Астанаға 20 жыл

Дәрігерлік амбулатория ел игілігіне

Шамамен төрт мыңға жуық тұрғыны бар бұрынғы Қасық, қазіргі Әлжан ана ауылының дәрігерлік амбулаториясының көнергенін көпшілік жақсы біледі. Олардың көптен бергі тілеулерінің бірі де осы емдеу мекемесінің жаңаруы еді. Міне, осы олқылықтың орны толтырылып, жаңа ғимарат бой көтерді.

Нысанның ашылу салтанатына ауыл тұрғындары қатысып, қуанышты сәттің куәсі болды. Қалың қауымның алдында құттықтау сөз сөйлеген Қордай ауданының әкімі Б.Байтөле соңғы жылдары ел экономикасының қуат алып, соның арқасында халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың көптеп тұрғызылып жатқанын айтып өтті.

– Еліміздің өзге өңірлері сынды біздің ауданның да медицина саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету біршама жақсарды. Соның бір айғағы бүгінгі ашылып отырған ауылдық дәрігерлік амбулатория. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындары аудан орталығына ағылмай-ақ, осында емделуін қамтамасыз ету. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының тікелей қолдауымен салынған дәрігерлік амбулатория халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыра түседі деген сенімдемін, – деді аудан әкімі Б.Байтөле.

Астананың 20 жылдығына мерекелік тарту ретінде ауылдық амбулаторияның есігін айқара ашуы әлжананалықтар үшін үлкен қуаныш болды. Ауылдың орталығынан бой көтерген еңселі ғимарат халыққа медициналық қызмет көрсетудің барлық талаптарына сай жабдықталған. Оған қоса, екі төсектік балаларға арналған және екі төсектік үлкендерге арналған күндізгі стационары да бар.

Амбулаторияның аға дәрігері Әсел Масақбаева 2014 жылы Алматыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетін жалпы тәжірибелік дәрігер мамандығы бойынша бітіріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен осы ауылға келген екен. Жас маманның қоластында қазір 11 қызметкері бар.
Ашылу салтанатына келген қонақтар амбулаторияның ішін аралап көріп, кейбірі дәрігерлерге жүгініп, сырқаттары бойынша кеңес алып жатты.

«ARAI»-дың тілшілер тобы

ПІКІР