Қоғам

Дәрігер болу – жүректен

Written by Aray2005

Адам өмірі зор жауапкершілікпен сеніп тапсырылатын дәрігер қызметінің жеңіл еместігін жұрт жақсы біледі. Мамандығына адалдық танытып, денсаулық сақтау ісіне өзіндік үлес қосып жүрген жандардың бірі – облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Ибадат Әмреқұлова. 27 жыл ғұмырын медицина саласына арнаған дәрігер өзгелерден емдеу ісіндегі ең күрделі саналатын кардиологияны жетік меңгергенімен дараланады.

Жыл санап жасарып, кең етек жайған жүрек ауруының статистикасына көз жүгірте отырып, дертпен күрестегі Ибадат Жұмағалиқызы сынды мамандардың жанкешті еңбегі алдында бас иесің. Кәсібилігімен көптің алғысына бөленіп жүрген маман 1963 жылы сол кездегі Шымкент облысының (қазіргі Түркістан), Созақ ауданындағы Шу ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Жаңатас қаласындағы медициналық-санитарлық бөлімшеде медбике ретінде бастаған. Одан кейінгі жылдары Алматы медициналық институтын тәмамдап, орталық аудандық ауруханада терапевт-дәрігер болып еңбек етеді.
Ал 1993 жылдан бері облыстық ауруханада еңбек етіп келе жатқан Ибадат Жұмағалиқызы денсаулық сақтау ұйымында кардиореанимация бөлімшесінің құрылуына ұйытқы болды. Осылайша жергілікті жерде жүрегі ауырған мыңдаған науқастың алысқа шабылмай, дерттен айығуына мүмкіндік туды. Кейіпкеріміз адам жанына арашашы бола жүріп, өзінің жолын жалғайтын кардиолог-дәрігерлерге ұстаздық етуді де ұмытпады.
– Дәрігер қызметінің негізгі мәні науқастың жанына батқан дертті жеңу болып табылады. Мұнда дәрігердің қайсарлылығы мен күрескерлігі де сынға түседі. Жақсы дәрігердің науқас дертінің дауасымен бірге оның тілін де таба білуі керек. Науқаспен жылы сөйлесу емнің шипалы болуына көп көмектеседі,– дейді Ибадат Жұмағалиқызы.
Бойында қажыр-қайратын, білімін, адал еңбегін, ақ пейілін халық саулығына арнап жүрген жоғары санатты дәрігер-кардиолог Ибадат Әмреқұлованың ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Алтын қолды дәрігер әр жылдары Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен, облыс және қала әкімінің, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының мақтау қағаздарымен марапаталған. Әйтсе де дәрігер-кардиологтың өзі үшін халықтың алғысына жететін баға жоқ екенін айтудан жалыққан емес.

Облыс әкімдігі
денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз қызметі

ПІКІР