Мәдениет

Дарынымен дараланған дарабоз

«Жазушы деген сөз қалаушысы, сөз кестешісі, сөз зергері, зергері болғанда жәй ғана зергер емес, сөз арқылы адамның жан дүниесін, сана-сезімін тәрбиелейтін зергер. Сондықтан да ол «адам жанының инженері» дейді Сәкен Сейфуллин. Ал, сынаптай сырғып, сананы тұрмыс билеген бүгінгі заманда адам жанының нағыз инженерлері қызыл кітапқа енген киелі құстар секілді азайып бара жатыр. Бірақ, бағымызға орай біржолата жоғалып кеткен жоқ. Олар бар. Арамызда, қасымызда, өз өлкемізде жүр. Сондай қарымды қаламгердің бірі, белгілі балалар жазушысы Пернебай Дүйсенбин. Биыл ауылда жүріп-ақ алты алашқа аты жайылған жазушы жетпіс бес жасқа толып отыр.

Жазушылық өте терең білімді, өмірлік мол тәжірибені, уақыттың құрбандығы мен жанқиярлық еңбекті, ар мен адалдықты, өзіндік мінез бен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бұл соқпағы бұралаң сүрлеумен жүріп өту екінің бірінің қолынан келмесі тағы анық. Ал, жазушылықтың өзінде қалам көтеріп жүрген әрбір шығармашыл қауымның қолы бара бермейтін істің бірі – балаларға арнап шығарма жазу. Оны әдебиет алыптарының өзі де мойындайды. Ұлы Дала ұрпағына арнап шығарма жазып жүрген қаламгерлер өңірімізде ғана емес, ел аумағы бойынша санаулы болып отырғаны рас. Ал, талай жыл табан аудармай ұстаздық етіп, өскелең ұрпақпен өнегелі өмірі өзектес болған жазушы Пернебай Дүйсенбин үшін балауса бүлдіршіндерге арнап туынды жасау қаламгердің өзін де, оқырмандарын да рухани ләззатқа бөлейтін үйреншікті іс. Себебі, ол талантты қаламгер. Олай екеніне талай әдеби додаларда топ жарып, жас жеткіншектердің құнды қазынасына айналған шығармалары дәлел.
Иә, расында да, жазушы шығармалары шынайылығымен ерекшеленеді. Өйткені, оқиға желісі өмірдің өзінен алынған. Әрбір жолынан алтын бесік-ауылдың исі аңқиды. Туындылар сонысымен жұрттың жанына жақын. Жазушының «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке!», «Елгезек ертегілер елінде», «Арайлы таң алауы» атты кітаптарын оқи отырып, осындай ойға берілесің. «Әдебиет ардың ісі» екендігін шүбәсіз мойындайсың. Қаламгердің еңбекқорлығы да еріксіз таңдай қақтырады. Оның тарихи-танымдық «Шежірелі Сарысу», «Сарысунама», тарихи-танымдық, деректік, шежірелік, әдеби «Үркердей болып көшкен жұрт», «Шеркешнама» атты үлкен дүниелерді жарыққа шығаруы телегей теңіздей талантымен қатар, үнемі ізденісте жүретіндігінің, барды бағалай білетіндігінің айғағы. Есесіне есіл еңбек те ескерусіз қалған емес. Пернебай Дүйсенбиннің салмақты да парасатты жазушылық қабілетімен Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің лауреаты, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанғанына ел куә.
Жазушының жан-жақтылығын да екі ауыз сөзбен айтып тауыса алмайсың. Ең алғаш рет бала күнінде қазіргідей қауырсын емес, қыл қаламды жанына серік етіп, бірнеше суреттері республикалық мүйізі қарағайдай басылымдарда басылған екен. Атап айтқанда, Мәскеуден шығатын, таралымы 5 миллиондық «Пионерская правда» газетінде «В отаре чабана» атты суреті жарияланыпты. Міне, сол кезден бастап таланты тайдай тулап, ақ қағаз бен қаламның адал досына айналады. Ең алғаш аудандық «Социалистік шаруа» газетінде «Таза бұлақ», «Гүлжан» атты тырнақалды әңгімелері, облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aqjol») газетінде «Сүйемін», «Құрдаспын», «Сырласпын» деген өлеңдері жарияланып, арыны мен қарымын анық байқатты. Ал, 1962 жылы өзі армандаған Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, студенттік шағында бейнелеу өнерінің алыптары Леонардо да Винчи, Левитан, Сикейрос, Сарьян, Рылов, Коненков, Таңсықбаев туралы жазған толғамды, әсерлі, тартымды эсселері «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетінде үзбей жарияланып отырды. Бұл ілкімді ісіне сол кездегі газет редакторы Шерхан Мұртаза мен көрнекті жазушы Оралхан Бөкей қолдау білдірген екен.Тіпті, студент шағында сол кезде көзі тірі, армян халқының ұлы суретшісі Мартирос Сарьянмен кездесу үшін Армения астанасы Ереванға барған сапары да оқырман ойын жазушылықтың жанкештілігіне жетелейтін жайт. Ал, Шерхан Мұртаза жас қаламгерді Ташкент қаласына іссапармен жіберіп, елден жырақта жүрген ұлы суретші, қазақ перзенті Орал Таңсықбаев туралы жазуды тапсырады. Ол сол жолы «Тау мен дала жыршысы» атты әсерлі дүние жазып, «Лениншіл жас» газетіне жариялады.
Оқуды озат бітірген Пернебай Дүйсенбин елге оралып, шаңырақ көтереді. Мамандығы журналист бола тұра ұстаздық етіп, бұл салада ұзақ уақыт сүбелі еңбек етті. 17 жылдай мектеп директорының орынбасары, 6 жылдай мектеп директоры қызметтерін атқарды. Оның ұстаздық қызметі туралы жазылған «Әдебиет сабағын оқытудағы кейбір ізденістер» атты жеке кітапша «Мектеп» баспасынан басылып, республикаға таратылды. «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты, журналист-жазушы Қали Сәрсенбай, «Серпер» ҚР Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының, ҚР Президенті сыйлығының, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты Болатбек Төлепберген, тағы да басқа көптеген талантты тұлғалардың Пернебай Дүйсенбиннің тікелей шәкірттері екенін біреу білсе, біреу білмес.
1977 жылдан бастап көркем әдебиетпен айналысуға ғазиз ғұмырын арнаған қаламгер Қазақ ССР Баспа, полиграфия, кітап саудасы комитеті, Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы және «Жалын» баспасы бірігіп өткізген республикалық жабық конкурста үш жыл қатарынан үздіктер сапынан көрінді. Атап айтқанда, 1979 жылы «Кішкентай генералдар» повесі, 1980 жылы «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және «Пальма» повесі, 1981 жылы «Сары Сөмке және оның достары» повесі – ертегісі үшін лауреат атанып, ауылда тұратын жас қаламгер есімі әдеби ортада, оқырмандар арасында кеңінен мәлім болды. Сондай-ақ, 1986 жылы жазушы өзінің шымыр ойлы, шап-шағын, жұп-жұмыр жазылған «Қайсар Қара Қарындаш туралы хикая» повесімен республикалық «Жалын» баспасының екінші бәйгесін тағы да иеленеді. Оның балаларға арнап жазған шығармалары туралы белгілі жазушылар, сыншылар Әзілхан Нұршайықов, Мұхтар Мағауин, Сейітжан Омаров, Кәдірбек Сегізбаев, Болатбек Төлепбергенов, Гүлзия Пірәлиева, Қаржаубай Омаров, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Бекен Ыбыраймовтар республикалық басылымдарда жоғары баға берді. Сонымен қатар, «Шуақ», «Алтын мүйізді киік» атты екі үлкен әңгімесі, «Жұлдыздар неге жылайды», «Сол бір асу…», «Есен-сау жүріңізші, асыл ата!» «Зертөбе» атты шығармалары республикалық әдеби басылымдарда, журналдарда жарияланып, әдебиетсүйер қауымның көз қуанышына айналды.
Қазақстан Жазушылар одағының, КСРО Жазушылар одағының мүшесі Пернебай Дүйсенбин 2008 жылы Сарысу ауданының құрылғанына 80 жыл толуына орай, тарихи, танымдық, деректік «Сарысунама» кітабын жарыққа шығарды. Ұлы композитор Ықылас баба туралы «Күй абызы-Ықылас» атты деректі кітабы жарияланды. Ал, қаламгердің журналистикалық қыры өз алдына бір төбе. «Ғасырға шендес екі жыл», «Бір ғана Отан…», «Мезгіл мозаикасы» секілді еңбектері оның көсемсөзші екендігін танытса, «Мұғалімдер мұңы» атты проблемалық мақаласы ұстаздар мәселелерін тереңнен қаузады. Сол үшін жазушы 1997 жылы «Парасат» журналы бәйгесінің лауреаты атанды.
Ауылда жүріп-ақ республикалық жабық бәйгеден оза шауып, бес дүркін лауреат болуы – оның шын талантының айғағы. Ал, олардан бөлек 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдесін, 2015 жылы аталмыш бәйгеге қатысқан 533 қаламгердің арасынан топ жарып, «Дарабоздың» бас бәйгесін иеленді. 2017 жылы «Республикалық Рақымжан Отарбаев қоры» әңгіме жанрында жарияланған конкурста да жеңімпаз атанды. Айналып келгенде, Пернебай Дүйсенбин республикалық, халықаралық әдеби конкурстардың сегіз мәрте жеңімпазы атанған екен. Ол Сарысу аудандық мәслихатының екі мәрте депутаты болып, халық сенімінен шыға білген жан. Мемлекеттік мәртебесі бар бірнеше медальдың иегері. Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Жазушы 75 жасты, міне осындай елеулі жетістіктермен еңсеріп отыр. Қанаты талса да қонбайтын қырандарға ғана тән қажыр-қайраты бұл табыстарды әлі де еселей түсеріне қалың оқырман тілеулес. Ғұмырнамасындағы ғазиз жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, біз де қадірлі қаламгерге шалқар шабыт, толағай табыс тілейміз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР