Дәрі-дәрмек қоры үнемі бақылауда

0 3

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы кезекті жұмыс аптасын денсаулық сақтау нысандарын аралаумен бастады. Ең алдымен аймақ басшысы шаһардағы көпбейінді аурухананың инфекциялық блогын көрді.

Кезінде перинатальдық орталық болған ғимарат біраз уақыт бос тұрған еді. Қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жоба бойынша мұнда 200 төсек орынға арналған инфекциялық стационар болмақ. Қазіргі уақытта 100 медициналық функционалды кереует сатып алынды. Сондай-ақ, қан газдары мен электролиттерді анықтауға арналған бір автоматты анализатор, оттегі стансасы, компьютерлік томография, 50 медициналық функционалды кереует және 30 реанимациялық төсек сатып алу көзделіп отыр.
Мердігер «Талас-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде 90 пайыз жұмысты аяқтаған. Ғимарат ішіндегі коммуналдық желілерді толығымен жаңартыпты. Нысанды аралап шыққан Бердібек Сапарбаев оның маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Ертең індеттің екінші толқыны бола қалған жағдайда біз дайын болуымыз керек. Мына ғимарат арқылы науқастарға көмек беру мүмкіндігіміз артады. Ең бастысы, сапалы жұмыс атқарылуы керек. Жөндеу жұмыстарына немқұрайды қарауға болмайды, – деп ескертті облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ аурухана ауласын көгалдандыруға да мән берді. Мердігер барлық жұмыстарды 17 қарашаға дейін аяқтауы тиіс.
Өңір басшысы сондай-ақ, көпбейінді аурухананың негізгі корпусына да барды. Палаталарды аралап, емдеу мекемесінің материалдық-техникалық жабдықталуын көрді. Облыс әкімі емдеу мекемесінің тіркеу орнына келіп, түскен науқастан алынған ПТР-сынама қанша уақытта дайын болатынын сұрады. Ондағы қызметкер соңғы алынған нәтижені қағаз бетіне шығарып көрсетті. Оған сәйкес таңертең алынған сынаманың нәтижесі түстен кейін шығатыны көрсетілген.
Артынша Бердібек Машбекұлы аурухананың дәрі-дәрмек қорына барды. Оған жауапты қызметкерлер қараша айына берілген тапсырыстар жеткізіліп жатқанын айтты. Кей дәрілік заттардың қоры 1,5, ал кейбірі 3-4 айға жетеді.
Аймақ басшысы қаладағы дәріханалардың біріне де кіріп шықты. «Санжар» мекемесінің облыс орталығында екі дәріханасы бар екен. Қажетті препараттарға тапсырыс беруде мәселе жоқ дейді. Сұралған дәрілік заттар бір күн ішінде келіп жатыр. Облыс әкімі дәрілік қор жасақтауға баса мән берді. Жаз айларындағыдай кезек болмауын, сондай-ақ дәріханаға келушілердің міндетті түрде бетперде тағуын қадағалауды ескертті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.