"Тарих. Таным. Тағылым."

Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар

Written by Aray2005

немесе ұлттық құндылықтарды қаншалықты құрметтеп жүрміз?

Еліміздің бас басылымы «Egemen Qazaqstan» газетінде көпшілікті ойға қалдырған сенатор Мұрат Бақтиярұлының «Даңғазалық пен дарақылық» (25.09.2019) және мәжіліс депутаты Дархан Мыңбайдың «Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл» (27.09.2019) деген мақалалары жарияланды.

Екі автор да ел-жұрттың ойында жүрген біраз мәселелерді орынды көтеріпті. Соның алдында ғана (20.09.2019) Тараз қаласының «Баласағұн» мәдениет сарайында айтары ауқымды, мақсаты маңызды «Елдік елге байланысты» атты облыстық қоғамдық форумы өткен болатын. Баяндамашы журналист Мейрамбек Төлепбергеннен соң жарыссөзге шыққан азаматтар ата-бабамыздан бізге жеткен салт-дәстүрлер мен ұлттық құндылықтар, елдің бірлігі жайлы кең көлемді талдау жасап, ой-пікірлерімен бөлісті, соңынан облыс тұрғындарына үндеу жолданды. Сол жиыннан алған әсерімнен және «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған мақалалармен танысқанымнан болар, біраз ойлар санамды жайлап алды. Соның бірнешеуін сіздерге жеткізгенді жөн көрдім.

Соңғы кезде ел алдында жиі айтылып жүрген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайында әңгіме жеткілікті. Оның төңірегінде көптеген пікірлер, мақалалар, басқосулар өтіп жатқаны барлығымызға аян. Әр дәрежеде жиындар өтіп жатыр, үндеулер қабылданып, іс-шаралар жоспарлануда. Өңірлерде, тіпті аудандарда «Рухани жаңғыру» орталықтары ашылып, арнайы штат бөлініп, жоспар бойынша халықққа қызмет етуде. Бұл – қолдауды қажет ететін қуанарлық іс. Расын айтуымыз керек, әлі де көпшілік «Рухани жаңғыру» дегеннің не екенін терең түсініп жүрген жоқ. Асық ойнап, көкпар тартса, жиылып алып ата-бабаларына ас берсе, ел алдында концерт қойса, айтыс өткізсе.., барлығын-барлығын рухани жаңғыруымыз деп қабылдап жүр. Мысалы, таяуда Алматы облысының Кеген ауданындағы Қарқара жерінде өңірдің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен халықаралық арба жарысын өткізді. Бірқатар шетелден жарысқа арнайы командалар келеді деп күтіліп еді, әттең, ол үміт ақталмады. Алматыда оқитын шетелдік студенттер мен өзіміздің елдің жастары қатысқан іс-шара өз мерейіне жете алмады, ойдан шықпады, сөйтіп, бөлінген қаржы желге ұшты. Ия, өкінішке қарай, жалаулатып «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әр өңірде, әр деңгейде әркім білгенінше өткізіп жүр. Солардың басын біріктіретін, толық саналы, түбегейлі шешім әлі қабылданған жоқ. Бұл мәселе төңірегінде ой бөлісіп, ненің не екенін ұққанымыз жөн сияқты. Әйтпесе әлгі орыс жазушысы Кырыловтың мысалындағыдай «біреу көкке, біреу көлге, біреу жерге тартып» жүрген жағдайымыз бар.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан кейін көптеген пікірлер, ұсыныстар айтылды, жазылды, бағыт-бағдар берілді. Ұлтымыздың ерекшілігін, ұлт құндылығын айқындай түстік, ой елегінен өткізіп, жаңа жоспарлар жасадық, «Ұлттық код» деген түсінікті енгіздік. Шынымызды айтқан жөн, сол ұғымды көпшілік терең түсіне бермейді. Ел ішін аралап жүрген билік иелерінен, партия қызметкерлерінен, саясаткерлерден құрылған арнайы топ оның мәнін көпшілікке қажетті деңгейде жеткізіп, ой-саналарын жетілдіріп, қарапайым халыққа олары белгілі дәрежеде әсер етіп жүрген жоқ. Әлі де ұраншылдық басым, талдау жоқ. Тіпті, базбір кезде негізгі жұмыс пен жиналысты алмастырып алған секілдіміз.
Жаңғырту бағдарламаларына сай халық мәдениетін жетілдіреміз деп концерттер ұйымдастыру қазір «модаға» айналды. Жастарға шуылдақ, мәнсіз концерттермен тәрбие бере алмаймыз, олардың сана-сезімін жаңартып, ұлттық рухын, патриоттық сезімін оята алмаймыз. Бұл бағытта көпшілік болып ойланатын мәселе әлі аз емес сияқты.
Келешекке көз салсақ, білімді, оқуы мол, мәдениеті жоғары, түйсігі терең азаматтары бар ел ғана озады, ел болашағы жарқын болады. Сондықтан жастар мәселесі ешбір көлеңкеде қалмауы керек. Жастар біздің болашағымыз екенін түсіне отырып, оларға өмір талабына сай оңды тәрбие беріп, ұлтжандылықты бойларына сіңіріп, тиянақты терең білім беріп, еріншектіктен, жалқаулықтан, масылдықтан арылтып, еңбекқорлыққа, төзімділікке үйреткеніміз жөн.
Әрине, ата салтымыз бен дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды, ұлттық құндылығымызды ұмытпауымыз керек, уақыт, заман талабына сай оларды жетілдіріп, жаңартуымыз қажет. Бірақ жоспарланған іс-шараларды шектен шығармай, даңғазалыққа ұрынбай, бостан-бос дүние шашуға айналдырмауымыз керек. Бір ғана мысал келтірелік, жақында елордада өткізілген Азия жазушыларының І форумына мемлекетіміз 281 миллион теңге жұмсапты. Бірақ сол жиыннан күткен сеніміміз, ойымыз орындалды ма? Ұлттық әдебиетіміз одан не ұтты? Несін жасырамыз, тірнектеп жиналған мемлекеттік қаржыны базбір кезде мәнсіз жиындар өткізіп, оңды-солды, жөн-жосықсыз желге шашатынымыз не? Бұл дарақылықтың бір белгісі емес пе?
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деп жатамыз. Орынды айтылған пікір. Қолдан келгенше ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, кейінгі ұрпаққа өнеге етіп, қымбат, асыл қазынамызға айналдырғанымыз орынды.
«Қазақ тойшыл халық» деп көпшілік біздің бір ерекшелігімізді бөлекше айтып жүр. Расында солай. Той жағынан барлығынан озған халықпыз. Мүшел жас тойларды есептемегеннің өзінде шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, тілашар, сүндет той, үйлену той, қоныстой болып жалғаса береді. Басқа бірде-бір халықта осыншама той жоқ. Әрине, Алла Тағала тойдан ажыратпасын. Тойға орынды-орынсыз 200-300 қонақ шақырып той өткізу, ақша жинаудың бір жолы, яғни қазіргі тілмен айтқанда, тойды біз бизнеске айналдырып жібермедік пе екен? Осыншама тойшылдыққа ұрынғанымыз жөн бе? Ұлдарымыз бен қыздарымызды үйлену салтанатында бірнеше қымбат, жалтыраған әсем шетелдік «Лимузинге» отырғызып, оның жанына прокатқа алынған, жалданған сүліктей әдемі 5-6 автокөлік қосақтап, кортежге тізіп, жарыстырғанымыздың жөні бар ма? Бұл даңғазалықтың, елден ерекшеленіп атын шығарудың белгісі емес пе? Ертеректе шілдехана, жас нәрестені бесікке салу бір үйдің ішінде оншақты әйелдің қатысуымен өткізілетін шағын шара емес пе еді? Қазір оны біз неге айналдырып жібердік? Неге шектен шығып ұлан-асыр тойға айналдырып, даңғазалық пен дарақылыққа, ысырапшылыққа, үнемсіздікке жол береміз? Жарыса салтанат құру орынды ма? «Басқалардан қалам ба, олардан нем кем?» деп тыраштанып, кредит алып, жиған-тергенін желге шашып немесе қарызға белден батып, басына түскен қиындықтан сіңірі созылып жүрген қанша жанды білеміз. Таяуда көршіміз Өзбекстанда той мәселесі парламентте қаралып, арнайы қаулы қабылданды, біраз іске шектеу қойылды деген мәліметтер бар. Мүмкін, бізге де солай ету керек шығар?!
Бірде қызметтес жалғызбасты әйелдің сөзінен сөз шығып, ұзатылған қызының таяуда қыз тапқанын, енді оған бесік, манеж, қоларба, велосипед, бірнеше пар киім-кешек алып бару керек екенін, ол үшін біраз қаражат керек болғанын, содан банктен әжептәуір кредит алып қиналып қалғанын әңгімелегені бар. Күйеуі осыдан 3 жыл бұрын жол апатынан көз жұмғанын білетінбіз. Әлгі ұзатылған қызынан бөлек қолында тағы екі қызы, бір ұлы бар болатын. Мына қысқа жіп күрмеуге келмей жатқан кезеңде ұл-қыздарын аяқтандыру, кері кеткен салт-дәстүрлерге ілесу оған өте ауыр соғып жүргенін мұңая жеткізген еді. Ия, расында да қазақтың әлгі «кедей тоңып секіреді, бай тойып секіреді» деген заманы дәл қазір кеуделеп тұр-ау, шіркін. Саналы ұл-қыз болса, қиындыққа түсіне қарар, ал бетімен кеткен базбір жастар әке-шешесіне «менің тойыма мынаны-мынаны жасайсыңдар, жастармен қыдыруға екі «Лимузин» жалдайсыңдар…»– деп тағы да басқа міндеттер жүктейтіні, «әйтпесе үйленбеймін.., асылып өлем…» деп туған, өсірген әке-шешесіне шарт қойып, қыспаққа алатындарды да көріп, естіп жүрміз. Үйленгеннен кейін екі жас үй болып кетсе жарады, қаншасы бір жылға жетпей ажырасып, әке-шешесінің сенімін ақтамай, жиған-тергенін рәсуа етіп жатпаса болды да…
Осындай ойларға беріле отырып, «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген сөз еріксіз еске түседі. Атадан келе жатқан салт-дәстүрді, әдеп-ғұрыпты орындау барысында базбір байшыкештер шектен шығып, асыра сілтеп, өздерінше «жетілдіріп», шыңына жеткізіп, қарапайым, жағдайы төмен халыққа салмақ түсіріп жатқанын мойындауымыз керек. Бұл – қазіргі күндерімізден бір-ақ мысал. Ал айтылмағаны қаншама?..
Ортамыздағы дін қызметкерлері, имамдар әлі де жер-жерде жаназа беру, жерлеу, ас беру, бейіт басына мазар тұрғызу мәселесіне орынды көңіл бөлмей отырғаны көпшілік арасында жиі айтылып жүр. Жақыны қайтыс болған үй жылқы сойып, қазан көтеріп, дастарқан жайып жаназа өткізу еш ақылға сыймайтын іс. Басқа еш елде ондай дәстүр жоқ. Керісінше ол үйдің қазаны төңкеріліп, үш күнге дейін ас даярланбайды, көршілері керекті тағамдарды әкеліп дастарқан жаяды. Жерлеу барысында жиылған халыққа ақша тарату, жыртыс беру де артық дүние. Өмірден өзған кісінің басына күмбезі күнге шағылысқан көлемді мазар соғу қазақтардың арасында жарысқа айналды. Баршылығын көрсеткісі келгендер ту сонау Маңғыстау өңірінен ақ тас алдырып, ақ шаңқан, еңселі, көрнекті күмбез салып ерекшеленуде. Базбір ауыл сыртындағы бейітке зер салсақ, ақ кірпіштен соғылған ерекше қалашық секілді әсер қалдырады. Ойланайықшы, өмірден қайтқан жанға сол керек пе? Өмірден озғандарды жарыстыру орынды ма?
Тағы бір «жаңалық» – соңғы жылдары көпшілік арасында «бейшембілік» деген шара пайда болды. Қайтқан адамның жақындары, достары оның қырқы өткенге дейін әр бейсенбі сайын кезек-кезек мал сойып, дастарқан жайып құран бағыштайтын дәстүр енгізілді. Ел ішінде өсіп-жетілдік, бейшембілік деген дәстүрді білмедік, ол кейін пайда болды. Уақыт өткен сайын өмірімізге осындай модификация еніп, дарақылық, даңғазалық, ысырапшылдық үдеп барады. Оған не дейсіз? Жергілікті ауыл имамдары, ауыл ақсақалдары, ауыл әкімдері бұл істерге өз өкілділігін жүргізе алмай отырғаны жасырын емес. Сондықтан олар әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, бір шешімге келгендері орынды болар еді.
Қазіргі қоғамымыздың тағы бір жегіқұрты– рушылдық, жершілдік. Тіпті базбір замандастарымыз өзінің руын жоғары қойып, біреулерге пысқыра қарайтын кертартпа әдет пайда болды. Өздерін бөле-жара таныту үшін астына мініп жүрген көліктеріне «Арғын», «Адай» деп айқайлата әдемі етіп жазып алуды енгізді. Кейбір рулар өз туларын жасап, жалаулатып жүр деп естиміз. Жиылып алып, жыл сайын белгілі ата-бабамызға ас беру де шектен шығып кеткендей. Ру-руға, ата-атаға бөлініп, орынды-орынсыз өз аталарына белгі-ескерткіш қою мәселесі де көпті ойландыру керек.
Ата-атаға бөлініп, ағайын арасына іріткі салып, трайбализмге жол беріп, бірінің бірі аяғынан шалу көбеймесе, азаймай келеді. Әркім руына, атасына қарап емес, құдай берген азаматтық қабілетіне, біліміне, біліктілігіне, көпшілділігіне, мәдениеттілігіне қарап бағалануы керек емес пе? Олай болмаса өспейміз, керісінше өшеміз. Сондықтан ескі сананың сарқыншағына ілесіп кетпейікші, ағайын. Келер ұрпақты содан арылтайықшы.
Мен жазып отырған осы бір мәселелер бұрыннан айтылып келе жатқан дүниелер екенін бәріміз білеміз. Бірақ айтылғанымен, жазылғанымен қоғамымызда ешбір өзгеріс жоқ, шектеу жоқ. Бұрынғы сарын, бұрынғы әдет жалғасуда. Қайта уақыт өткен сайын ол үдеп, өршіп бара жатқан сияқты. Ұрпақ сабақтастығы деп жатамыз. Сол келер ұрпаққа біз не өнеге тастап кетеміз? Ойланатын жайт…
Уақытына қарай әр ұрпақтың өмір сүрген кезеңіне байланысты оларға жүктелетін тарихи миссиясы болады. Ұлт ұстазы Әлихан Бөкейханов: «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпесе болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар», деген екен.

Ия, айта берсек әңгіме көп. Бүгінгі әңгіме азаматтық құндылықтар төңірегінде болғасын ұлттық салт-дәстүр, әдеп-ғұрып шараларының озығын игеріп, қазіргі қоғам жастарына беретін тәрбиелік мәні барларын, ой-өрісін кеңейтетін шараларды қолдауымыз керек. Біз қазақ деген ұлылардың ұрпағы болғаннан кейін де ұлттық құндылықтарымызды ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтағанындай біз де одан әрі сақтап, жаңартып, жаңғыртып, құрметтеп, биікте ұстауымыз керек. Мұны тек қазақшылықпен өмір сүруіміз керек деп ұқпай, сырттан келген қандай да болсын ағымдарға, сырттан келген қандай да болсын сәндерге еріп кетпей, өз қазақилығымыз бойынша өмір сүрсек, бұл да құндылығымызды сақтағанымыздың және өз құндылығымызды жоғалтпауымыздың бірден-бір ең әдемі көрінісі деп санаймын. Сіздің оған қосарыңыз бар ма, ағайын?

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР