"Кәсіпкерлік"

Дархан даланың Дариғасы шаруасын шалқытуда

Қазіргі таңда бизнес саласында ер азаматтармен теңдей жетістікке жетіп жүрген нәзік жандылар аз емес. Кейбірі тіпті көптің қолынан келе бермейтін кәсіп ашып, оны ұршықша иіріп отырғанын көргенде еріксіз таңдай қағасың. Міне, сондай іскер әйелдің бірі – Мойынқұм ауданындағы Айдарлы ауылының тұрғыны Дариға Ерікбайқызы.

Кейіпкеріміз бала кезінен еңбектің ащы дәмін татып өскен жан. Шаруа отбасында дүниеге келген оның ата-анасы Шу кеңшарында қырық жыл мал баққан адамдар екен. Төрт түлікке жақын болғандықтан, Дариға да жастайынан мал шаруашылығында әбден ысылады. Бұзау бағып, сиыр саууды бұйым құрлы көрмей өседі. Жолдасы Елубай Қуантаевты да жайлауда жүріп кезіктіреді. Жұбы жарасқан жас жұбайлар шаңырақ көтергеннен кейін өз алдына үй болу үшін 1992 жылы Айдарлы ауылына қоныс аударады. Мұнда сол кездегі билік олардың алдына 1000 бас кәрі қойды салып беріп, одан елтірі дайындауды міндеттейді. Мал жайын біркісідей жетік білетін Дариға бұл жұмысқа білек сыбана кірісіп, нәтижесінде 1000 бас қойдың әрқайсысынан 56 келіден ет, 1000 дана қаракөл елтірісін алады. Бұл еңбектері елеусіз қалмай аудан бойынша жеңімпаз атанып, оларға МТЗ-80 маркалы трактор сыйға беріледі. Осылайша, алғашқы олжаларына қол жеткізген жас отбасының қуанышында шек болмай, кейінгі жылдарда да көш басынан көрініп жүреді. Ал, кеңшарлар тарап, халықтың күнкөрісі қиындай түскен тұста Дариға отбасымен ақылдаса отырып, жер игеруге белін бекем буады. Шаруашылығын үш гектар жерден бастап, оны мың гектарға дейін жеткізеді. Кейін бұл жерді «Айдос» шаруа қожалығының теңгеріміне алып, жүгері, жоңышқа, арпа сынды мал азығын дайындауға кіріседі. Алайда, малсақ кейіпкеріміздің түпкі ойы төрт түлік өсіріп, соның берекесін көру болатын. Бұл арманына Дариға тек 2015 жылы ғана қол жеткізеді.

– Жасыратыны жоқ, басымыздан талай қиын кездер өтті. Бірақ, қазақ халқы қай дәуірде де «Төрт түлігім – жан азығым» деп білген. Мен де мал шаруашылығы десе, оң иығымды беріп тұрамын. Жоқшылық қос бүйірден қысқан жылдары жер игеруге тура келді. Рас, одан аз береке көрген жоқпыз. Бірақ, түпкі арманым төрт түлік өсіру болғандықтан, 2015 жылы «Дариға» шаруа қожалығын ашып, Үкіметтің қолдауымен 2 миллион 300 мың теңге несиеге 16 бас сиыр алдым. Міне, осы мүйізді ірі қараны қазір 30 басқа жеткізіп, бұқашаларды да бағудамын. Дайындаған ет пен сүтті Мойынқұм мен Шу аудандарындағы сауда нүктелеріне өткізіп, мол ырысқа кенелудеміз. Одан бөлек, мемлекет тарапынан берілетін субсидияларды жинақтап, биыл тағы 20 бастай құнажын сатып алу жоспарымда бар, – дейді Дариға апай.

Иә, алпыстың асуына келген анамыздың арманы асқақ, мақсаты айқын. Ең бастысы еңбектен қашпайды. «Қайтсем кәсіпкерлігімнің көкжиегін кеңейтемін» деп тынымсыз тірлік етуде. Отағасы Елубай Қуантаев егістік даласында жүрсе, Дариға өз шаруашылығын дөңгелетіп, мал қамын жасауда. Оған қолғабыс болып жүрген ұлы Айдостың да төрт түлікке жаны жақын. Анасының қолдаушысы да осы ұлы. Ал, бір ұлы әкесіне егістік даласында жәрдемдесіп жүрсе, үшінші перзенті ауыл әкімдігінде қызмет етеді. Үш баласының таңдауы әр түрлі болғанымен, мақсаты бір. Ол – отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейту.

– Әр ұлымның таңдауы әр түрлі болғанымен, түпкі ойлары бір. Жолдасым мен бір ұлым егістік даласында мал азығын дайындаса, мен ортаншыммен бірге оны мақсатты жұмсап, мал басын көбейтіп жатырмыз. Бұл біздің бөлінгенімізді емес, керісінше бір шаңырақ астында екі бірдей кәсіптің қанатын кеңге жайдырып отырғанымызды көрсетеді. Оған қоса, жиын-терін кезінде бәріміз бірдей егістік даласынан табылсақ, төл төлдейтін тұста, бұл шаруаға да жұмыла кірісеміз. Қазір мүйізді қараға арналып салдырған үй маңында үлкен қорам бар. Міне, осы жерде табиғат мезгіліне қарамай, барлық төлді төлдетіп, аман алып қалуға қолайлы жағдай жасалған. Алла амандығын берсе, биыл 30 бас сиырдан 30 бұзау аламын деп отырмын, – дейді кейіпкеріміз.

Біз бұл отбасының тірлігіне таңданып та, тамсанып та қарадық. Шынында да, жанұя мүшелерінің жерді де тиімді игеріп, мал шаруашылығын да дамытып жатқаны құптарлық нәрсе. Өйткені, бірінен түскен табыс, екіншісінің кемшін тұстарын толықтырып отыр. Бұл да болса, өзіндік бір ерекше бизнес-жоспар.

Тағы бір айта кетерлігі, Дариға апай өз шаруашылығының есебінен жылда «Мектепке жол» акциясы шеңберінде екі-үш мектеп оқушыларын киіндіреді. Сондай-ақ, жетім-жесірлерге қарайласып, ет-сүтпен қамтамасыз етеді. Одан бөлек, қоғамдық жұмыстардан да шет қалмай, түрлі жобалар мен шараларға қаржылай демеушілік жасауда. Енді келешекте іскер ана ауыл тұрғындарын науқандық қана емес, тұрақты жұмыспен қамтуды ойлап отыр. Бұл көпке үлгі болар тірлік екені даусыз.

Иә, «бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналарымыздың осындай берекелі тірліктері кейінгілерге бағдаршам екені сөзсіз. Кейіпкеріміздің өзі кәсіп ашамын деген қыз-келіншектерге нар тәуекелден қашпауға кеңес береді. «Қандай тірлікті бастасаң да, «бұл қолымнан келмейді екен» деп жарым жолда тастап кету туралы ойдан аулақ болу қажет. Сол кезде ғана мақсат, мұратыңа жетесің. Және бір адам істеген нәрсені, екінші адам да істей алатындығын естен шығармаған абзал. Қазір жас кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалуда. Міне, осындай мүмкіндікті нәзік жанды аруларымыз мүлт жібермеуі керек», — дейді Дариға Ерікбайқызы.
Біз де өз тарапымыздан бұл сөздерді қоштай отырып, «Дариға» шаруа қожалығының жұмысына сәттілік тілейміз. Дәл осындай іскер әйелдердің қатары көп болсын, ағайын!

Саятхан САТЫЛҒАНОВ
Мойынқұм ауданы

ПІКІР