Сұхбат

«Дана Абайдың біз білмейтін афоризмдерін зерттеудемін»

Written by Aray2005

Жарық дүниеде адам болып ғұмыр кешіп, елінің мүддесіне ізгі іс жасап, артына жақсы із қалдыруды өсиеттеген Абай Құнанбайұлын халқымыз ұлы ұстазға балайды. Ақын ғана емес, ғұлама Абайдың кейінгі ұрпағына қалдырған мұрасы мол. Биылғы ақынның 175 жылдығы насихатталмаған мұраларды кеңінен жеткізуге сеп болары сөзсіз. Сонымен қатар үстіміздегі жылы Батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы да халқы үшін отқа түссе күймейтін ерліктің ерендігін дәріптері анық. Осы орайда елінің бағына туған қазақтың қос перзентінің мерейтойында Тараз педагогикалық университетінің жанындағы «Бауыржантану» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, абайтанушы Әлімбай Найзабаевпен сұхбаттасып, адами құндылық төңірегінде әңгіме өрбіткен едік. 

– Әлімбай аға, халқының игілігіне барынша аянбай еңбегін сіңіріп, өмір өрнегін көрсетіп кеткен ұлы тұлғаларымыздың шығармаларын зерттеп, кейінгі ұрпақтың тәрбиесіне қомақты үлес қосып жүрген ағартушының бірісіз. Биылғы жыл сіз үшін несімен ерекшеленбек?
– Биылғы жыл біз үшін ерекше болып отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына ерекше назар аударды. Мұндай мерейтой осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1995 жылы Абайдың 150 жылдығында аталып өткен екен. Абайдың мерейтойына ерекше ден қойылуының бірден бір мақсаты – қазіргі әлемде болып жатқан әлеуметтік, рухани дағдарыстан шығу. Зерттеле келе Абайдың айтқан өсиеті моральдық тұрғыда жанымызды байытумен экономикалық дағдарысты жеңуге жол көрсететіні белгілі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында мерейтойға орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланғанын, бірақ оның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетінін айтты. Бұл мақала Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен біте қайнасып жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы өз мақаласында Абайды танып, шығармаларындағы негізгі кодын тауып, сананы өзгертуіміз керегін айтса, Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай жазбаларынан алынған «Толық адам» ілімі деген концепцияны тезірек жасап, сол бойынша мемлекетті басқаруды, білім саласын жүйелеп, отбасылық институтты, бизнесті дұрыс жолға қоюды меңзейді. Ғалымдар осыны зерттеп, негізгі жолдарын тауып, «Толық адам» ілімін қолданысқа енгізуге әзірлеуі керек.
Ал батыр Бауыржан Момышұлының 110 жылдығы сын сағатта елі, Отаны үшін от кешуден танбайтын ерлікті ел есінде тағы бір жаңғыртары даусыз.
Міне биылғы жыл осындай мақсатты істермен ерекшеленбек.
– «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы батырдың биылғы мерейтойына нендей үлес қоспақшы?
– Бұл орталықтың облысымызда 2004 жылы ашылғалы бері батыр атамыздың ерлігін насихаттаумен қатар, жазбаларын тауып, зерттеп, халыққа қажеттілерін анықтауда елеулі еңбек етіп отыр. Бұрын Баукеңді көпшілік тек батыр деп білсе, осы зерттеу орталығының ізденіс еңбектерінің көмегімен оның жазушылығы, ақындығы да елге кеңінен таныла бастады. Бауыржан Момышұлының 100 жылдығында барлық жазбалары жиналып, 30 томдығы жарыққа шықты. Одан бұрын бір-екі кітабын білетінбіз, онда да жазушы ретінде тани қоймадық. Барлық жазбаларын жинақтап, зерттей келе Баукеңнің тек шайқаста ғана ерлік көрсеткенін емес, жазуда да батырлығын, қайсарлығын таныдық. Ол өзі көрген-білгенін, содан түйген ойын, айналасындағы адамдардан естіген-білгенін жүйелеп жазып отырған.
Өзім Мекемтас Мырзахметовтің шақыруымен 2013 жылы осы орталыққа келгелі архивтермен жұмыс істеумен айналысамын. Әлгінде айтылған 30 томдыққа енбей қалған материалдарын іздеудемін. Дәл қазір Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының орталық мұрағатымен байланыста жұмыс істеп жүрмін. Сол архивте Баукеңнің жеке қоры бар. Бірақ мен әлі оған кірген жоқпын. Себебі ондағы материалдар 30 томдыққа енгізілген. Менің жеке мақсатым – Баукеңмен араласқан кісілердің қорларына кіру. Мысалы Мәлік Ғабдуллин, Әзілхан Нұршайықов, Мұхамеджан Қаратаев, Қасым Қайсенов секілді белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылардың жеке қорларынан Бауыржан Момышұлына қатысты материалдарын алып, зерттеудемін. Мұндай жеке қорларға кіру үшін көзі тірі ұрпақтарының рұқсатын алу керек. Сол қорлардағы материалдарды суретке түсіріп немесе көшірмесін әкеліп, орталықта баспаға теріп, жүйелеп, жаңа кітапқа дайындап жатырмыз. Табылған жаңа материалдарды алдымен өзіміздің жергілікті басылым беттерінде жариялаймыз, содан соң республикалық газет-журналдарға жібереміз деп отырмын. Оның барлығы түгел жинақталғаннан соң жаңа кітап болып шығады.
Осы ізденіс барысында қолыма түскен ең үлкен материал – Баукеңнің қойын дәптері. Оны мен 2019 жылы алып келдім. Одан 2 жыл бұрын осындай құнды қойын дәптерінің барын анықтағанмын. Қазір ол республикалық әскери тарихи музейде тұр. Әуелгіде Баукең оны өз қолымен өзіміздің облыстық музейіне өткізген. Кейін Нұр-Сұлтан қаласынан орталық музей құрылғанда сонда алып кеткен. Өкініштісі сол өз өңірімізде оның көшірмесі де қалмағаны. Облыстық музейдің бұрынғы 2 директорына да көшірмесін сұратып алуларын айтқанмын. Негізі Баукең өз қолымен жазып кеткен өсиетхаты бар болғандықтан да түпнұсқасы осында тұру керек еді. Көшірмесін өткен жылы алып келдім. Оны облыстық «Знамя труда» газетінде жарияладым. Алдыңғы шыққан 30 томдықта бұл қойын дәптердегі жазбалары енгізілмеген. Ондағы жазбаларды оқу да оңайға түспеді, арнайы мамандарға қараттым, сөйтіп жүріп 1 жыл оқыдым. Енді жүйеленді.
Баукең өмірінің соңғы кездерінде Мәскеудің түбіндегі Калинин қаласында академияда 5 жыл сабақ берген. Профессор болған. Сол кездерде әртүрлі адамдардың қысымымен біраз қиындықтарды бастан кешкен. Кеңес Одағының Батыры атағын, генералдықты, тіпті қызметті бермей, біраз кедергілерге кездескен. Сондағы көрген қысымшылықтары әлгі қойын дәптерде жазылып тұр. Тіпті оны қызметтен кетіргілері келген. Алайда қайта ойланып қызметте қалдырған. Мекемтас ағаның айтуынша, Баукеңнің студенттерге оқыған лекциялары тек бір данадан шығарылып, бірден архивке алынып отырған. Қазір ол лекциялар Мәскеудің әскери-тарихи архивінде немесе сол Калинин академиясының архивінде тұр. Біздің осы орталық қызметкерлерінің анықтауы бойынша 12 мың беттей лекциясы бар. Егер соларды ала алсақ, 30 томдығымыз 100 томдыққа дейін жалғасар еді.
Әлгі қойын дәптерде 1955 жылдың желтоқсаны мен 1956 жылдың қаңтары аралығында көрген қысымшылықтан не істеу керегін қатты толғанып жүрген сәттері айтылған. Соғыста небір қиын да шешуші сәттерді көрген адам, одан кейін де талай нәрсеге көз жеткізген, бар білгенін қағазға түсіріп кетуді ойлағаны байқалады. Тіпті Баграмян деген адам Баукеңді емдеп, қайта әскер қатарына қосуды ойлаған. Ондағы көздегені батырдың бар білгенін пайдаланып қалу болса керек. Себебі олар әуелі қызметтен кетуге мәжбүрлейді, кейін ешқайда жібермейді. Осыны сезген Баукең қызметтен кетіп, жазушылыққа бет бұрады. Дегенмен «Жазушылар қалай қабылдайды?» деген де ойда болыпты. Содан 1956 жылы Алматыға келген.
Осы қойын дәптердің ішінде соғыс тағдырын шешкендердің бірі саналатын Георгий Жуковқа жазған хаты да бар екен. Онда жұмыс жасау үшін архивке рұқсат алып беруін және болса 3, болмаса 2 бөлмелі пәтер сұраған. Бірақ ол хаты Жуковқа жеткен-жетпегені белгісіз, біз ондай деректерді әлі кездестірген жоқпыз. Мүмкін Мәскеуге барғанда архивтен оны да ары қарай іздестіреміз.
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызында» баласынан айырылып, жылап отырған анаға Баукеңнің өз пәтерін бергені айтылады. Соған қарағанда сұраған пәтерін алған болуы да мүмкін, бірақ ол әлі анықталған жоқ.
Міне, батырдың бұл қойын дәптері осындай деректерімен өте құнды.
– Айтыңызшы Абайдың асыл мұраларын өскелең ұрпаққа қаншалықты жеткізе алдық?
– Әрине, ақынның өлеңдері, қара сөздері мектеп бағдарламасында әдебиет пәнінен балаларға оқытылады. Бірақ, дана Абайдың айтпағын бізге толыққанды жеткізе ала ма? Мәселе осында. Егер тереңіне үңіле қарасақ, Абайдан бізді бүгінде толғандырып жүрген барлық түйінді мәселелердің шешімін таба аламыз. Сондықтан біз балаларға ақынның өмірбаянын, шығармаларын оқытып, өлеңдерін жаттатып ғана қоймай, оның мән-мағынасын талдатып, ақынның түпкі айтпағын өмірлік жағдайлармен ұштастыра сезіндіру керекпіз. Мысалы жақында ғана мерейтойға орай Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде ұйымдастырылған «ХХІ ғасыр педагогикасындағы Абай мұралары» атты педагогикалық мамандық студенттеріне арналған республикалық олимпиадада біздің университетіміздің студенттері 1-орынды жеңіп алып келді. Мұндай олимпиада елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр екен. Оған педагогтарды әзірлейтін университеттер 4 номинация бойынша қатысты. Алғашқысында Абай шығармаларын зерттеу бойынша ғылыми жобалармен, екіншісінде ашық сабақтармен, үшіншісінде студенттер жазған эсселермен сайысқа түссе, төртіншісінде бүгінгі көкейкесті мәселені Абаймен байланыстырып, қойылым көрсету керек. Біздің Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінен қатысқан командамыз осы оқу орнымыздағы «Толық адам» ілімі курсында оқитын студенттерден құрылды. Студенттеріміз ғылыми жобалар бойынша «Мекемтас Мырзахметұлы зерттеулеріндегі «Толық адам» ілімі және бүгінгі Қазақстан» тақырыбымен қатысты. Ашық сабаққа қатысты номинациясына Абайдың 17 қара сөзін қазіргі жаңартылған педагогикалық әдіс-тәсілдермен өткізу жоспарын ұсынды. Балаларымыз жазған эссе де жоғары бағасын алды. Сахналық қойылым бойынша біз әлем алаңдап отырған коронавирусты жеңу жолын Абай айтқан өнегеден табуды көздедік. Сценарийін өзім жаздым. «Ажалға араша» атты 10 минуттық қойылымымызды студенттеріміз сәтті сахналап, 1-орынды жеңіп алды. Бұл қойылым арқылы біздің де айтпағымыз – Абайдың өлеңі болсын, мейлі қара сөздері болсын, бәрінде де салауатты, саналы өмірге қажетті ақыл-кеңестер айтылған, соны қажетімізге жаратсақ деген ой.
– Тек өз елімізге ғана емес, әлемге танымал Абайдың бүгінге дейінгі ешбір кітабында жарияланбаған афоризмін тапқаныңызды білеміз, оны қайдан кездестірдіңіз?
– Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абай шығармаларындағы автобиографизм» деген тақырыпты зерттеуді тапсырды. Яғни бұл дегеніңіз ғұмырнама ғой. Содан мен Абай шығармаларындағы өмірбаяндық деректерді ашуға кірістім.
Абайдың өмірбаянын барынша жеткізіп зерттеген – Мұхтар Әуезов. Ол өмірінің 40 жылдан астам уақытын сол жолға арнаған. Менің мақсатым – Мұхтар Омарханұлы ғұмырнаманы қандай деректерге сүйеніп жазғаны және сол деректер қолында болмағанда Абайдың өмірбаянын қалай жазар еді деген сұраққа жауап іздеу. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі өмірбаяндық фактілерді ашу барысында көптеген материалдарды жинап, жүйелеп оқыдым. Оларды бір-бірімен салыстыра отырып зерттедім. Мақалалар жазып, газет-журналдар мен ғылыми-практикалық конференция жинақтарында жарияладым. Солай ізденіп жүргенімде Абайдың ешбір жинағына енбей, газет бетінде қалып кеткен афоризмін 2008 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалар жинағының І томынан тауып алдым. Бұл кітап 2006 жылы Алматы қаласындағы «Жібек жолы» баспа үйінен шыққан екен. Афоризмді алғаш рет 1917 жылы «Сарыарқа» газетінің 4-санында жарияланған «Ар қарызы» тақырыбындағы мақалада Шәкәрім Құдайбердіұлы қолданған екен. Шәкәрім Әлихан Бөкейхановтың атына медресе немесе шәкіртақы тағайындауға қолдау көрсету туралы жазған осы мақаласында «Абай марқұм «Тоқ татуды сыйламай аштарға берген ас артық, Үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді» деп ақынның бір ауыз нақыл сөзін, яғни афоризмін тілге тиек етеді. Бұны көре сала Абайдың 37-қара сөзін қолыма алып қарасам, ол жерде жоқ. Абайдың осы афоризмін бүгінгі қолда бар ғылыми айналымдағы академиялық екі томдық жинақтың ішінен табылып қалар деген ниетпен әр бетін парақтап отырып қайта-қайта іздедім. Бірақ жинақта жоқ боп шықты. Көзбен көрдім, ақылға салдым, Абайдікі екенін жүрек сезіп тұр. Отырдым да «Абайдың біз білмейтін афоризмі» деп мақала жаздым. Оны ғылыми жетекшім Мекемтас Мырзахметұлына апарып көрсеттім. Ұстазым оқып болып: «Мына мақаланы қайта жазып жарияла», — деді. Сөйтіп мақаламды толықтырып, 2009 жылы Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетіне жарияладым. Одан кейін де облыстық, республикалық бірнеше газет-журналдарға жарияланды. Табылған афоризмге қатысты зерттеуімді онымен тоқтатқаным жоқ. 1917 жылы шыққан «Сарыарқа» газетінің 4-ші санын іздестіріп, былтыр ғана таптым. Оның өзі үлкен хикая. Газеттің түпнұсқасындағы афоризмді оқығанымда кітапта бір сөзі қате басылғанын көрдім. Түпнұсқада былай екен: «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық. Ойын босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық». Дұрысы кітаптағы емес, сол алғаш басылған газеттегісі. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай ақын шығармаларының толық жинағы қайта басылады екен. Сол жинақтың 2-ші томындағы 37-қара сөзі тағы бір афоризммен толықса екен деген үмітіміз бар. Ақынның өз шығармасын өз кітабына енгізу біздің перзенттік, азаматтық парызымыз емес пе?!
– «Толық адам» ілімін ашудағы мақсаттарыңыз не?
– Адам өміріндегі барлық мәселелер осы адамның толық болмай, жарты адам болуынан келіп шығатынына көзіміз анық жетті. Бар мәселе адамның өзінде. Адам – өз өмірін, тұрмыс-тіршілігін, қажет болса жасап жатқан қоғамын да өзі ғана түзей алады. «Адам өмірін қайткенде түзеуге болады» дегенді өзіне дейінгі небір ойшылдардың толғанысын Абай да ойлаған. «Түзетпек едім заманды, Өзімді тым-ақ зор тұтып» деп Абай да адам өмірін түзеу үшін заманын түзетпек болып саналы өмірін сарп еткен екен. Абай қазаққа тура жолды көрсету үшін көп еңбектеніп, бар білген, ойға тоқыған, өмір тәжірибесінен өткізген «Толық адам» болудың жолын артында қалған бай рухани мұрасының ішінде жазып қалдырған. Сол ілім ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамы үшін де таптырмайтын бай қазына. Соны жаңа тұрпаттағы жаңашыл педагогтерге оқытып, үйретуді осыдан 3 жыл бұрын тәуекел етіп қолға алдық. Ондағы мақсат Абайдың «Толық адам» іліміндегі ой-тұжырымдары арқылы жеке адамның мінез-құлқын түзеу. Түзелген мінез-құлық арқылы қоғамды түзеу. Егер адам толық болса, ортасымен сыйластықта өмір сүріп, адал еңбек етеді. Әділ, әрі рақымды, қанағатшыл келіп, ақ жүректі болады. Суық ақылға жол қалмай, нұрлы, арлы ақылды болады. Нұрлы ақыл, жылы жүрек, ыстық қайраттың басы қосылса, сөз жоқ адам толады, толық адам болады. Қазір осы ілім біз үшін өте қажет. Сондықтан да Абайдың «Толық адам» ілімін мақсатты түрде оқытуды қолға алдық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР