздық арпаның «Бәйшешек», «Вакула», «Сымбат», «Арна» сорттарының элиталық, I-II репродук­ция­лары және мақсарының «Ииркас», «Мөлдір» I репродукциялы тұқымы қарастырылған, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов.
Сусыз мол өнім алу әсте мүмкін емес. Сондықтан сала мамандары су тапшылығын шешу мақсатында ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 40 мың гектарға енгізуді жоспарлап отыр. Ал егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 1,035 миллиард теңге бөлініп, оған 30 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ауыл шаруашылығы алқаптарына пайдалану межеленіпті.
– Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру мақсатында облыстық «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының филиалы арқылы «Кең дала» бағдарламасымен қарастырылған 420,5 миллион теңге қаржының бүгінгі күнге 242,6 миллион теңгесіне 36 өтінім түсті. Қазіргі таңда 31 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші субъектілеріне барлығы 226,1 миллион теңге берілді. Айта кетерлігі, бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Облыс бойынша биыл үйірлі және саяқ шегірткелерге қарсы жалпы 67 130 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Қ.Аманов.
Аграрлы аймақ саналатын өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді. Биыл да өңір диқандары алдарына үлкен мақсат қойып, табыс тайқазанын тасытуды көздеп отыр. Ендеше, іске сәт!

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.