Диагноз

Дәрі-дәрмекті рецепт бойынша алу туралы талап қойылмаған

Written by Aray2005

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Мадина Шыналиеваның қатысуымен «Дәрілік препараттарды сату мәселесі» тақырыбында брифинг өтті.

Жиында М. Шыналиева Қазақстанның дәріханаларында дәрілік заттарды дәрігердің рецепті бойынша сату Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің жаңа талабы еместігін айтты. Сонымен қатар, рецептуралық препараттарды рецептінсіз сатуға 15 жылдан астам қолданып келе жатқан тыйым салу азаматтардың денсаулығы мен өміріне  қауіп төндіруі мүмкін дәрілік заттарды бақылаусыз қолдануға жол бермеуге бағытталғанына тоқталды.

– Қазіргі уақытта дәрілік заттарды сату мәселесі 2009 жылғы  «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексімен регламенттеледі. 2019 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда дәрілік заттардың 7792 атауы тіркелген, оның ішінде дәрігердің рецепті бойынша 6033-і (Қазақстан Республикасында тіркелген дәрі-дәрмектердің жалпы санының 77%-ы), рецептінсіз – 1759-ы сатылады.

Рецепт бойынша сатылатын дәрілік заттардың тізбесі: микробқа қарсы және гормональдық препараттарды; құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілік заттарды; жүрек-қан тамыр ауруларын емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді; ас-қазан-ішек жолдары ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттарды және өзгелерін қамтиды, – деді Мадина Шыналиева.

Баяндамашының айтуынша, дәрігердің рецепті бойынша дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, сироптар, шөптен жасалған шәй және жиындар, суық тиюге арналған және ауруды басатын кейбір препараттар сатылады екен.

– Денсаулық сақтау министрлігі тегін рецептілерін жаздырып алу рәсімдерін жеңілдету үшін оларды алу схемасы өзгертілді. Дәрігерлер созылмалы аурулармен ауыратын  диспансерлік науқастар үшін жеңілдікпен берілетін дәрілерге арналған рецептіні тоқсанына бір рет (90%),  қымбат препараттарды қабылдайтын ауыр аурулармен ауыратын науқастар үшін – ай сайын (10%) жаздырып алатын болады. Дәріханалар оларға берілген рецептілердің негізінде пациенттерге тиісті дәрілік заттардың ай сайынғы қажеттіліктерін есепке алуды және беруді жүргізеді.

Жоғарыда аталған шаралар емханалардағы кезекке тұруды айтарлықтай төмендетуге, медицина персоналына арналған жүктемені азайтуға, қағаз құжат айнылымын қысқартуға мүмкіндік береді, – деді жауапты маман өз сөзінде.

ПІКІР