Sport

Дарабоз Данияр

Written by Aray2005

Осы уақытқа дейін кәсіпқой бокс әлемінде екі кездесу өткізіп, қарсыластарынан басым түскен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов үшінші шайқасында да қарсыласынан басым түсті.

Ice Arena Wales аренасында өткен бокс кешінде оғланымыз венгр боксшысы Габор Горбичпен жұдырық түйістірді. Алты раундтық жекпе-жекте Елеусіновке қарсы тұрған венгр боксшысы осыған дейін 35 рет шаршы алаңға шығып, оның 11-інде жеңіліс тапса, 14-інде жеңіске жеткен. Сондықтан, кәсіпқой боксқа енді ғана қадам басып жүрген отандасымыздың бұл қарсыласы оңай шағыла салар жаңғақ емес еді. Мұны шаршы алаңдағы бәсеке де анықтап берді.
Алғашқы раундтан бастап кездесуді өзінің уысында ұстаған Данияр қарсыласына шаршы алаңның ортасын бере қоймады. Сәті келгенде ауыр соққыларын дарытуға тырысып, венгр боксшысының аяқалысын байқап көрді. Дегенмен, осыған дейін біраз кездесу өткізіп тастаған Габор бірден сыр алдыра қоймады. Қарымта шабуылдар ұйымдастырып, өзінің әккі боксшы екендігін дәлелдеуге тырысып бақты. Өз кезегінде Данияр үйреншікті әдетіне басып, қарсыласының бүйіріне соққыларын дарытып, тынысын тарылтуға тырысты. Бірақ, Габор оның мұндай тактикасына да дайын болып шықты.
Кездесудің бесінші раундында қарсыластар ашық айқасқа шыққан болатын. Осындай ұрымтал тұстардың бірінде Даниярдың қабағы жарылып кетті. Дегенмен, оның бұл жарақаты жұдырықтасуға ешқандай кедергісін келтіре алмады. Соңғы раундта да Елеусінов есе жібермей, есепті еселей түсті. Осылайша, кездесу ұпай санымен Даниярдың пайдасына шешілді. Жекпе-жекке төрелік еткен төрешілер 60:54 ұпайымен Елеусіновті жеңімпаз ретінде таныды. Бұл кездесуден кейін біздің оғлан қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізсе, венгр Габор Горбичтің 12-рет жеңілістің ащы дәмін татуына тура келді. Естеріңізге сала кетсек, бұл жекпе-жек Лондонда маусым айында өтуі тиіс болатын. Бірақ, венгр боксшысының спарринг кезінде жарақат алып қалуына байланысты кейінге қалдырылған еді.

Шынболат Сейдуалиев

ПІКІР