"Алтын бесік"

Дала жұмыстары аяқталып келеді

Written by Aray2005

«Сәуір болмай, тәуір болмас» деп бабаларымыз бекерге айтпаған. Қашанда табиғаттың белгілері мен аспан денелерінің қозғалысын мұқият бақылап, егін мен мал шаруашылығына жайлы кезді дөп басып тауып отырған халқымыз сәуірге көп үміт артқан. Наурызда тоң жібіп, жер бусанып мезгіл сәуірге таяғанда Жамбыл жерінде де дала жұмыстары қыза түсті.

Жоспар жылдағыдан артық

Жалпы, облыс аумағында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 4,6 миллион гектар болса, оның 781,8 мың гектары – егістік, 182,4 мың гектары– суармалы алқап, 3,9 мың гектары – көпжылдық егіс алқабы, 123,5 мың гектары – шабындық, 3,5 миллион гектары – жайылым жерлері.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке көз жүгіртсек, аудандарға биыл берілген тапсырма ауқымы көп. Мәселен, дәнді және бұршақты дақылдар жоспары 310,4 мың гектарға жеткізіліп, былтырғыдан 3,5 пайызға көбейтіліпті. Сол сияқты майлы дақылдарды – 3, қант қызылшасын – 6, картопты – 7,6, көкөніс-бақша дақылдарын – 1,5, мал азығы дақылдарын 1 пайызға арттыру көзделіп отыр екен. Облыс аграршылары ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 673,8 мың гектарға жеткізіп, былтырғы межемен салыстырғанда 8 пайызға асыра орындауға бекініп отыр.
Биыл аймақ диқандарына табиғат та қарайласып-ақ тұр. Айталық, жыртылуы жоспарланған 103 734 гектар жердің бүгінге 93 301 гектары айдалды. Былтыр бұл кезде небәрі 64 917 гектар ғана жерді айдауға мүмкін болған. Ал жалпы 397 284 гектар жерді дайындау жоспарланса, оның қазірге 297 766 гектары нақты дайын тұр.
Жаздық масақты дақылдар себу жоспары былтырғыдан көбірек екенін жоғарыда айттық. Жоспардағы 181 801 гектар алқаптың 159 180 гектарына дақыл себіліп қойыпты. Былтыр бұл уақытта түрлі себептерге байланысты диқандар тек
67 725 гектар алқапқа ғана масақты дақылды орналастыра алып еді.
Жері аса үлкен болмаса да егіншілікке қолайлы алқапқа бай Жуалы ауданы биыл
22 335 гектар жерді жыртуды жоспарлаған екен. Әзірге 21 910 гектарын жуалылық шаруалар жыртып дайындап отыр. Жалпы, Шу, Меркі, Қордай аудандары егін шаруашылығына өте қолайлы аумақ болғандықтан олардағы жоспардың өзге аудандардан ауқымдырақ болатыны заңдылық. Жер жыртып, алқапты егіске дайындауда аталған өңірлердің диқандары бір-бірінен қалмай иық тірестіре жұмыс істеп келеді. Бұйыртса күн райы тағы қарайласса, алдағы аптада дала жұмыстары толығымен бітуге жақын.

Қызылша «жырын» қашан айтып бітеміз?

Облыста біраз жылдан бері қант қызылшасын қант зауыттарына өткізуде мәселе туындап жүргенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Тіпті жақында Сержан Пралиев есімді заңгер азамат Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында дабыл қағып, жұрттың назарын осы түйткілді мәселеге аударды. Пост авторының жазуынша, меркілік шаруа қожалығының басшысы оған «Меркі қант зауыты» ЖШС басшылығы 2018 жылдың аяғында қабылдап алған тәтті түбірдің ақшасын әлі күнге бермей отырғанын айтып шағымданған. Зауыттың сондағы бар сылтауы Алматыдағы бас кеңселеріне, я «Тараз» ӘКК» ҰК» акционерлік компаниясына баруды сілтеп, құрғақ уәдемен шығарып салып жүрген сыңайлы. Ал жаңа егін науқанының басталып, тіпті аяқталуға таяғанын ескерсек, шаруаның жанайқайы өте орынды-ақ. Өйткені дала жұмыстарына техника дайындап, оны жанармаймен жарақтап, тұқым алуға қанша қаржылай шығын кететінін есептеу үшін күрделі арифметикалық білімнің аса қажеті жоқ. Пост авторы ұзынқұлақтардан қант зауыты басшылығының қант өнімінен түскен қомақты ақшаны екінші деңгейлі банктерде ұстап, үстінен пайыздық табыс көріп отырғанын әлдекімдерден естіп-білгенін де парақшасында келтіре кеткен. Егер қант өндіруші зауыт мұндай әрекетін қоймаса, шаруалардың осы саладағы мемлекеттік бағдарламаға сенуден қалатынын айтып, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдігінен бұл іске араласып, оң шешім табуына ықпал етуін сұраған.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасынан жауап алуға тырыстық. Басқарманың баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақовтың хабарлауынша, бұл мәселе қазір облыс әкімдігінің толық бақылауына алыныпты.
– Өткен жылдың соңында облыстағы 227 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 951,8 миллион теңгенің 100 000 тонна тәтті түбірін жинады. Бүгінге дейін 140 шаруаға 280 миллион теңге көлемінде қызылшаның ақысы төленді. Тұрақты жүргізіліп отырған мониторинг кезінде қант зауытының төлемақы жүргізуді тоқтатқаны белгілі болды. Осыған байланысты биылғы ақпан айының аяқ жағында және наурыз айының басында зауыт басшылығымен бірнеше кездесулер өтті. Сондай-ақ 11 наурыз күні облыс әкімі Асқар Мырзахметов зауыт өкілдерімен жүздесті. Алдын ала келісім бойынша зауыт басшылары мойнына сәуір айының соңына дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері алдындағы барлық қарызын өтеу жөнінде міндеттеме алды, – дейді Т.Жанұзақов.
Бүгінгі таңда шаруаларды шырылдатып отырған «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ендігі қарызы 671,3 миллион теңге төңірегінде қордаланған. Бұл қаражат қант қызылшасын өсіріп, осы кәсіптен берекесін көріп келе жатқан 80-ге жуық диқанның қолын байлап отыр. Жыл басында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің қатысуымен осы мәселеге қатысты өткен жиында зауыт барлық қарыздан ақпан айының соңында құтыламыз дегенді уәде етсе, наурыздағы кездесуде сәуірді межелеп отыр. Қысқасы, атқарушы билік араласпайынша қарапайым шаруаға қант зауытынан қайран болмай тұр. Ендігі жерде облыс әкімдігі жергілікті бюджет арқылы қант зауытының өнімдерін облыстық тұрақтандыру қорына сатып алып, сол қаржыны шаруаларға бергізу тетіктерін қарастырып жатқан көрінеді.
Биыл облыс басшылығы қант қызылшасы алқаптарының да аумағын жылдағыдан сәл артығырақ жоспарлап отыр. Ал қант зауыты былтырғы қарызын қайтармай жүргенде бұл жоспарға шаруалар қаншалықты тіс батыра алар екен?
Қалай десек те, Елбасы Н.Назарбаев аграрлы саланы экономиканың басты драйверіне айналдыру керек дегенді ұлан-байтақ жеріміздің кеңдігіне қарап айта салмағаны анық. Барлық ресурстар мен мүмкіндіктердің жетіп тұрғаны зерделенсе керек-ті. Ал мемлекет бар жағдайға жол ашып, шаруаға болысып жатқанда ірі тауар өндірушілердің осылай монополистік мінез танытуы істің берекесін қашыратыны сөзсіз.
Мүмкіндік демекші, диқандар дала төсін дүбірге алаңсыз бөлеуі үшін мемлекет арзандатылған дизель отынын тарату тетігін де реттеп қойған. Бірақ мұнда да жылда айтылатын бір «жыр» бар. Жанармай өндіретін негізгі зауыттың әлденелерді сылтауратып, нағыз керек кезінде бағаны көтере қоюы да шаруаның титығына әбден тиіп бітті. Десек те биыл облыста Тараз қаласынан басқа барлық ауданда операторлар анықталып, егіншілерге жеңілдетілген бағамен дизель отынын сату ісі басталды. Биылға облыс бойынша
18 300 тонна дизель отыны бөлініп, оның литрін операторлар зауыттан 159 теңгеден сатып алса, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 174 теңгеден босатып жатыр. Ал, нарықтағы дизель бағасы 200 теңгеге жуықтап тұрғанын ескерсек, бұл жеңілдік жер жыртып, егін егушілерге кәдімгідей көмек болып отыр.

Жасұлан Сейілханов

ПІКІР