Дәрігер жүрегі

0 0

Адамзатқа тажал болып жабысқан коронавирус індеті жұртшылықты тығырыққа тіреп, көптің үрейін ұшырып, өмірге деген көзқарасын өзгертті.
Бұл күндері ел арасында дәрігерлер туралы түрлі пікірлер айтылып жатыр. Біреулер ақ халатты абзал жандарды жер-көкке сыйғызбай мақтаса, екіншілері керісінше қаралап даттайды. Әрине адамның ала-құласы секілді медициналық мекемелерде де дөрекі сөйлейтін, мінезі жайсыз дәрігерлер кездесіп жатады. Десе де бір-екі дәрігерге бола күллі денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне күйе жағу орынсыз болар. Осы орайда ертеректе бір басылымнан оқыған мына бір оқиға еріксіз ойға келді.

«…Түн іші. Беймезгіл уақытта сақа дәрігер-хирургтың үйіне телефон шалынады. Ауруханадағы кезекші жас хирург асып-сасып: «Аға, сіздің көмегіңіз керек. Машина жібереміз. Тезірек ауруханаға жетпесеңіз ауыр жарақатпен түскен ауруға ота жасауға менің батылым жетпей тұр. Тәжірибем де шамалы екенін білесіз ғой. Көмегіңіз керек, аға».
– Жарайды, мен қазір өз көлігіммен жетемін. Сен науқасты дәрігер-анестезиологқа көрсет те ота бөліміне көтере бер, – деп дәрігер-хирург тез жинала бастады.
Ота бөліміне енгенде ота үстелінде өңі шүберектей боп-боз жас жігіт сұлық жатыр еді. Тізбектерден көк тамырына дәрі-дәрмек тамшылап тұр.
– Аға, тезірек қолға алмасақ, қан қысымы төмен, жүрек соғысы тым жиі, жоғалтып алу қаупі басым, – деп анестезиолог науқасты тыныс беру аппаратына қосты.
– Эритроциті мен гемоглобині қандай екен? қан көп жоғалтқан секілді. Қан орталығымен хабарласып, эриторцитарлық масса және тоңазытылған плазма (қан сарысуы) алдырыңдар. Ота жасауды уақыт жібермей біз бастай берейік, – деп сақа хирург шапшаң қимылдап, тез-тез қолдарын жуып, үстіне стерильді халат пен қолдарына резеңке қолғап киіп, отаны бастап кетті. Күрделі отаны аяқтағанша біраз уақыт өтті. Әбден сілекпесі шығып, отаны аяқтаған хирургтар ақ желеңдерін шешіп, маңдайынан сорғалаған терді сүртіп терезеге қараса, түннің түндігі түріліп, бүкіл әлем нұрға бөленіп, таң сібірлеп атып келеді екен.
– Отаның хаттамасын өзім жазамын. Сендер аурудың жағдайына қараңдар! Қан қысымын қадағалап, бақылап тұрыңдар! Қажетті дәрі-дәрмектерді аямаңдар, жас жігіт екен. Ота ұзақ болса да сәтті өтті. Енді оның өмірін қалайда сақтап қалуымыз керек, – деп тәжірибелі дәрігер-хирург әріптестеріне нұсқау беріп, үйіне жиналды.
Ота бөлімінен сыртқа шығар есік алдында тұрған адамдарға көңіл бөлмей, сұрақтарына жауап қатпай, тез-тез басып сыртқа беттеп, асығыс кете барды.
– Мына дәрігер қандай мейірімсіз, мәдениетсіз, қатігез жан. Біздің сұрағымызға ләм-лим деп бір ауыз жауап бермей, бір сәт бөгелмей, қасымыздан селт етпей өте шықты. Өзінде адамға деген қасиет, сезім, жүрек бар ма? Мұндай тасжүрек дәрігер де болады екен-ау- ә?! – деп даурыға, шу етіп, ашу-өкпелерін айтып жатқан әлгі топқа таяп қалған жас дәрігер:
– Кешіріңіздер. Ағамызды бекер сөгіп, балағаттап жатырсыздар. Ол ортамыздағы ең тәжірибелі хирург, адамгершілігі жоғары, мәдениеті мол, сыйлы дәрігер. Кеше оның кенже қызы жол апатына түсіп, өкінішке қарай содан көз жұмды. Бүгін жерлеу рәсімі. Сондықтан уақыт тапшылығынан, ағамыздың сіздермен сөйлесуге мүмкіншілігі болмады. Қазір біз барлығын сіздерге айтып, түсіндіреміз. Хирург ағамызды сіздер бекерден-бекер орынсыз даттап, қаралап, ауыр сөздер айтып жатырсыздар. Әріптесіміз басына түскен ауыр қайғысын жеңіп, бар жұмысын жиып тастап, түн ішінде келіп, өзі ота жасап бергеніне рақмет айтыңыздар. Оны дұрыс түсініңіздер. Басқаша болу да мүмкін еді ғой. Егер олай болмағанда не істер едік. Жүріңіздер, ординаторлар бөлмесіне. Барлық жайды түсіндіреміз, – деді жас хирург.
Бұл бір дәрігердің өмірінде болған бір ғана кездейсоқ оқиға. Байқаған боларсыздар, науқас үшін оның денсаулығын сақтап, ажал тырнағынан арашалап қалу үшін олар барлық дүниені ұмытуға дайын. Тіпті өзінің басындағы қайғы-қасіретті де сылып тастап, уақытпен санаспай, қажетті дәрігерлік жәрдем беруге қол ұшын созады. Дәрігерлік парыз, таңдаған мамандығына адал болу деген, сірә, осы болса керек.
Бүкіл халықты дүрбелеңге салған коронавирустан қалай сақтанамыз деп халық үрейленіп жүрген сәтте облыстық көпсалалы аурухана жергілікті биліктің шешімімен уақытша инфекциялық ауруханаға айналдырылды. Өйткені уақыт талабы солай болды. Жұқпалы аурулар ауруханасы, облыстық фтизиопульмонология емдеу орталығы және де қаладағы басқа емдеу орындарында орын тапшы болып, пневмонияға шалдыққан науқастар топ-топ болып күндіз-түні емдеу мекемелеріне түсіп жатты. Басқа амал жоқтықтан облыстық аурухана инфекциялық ауруханаға айналдырылды. Бұл – дер кезінде қабылданған шешім. Аурухана ұжымының әрбір мүшесі қол қусырып қарап отырмай, ә дегеннен қатаң карантиндік режимде жұмыс істеуге көшуге мәжбүр болды. Әсіресе анестезиолог-реаниматолог дәрігерлерге түскен салмақ ауыр еді. Сол жанкештілікпен еңбек еткен, өздеріне төніп тұрған індеттен еш тайсалмай, ауыр науқастарды ажал тырнағынан арашалап жүрген медицина қызметкерлерінің бірнешеуін әңгімеге тарттық.

Эрнест БАҚАЕВ, дәрігер-анестезиолог:
– Шындығымды айтайын, аурухана карантинге жабылғаннан үйімізге бармай, аурухана жанындағы пансионатта, қонақүйлерде қонып жүрміз. Алғашқыда науқастар үсті-үстіне толассыз келіп жатты. Таңның қалай атып, кештің қалай батқанын, қай күн, сағаттың неше екенін білмейтінбіз. Екі-үш сағаттан ғана ұйықтап жүрдік. Адамның жүйкесіне қатты салмақ түскен кезде ұйқыны да ұмытады екен. Ұйқың келеді, бірақ көзіңді жұмған сәтте хал үстіндегі науқас «Маған көмектесші, дәрігер» деп көздері жәутеңдеп, саған қарап тұрғандай болады. Бұл індеттің себебі өте жауыз вирус екенін көрдік. Ол ағзаға түскеннен кейін тез арада шығып болмайды. Енді тәуір болып келе жатыр дегенде қайта бас көтереді. Адамның психологиясына кері әсер етеді. COVID-19-ды қоздыратын пневмонияға шалдыққандарда қорқыныш сезімі басым болады. Жанарынан үрей көресің. Кірпігін қақпастан саған қарап: «Мені мына тажалдан аман алып қалшы!» дейді. Өңменіңнен өтіп кететін жанарларды бірінші рет осы жерде көрдім. Бұл дертке шалдыққандар ұйықтамайды. «Ұйықтайын десем, біреу қылқындыратын секілді» деп үрейленеді. Қаны қоюланатыны, өкпесіне су жиналатыны тағы бар.
Пневмония – аурудың жалпы атауы. Бірақ бұл жай ғана пневмония емес, бүкіл ағзаның ауруы. Бүйрек, бауыр бәрі зардап шегеді. Қант диабетімен ауыратын, бұрын инсульт алған, жүрегі сыр берген адам болса, науқасты алақанға салғандай күтеміз. Көп нәрсе адамның өзіне де байланысты. Кей адамдар бірден үрейге бой алдырады. Ал енді біреулер көңіліне мүлде күдік кіргізбейді. Аурудың ырқына көнбей, қасқайып қарсы тұрады. Ақыры ауруын жеңіп шығады.
Вирус науқастың бойындағы өзге ауруларын қоздырып, соның салдарынан ажал шеңгелінен құтылмағандар да өте көп болды. Алдымызға өзіміздің әріптестеріміз – дәрігерлер, фельдшерлер және де басқа таныстар қиналып түсіп жатты. Олардың қазасын көру қиын екен. Кейбірін өлді деуге де қимайсың. Ақырғы сәтке дейін үмітпен қызмет еттік. Әттең, барлығы біз ойлағандай бола бермейді екен. Тағдырға қарсы келу мүмкін еместігін, дәрменсіздігімізді мойындап, жүрегіміз езіліп ауырған сәттер аз болмады. Бұрын мінезім қатты деп ойлаушы едім, бұрыннан таныс белгілі әріптестерімнің көз алдымда шейіт болғаны есіме түссе, көз жасым тыйылмайды. Қасіретке, қайғыға, өлімге қарсы келетін ешқандай дүние жоқ екен.

Бағила ДӘУРЕНБЕКОВА, мейіргер:
– Біздің облыстық көпсалалы аурухананы коронавирус дендеп, басқа ауруханаларда орын жетпей қалған кезде инфекциялық ауруханаға айналдырғанда көбіміз таңданыс білдіргеніміз рас. Аурухана қызметкерлерінің ол сәтте індетке шалдыққан науқастарды қалай емдеу керек екені жайлы түсініктері аз болатын. Өйткені олардың жұқпалы ауруларды емдеу тәжірибесі болмады. Алғашында қиындықтар болды. Науқастармен бірге қиналдық. Жүйкеміз сыр беріп, жүрегіміз ауырды, ұйқымыз қашты. Дәрменсіздігімізді мойындап, науқастармен бірге іштей жыладық. Бірақ сабырлылық танытып, барлығына төздік. Уақыт өте келе ауыр жұмысқа да үйрендік. Қазір жұмыс сәл де болса бір жүйеге түсіп қалды. Науқас саны да күннен күнге азайғандай. Әрине қиын кездер болды. Бір мезгілде бірнеше адамның халі нашарлап жатады. Ауысымнан шыққан кезде қасымыздағы қыздарға көмек керек болады. Тастап кете алмайсың. Қанша жерден қиналсам да «жұмыстан кетемін» деген ой басыма келмепті. Бізден ем, көмек сұрап келгендерді көзің қиып қалай тастап кетесің? Ешкім мәжбүрлеген жоқ, бұл мамандықты өзіміз таңдадық емес пе?
Әріптестеріме өте ризамын. Бір де біреуі «шаршадым» демеді. Ауырып жүрсе де жұмысын адал атқарды. Кезекшіліктен шығып, «менің сағатым бітті, демалуым керек» деп кетіп қалған ешкім болмады. Күніне отыз-қырық науқас түсіп жатты. Пневмониямен ауырып, тыныстары тарылып, демі жетпей түскен жағдайлары ауыр науқастар өте көп болды. Оларды дер кезінде оттегі тізбегіне қоспасаң, тұншығып қалуы әбден мүмкін. Зыр жүгіріп жүріп, қолдан келген жәрдемімізді аямадық. Езіліп, егіліп отыратын уақытымыз болған жоқ. «Қиындықтың бәрін жеңіп шығамыз», деп тырыстық.
«Бірінші байлық – денсаулық» деп қазақ атам бекер айтпайды екен. Ең басты нәрсе – денсаулығың, отбасыңның бүтіндігі екенін білдім. Өз басым пандемия арқылы бақыт деген тым қарапайым нәрселерден тұратынын ұқтым. Тезірек бұл аты жаман ауыр індеттен ел-жұртымыз тезірек құтылса екен, мамыражай заман орнаса екен.
Кезінде орыстың ғалым-дәрігері Н.Петров «Дәрігер науқасқа өзінің білгенін ғана бермейді, ол сонымен қатар өзінің жақсы ішкі сезімдерін, тілектілігін, жүректегі сезімталдығын береді», деген екен. Көріп отырсыздар, дәрігер болу, медбикелік мамандыққа өмірін арнау кімнің болса соның қолынан келе бермейді. Ол үшін таңдаған сол мамандығыңды сүю керек, беріле еңбек ету керек. Жастарға, мектептің жас түлектеріне айтарым, мамандық таңдар алдында қателікке ұрынбағанымыз жөн. Ойланып-толғанып, үлкендермен, мамандармен ақылдасып, ой таразысына салып барып қана болашақ мамандығыңды таңда!

Адам өмірінде екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірінші өзіне өмірлік серік, жар таңдау болса, екіншісі бағыңды ашатын, әрдайым жүрегіңді жылытып, рахат сезімге бөлейтін, күш-қайрат беретін мамандық таңдаудан. Егер осы екеуі бір адамның бойынан табылып жатса – ол ең бақытты жан.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Журналистер одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.