Жастар.kz

Дамудың сыры — бірлікте, табыстың сыры — тірлікте

Written by Aray2005

Химия өнеркәсібінің алыбы – «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірген тауарының сыртқы нарықтық бәсекеде қабілетті болуы осы компанияның басшылары мен онда жұмыс істейтін кез келген еңбеккердің сіңірген еңбегінің жемісі екені даусыз. Өндірілген өнімнің 94 пайызының АҚШ және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Еуропа, Оңтүстік Азия елдері секілді әлемдегі 27 мемлекетке экспортталуы түптеп келгенде облыстағы химия өндірісі саласы үшін ғана емес, еліміз үшін де зор абырой. Ал бұл тұрғыда «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» да қосып отырған үлесі зор.

Бүгінде аталған зауытта еңбек ететін 2 326 адамның 809-ы 35-ке дейінгі жастар. ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен облыс әкімдігі тарапынан ұйымдастырылып жатқан «Жас келсе – іске!» атты облыстың еңбекші жастар форумына осы өндіріс орнынан 12 делегат қатыспақшы. Соның бірі – №5 цехтің құрылғыларды жөндеу инженері, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының «СМК» Жастар одағының төрағасы Алмас Амангелдиев. Аталған Жастар одағының құрамында 300-ге жуық мүше бар. Бұл ұйымның мақсаты – белсенді жастар қозғалысын қалыптастырып, олардың кәсіби және қызметтік тұрғыдан өсіп-жетілуіне, өздерінің шығармашылық, спорттық, ғылыми жетістіктерін еселеуіне жағдай жасау.
Алмас Маратұлы бұл кәсіпорынға 2013 жылы жұмысқа тұрыпты. Ол алғашқы еңбек күнінен бастап-ақ «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жастар саясатына жіті көңіл бөлетінін сезінгенін айтады. Ал ұжымда өзі секілді жас әріптестері пікірінің ескерілуіне Жастар одағының тигізіп отырған рөлі зор екенін тілге тиек етті.
– Мұнда жұмысшылардың әрқайсысы өз мамандықтары бойынша еңбек етеді. Бүгінде облыстағы әртүрлі жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітірген жастардың тұрақты жұмысқа орналасуы, студенттердің зауыт аумағында өндірістік тәжірибеден өтуі жолға қойылуда. Жаңадан келген жас мамандарға тәжірибесі толысқан аға буын өкілдері кәсіптің қыр-сырын үйретуден жалыққан емес. Ал жаңадан жұмысқа қабылданған жас мамандардың жатақханамен қамтылуы, спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы – компанияның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтің жастарға деген қамқорлығының көрінісі. Ертеңгі форумда маған сөз сөйлеу мәртебесі бұйырып тұр. Сол жиында өндірістегі жастарға қатысты ойда жүрген өзекті мәселелерді ортаға салсам деген ниетім бар, – дейді ол.
Жалпы зауыттағы жоғары оқу орнын бітірген мамандар М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде білімін жетілдіріп отырады. Жылына 15 адам магистратурада оқиды. Мұндағы үлкен спорт кешені жастардың спортпен тұрақты айналысуына, футбол, кіші футбол, баскетбол секілді спорт түрлерінен облыстық, республикалық жарыстарға қатысуына мүмкіндік беруде. Сондай-ақ белсенді жастардың жалақысына үстемақы қосылып тұрады екен. Бұл «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өтетін түрлі шараларға қатысып жүрген жастарға үлкен қолдау болса керек. Бұдан бөлек алдағы мамыр айында өтетін «Болашақ –
жастар қолында!» атты Жастар жылына арналған ауқымды жоба да қиялы ұшқыр, озық ойлы жастардың ғылымдағы жетістігінің мүмкіндігін анықтауға септігін тигізбек.
Зауыттың №28 цехының инженер-анықтаушысы әрі цехтың кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлжан Төлекованың айтуынша, мұндағы жұмысшы жастардың орташа жалақысы – 135 мың теңге.
– Мен Тараз мемлекеттік педагогикалық универси­те­ті­нің химия мамандығы бойынша түлегімін. Осы өндіріс орнындағы зертханада 4 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Өндірістегі негізгі міндетіміз – зауытқа кірген кокс, фосфорит, кварцит секілді тағы да басқа шикізаттардың тиісті талапқа сай келуін анықтау. Бұл тұрғыда өндірілген өнімнің сапасына, құрамына зерттеу жүргізіп, оның белгіленген талаптардан асып кетпеуін қадағалаймыз. Ал кәсіподақ ұйымының төрайымы ретіндегі міндетім – жұмысшылардың құқығы мен мүддесінің қорғалуына ат­са­лысып, еңбеккерлердің шынайы жанашыры бола білу. Жалпы, біздің жұмысымыз өндіріске қатысты болғандықтан жұмысшы мен жұмыс берушінің еңбек құқықтары мен міндеттерін сақтау, өндірісте орын алуы мүмкін жазатайым оқиғаларды болдырмау, жұмысшылар үшін лайықты еңбек жағдайларын жасау секілді көптеген мәселелерді басты назарда ұстаймыз. Негізінен зауытта Еңбек кодексі бойынша келісім комиссиясы жұмыс жасайды. Аталған комиссияның да міндеті жұмысшылар құқығының тапталмауын қадағалау және жастар тарапынан түскен шағымдарды қарау. Ашып айтар болсақ, мұндағы жастар көбіне өздеріне жер телімі мен баспана алу бойынша өтініш білдіріп жатады. Шындығына келгенде, бұл бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе. Десе де «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдан келгенше жас мамандарды жатақханамен қамтуды жолға қойған. Бүгінде мұндағы жатақханамен қамтылған жас отбасылардың саны 30-ды құрап отыр, – дейді Гүлжан Берікқызы.
Сондай-ақ кәсіподақ ұйымы зауыт жұмысшыларының жыл сайын «Қазфосфат» ЖШС-на тиесілі «Көктал», «Жұлдыз» сауықтыру кешендерінде тегін және жеңілдіктер арқылы тынығуын, сондай-ақ «Меркі», «Сарыағаш», тіпті қырғыз еліндегі «Ыстықкөл» демалыс орындарына баруын қамтамасыз етуде. «Көктал», «Жұлдыз» секілді сауықтыру кешенінде ұйымдастырылатын «Ана мен бала» іспетті шараларда өнерлі жастар концерттік бағдарламалар ұсынады екен. Соңғы үлгіде шыққан заманауи музыкалық құралдармен жабдықталған зауыттың 300 адамға арналған конференция залы өнерлі буынның шығармашылығын шыңдауына мол мүмкіндік беруде. Сонымен қатар кәсіподақтың «Келешек» жастар кеңесі арқылы мейрамхана, дүкен, тойхана секілді орындарда еңбекке тартылған жасы 18-ге толмаған балаларды анықтауда да Жаңа Жамбыл фосфор зауыты жастарының үлесі бар.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, №34 цехтің химиялық анализдер лаборанты Ақтолқын Дәулетова Түркістан облысының тумасы. Осыдан 5-6 жыл бұрын Жамбыл жеріне жолдамамен келген ол бүгінде білікті маманның біріне айналған. Айтуынша, әріптестерімен бірге өндірістік қалдықтардың, ауаға бөлінетін түтіннің, ағынды судың құрамын күнделікті тексеріп отырады. Қоршаған ортаның тазалығына да жауапты.
– №34 цехтің қоршаған ортаны қорғау бөлімі және өндірістік санитарлық лаборатория бірігіп, көптеген жұмыс атқаруда. Ондағы басты мақсат – өндірістік процестердің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайту және болдырмау. Бұған Жаңа Жамбыл фосфор зауытының қалдықтарды қайта өңдеуі, кәдеге жаратуы, қалдықтардың жиналуын төмендету және ауаға зиянды түтіннің таралмауын болдырмау мақсатында фосфорлы пештерге ауа сүзгісін орнатуы сеп болып отырғанын айта кетуіміз керек, – дейді ол.
Жалпы, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының аумағы 644,75 гектар болса, соның 4-тен бірі жасыл желек жамылған. Жыл сайын зауытқа тиесілі санитарлық қорғаныс аймағына қара ағаш және қайың көшеттері отырғызылады екен. Биыл зауытқа барар тас жолдың ұзындығы үш шақырымды құрайтын екі жағалауына үш-үш қатардан 4 мың түп тал көшеттері осы өндіріс орнындағы белсенді жастардың күшімен отырғызылыпты. Көшеттер Тараз орман шаруашылығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен сатып алынған. Тал-дарақ өндіріске пайдалану үшін арнайы тартылған су құбыры арқылы суарылады екен. Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында жасыл белдеу ауқымын ұлғайтумен қатар, жастар сәуір-мамыр айлары аралығында зауытқа тиесілі аумақтан бөлек, Тараз қаласының тазалығы үшін де әркез сенбілікке шығып тұратын көрінеді. «Адам табиғатпен тығыз байланыста өмір сүретін болғандықтан, оның азып-тозбауына, ластанбауына өз үлесін қосуы керек» дейді зауыт жастары.

Өңірде химия өндірісі мамандарының шыңдалуымен кәсіптік-техникалық мамандардың мол тәжірибе жинақ­тауында Жаңа Жамбыл фосфор зауытының да ұстахана іспетті орны бар. Мұндағы біз тілдескен жастардың қызыл сөзге емес, қызу еңбекке бейім екені қуантты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

ПІКІР