Дәрігерлер енді ескі жедел жәрдем көлігімен жүрмейді

0 6

Өңірде Денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда

Облыста денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Жуырда аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне заманауи қондырғылармен жабдықталған жаңа автокөліктердің кілттерін салтанатты жағдайда табыстады.

Отандық өндіріс орындарында жабдықталған жылжымалы медициналық-диагностикалық кешендер 8 аудандық аурухананың балансына берілді. Сондай-ақ, облыстық жедел жәрдем стансасының паркі «Hyundai» маркалы 18 реанимобильмен толықты.
– Мемлекет басшысының негізгі саясатының басым бағыттарының бірі – денсаулық сақтау саласын жаңғырту. Барлық ресурстар қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталуы керек. Медициналық ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, төсек қоры мен инфрақұрылымы жаңартылуда. Дәрігерлердің жалақысы көтерілуде. Біздің облыста денсаулық сақтау саласына шамамен 5 миллиард теңге инвестиция салынды.
Қазіргі таңда коронавирустың ықтимал екінші толқынына қызу дайындық жүруде. Атап айтсақ, екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасып, 2530 төсек-орны дайындалды, жабдықтар сатып алынуда. С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетімен бірлесіп кадрларды даярлау ісі қолға алынып жатыр, – деген Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлеріне жанқиярлық еңбектері үшін алғыс білдірді.
Өңір басшысы жаңа технология дәрігерлердің науқастарға жетуін тездетіп, медициналық көмектің сапасын арттыратынына сенім білдірді.
Жылжымалы медициналық-диагностикалық кешендер жалпы қабылдау бөлмелері, акушер-гинеколог, сәулелік диагностика, жалпы тәжірибелік дәрігер алаңдары, талдаулар қабылдау орны, дәріхана пункті, сараптамалық кластағы портативті УДЗ, айналасына қауіпсіз рентген және флюорографиямен қамтылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандус-лифті бар.
Ауыл тұрғындарына бір бағытты бейінді мамандар қызмет көрсетеді. Оларға «Таза жүрек» акциясына қатысушы медициналық еріктілер көмектеспек.
Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бұған дейін облыстың үш ауданы жылжымалы медициналық диагностикалық кешенге ие болғанын атап өтті. Осылайша, барлық он аудан және облыс орталығы жылжымалы кешенмен қамтамасыз етіліп отыр.
– Тағы 48 жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Жедел жәрдем мен жылжымалы медициналық кешендер дәрігерлердің шалғайдағы ауылдарға жетуіне көмектеседі, – деді Әсет Қалиев.
Сондай-ақ, аймақтың бас дәрігері коронавируспен күресуге төрт мыңнан астам медициналық қызметкер тартылғанын айтты.
– Жұқтыру қаупі жоғары аймақта жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне ай сайынғы үстемақы төленеді. Төлемдер Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады. Корона­вируспен ауырған жалпы 275 медицина қызметкері 2 миллион теңге көлемінде төлемге қол жеткізді. Олар эпидемияға қарсы шараларға қатысқан. Қайтыс болған 20 медицина қызметкерінің отбасыларына 10 миллион теңгеден берілді, – деді Әсет Қалиев.
Шара барысында 12 жамбылдық денсаулық сақтау қызметкері «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.