Рухани жаңғыру

Дәстүріміз неге дәріптелмейді?

Облыстық «АРАЙ» газетінің 22 ақпанда жарық көрген №8 санындағы «Ұлыс күнінің ұлылығын қашан сезінеміз?» атты мақаласында Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы Жапар Сатылғанов Ұлы даладағы ұлт пен ұрпақтың танымына әсер ететін тәлім-тәрбиелік маңызы зор мәселе көтерді. Расында да, жарғақ құлағы жастыққа тимей, толарсақтан саз кешіп, байтақ даласын жаудан қорғаған бабалар сондай жаугершілік заманда Ұлыстың ұлы күнін қалай қарсы алып еді? Қаншама қиындықтарға қарамастан, ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, ел тағдыры қыл үстінде тұрған қиян-кескі дәуірлердің өзінде де дәстүріміз лайықты дәріптелді. Ол – ата-бабалардың қасиеттілігі мен мықтылығының, тектілігі мен парасаттылығының көрінісі. Сол бабалар өмірінің өзегіне айналған салтымыз қасық қанмен, шыбын жанмен бізге аманатталған жоқ па?! Өкінішке орай, тәуелсіздіктің ширек ғасырынан асып, бейбітшілік тербеткен байтақ бесігімізде әз Наурыз мерекесін өз деңгейінде насихаттап, бұқаралық сипатта атап өте алмай жүргеніміз жасырын емес. Наурызды тойлау бірнеше ай бұрын жапатармағай жанталасып дайындалатын Жаңа жыл мерекесінің тасасында қалып қана қоймай, жылдан жылға салтанаты солғын тартып барады.

Қазір облыс орталығында да, аудандар мен ауылдарда да тек мерекелік концерт ұйымдастырылып, жеңіл-желпі ән айтылады. Ел көже ішіп тарқасады. Көбіне бұқаралық сипаттан ажырап, өскелең ұрпаққа өнегелі құндылықтарымызды дәріптеп, санасына сіңіретін бұл мереке арзан шоуға, сахналық қойыртпаққа айналып кеткендей көрінеді. Болған-біткені осы. Тіпті соңғы жылдары дәл мерекеге бір күн қалғанда түнделетіп орнатқан киіз үйлерін сол күні түстен кейін жинап тастайтын болды. Құдды бір осы шаруадан тезірек құтылуға асыққандай. Жастар тұрмақ, өзіміз секілді егде жастағылар да әр мекеме тігіп қойған киіз үйге кірмек түгілі, маңайына беттей алмайсың. Себебі, ондағы дастархан ел үшін емес, есеппен жайылған. Қазақы домбырамен тек басшылар ғана бас сұққан үйлерде ән мен жыр төгілетіні болмаса, қалғандары уақыт санап отырғандай. Ұлттық нақышта тек сахнаға шығатындар ғана киінеді. Ал, қалғандары қазақ емес пе сонда? Әлде өз ұлтының басты нышанынан, құндылығынан намыстанып жүр ме? Әлде наурыз тек ішіп-жеудің себебі ме? Сонда рухани жаңғыруымыз қайда қалды?

«Мәңгілік Ел» боламыз деп мақсат қойған мемлекетіміз үшін маңыздылығы ерекше екі-ақ мейрам бар. Ол – Тәуелсіздік күні мен Наурыз мерекесі. Барлық жетістіктеріміз, тіршілігіміз бен тағдырымыз, тарихымыз бен болашағымыз осыдан бастау алатынын қашан сезінер екенбіз. Бұл мәселе бүгін, не болмаса биыл ғана айтылып келе жатқан жоқ. Айтсақ, өзімізге сын. Бүгінде ішіп-жеуді білсе де, бір ауыз бата білмейтін, білсе де дұрыс жеткізе алмайтын, аузында өнегелі сөзі жоқ қариялар да қаптап барады. Отырған жерінде жастарға, өскелең ұрпаққа әз Наурыздың мән-маңызын, қадір-қасиетін жеткілікті түрде жеткізетін қариялар көп болса, ұлттық мерекеміздің қадірі қашып, бүгінгідей деңгейге түспейтін еді ғой. Осыдан кейін салт-дәстүрге салғырт қарап, салқындық танытатын жастарға не айтуға болады? Бұрындары ауыл жастары алуан түрлі ұлттық ойындарды ойнап, таңды, бақ жетелеп келетін Қыдыр бабаны көз ілмей күтетін. Қазір ол да қалып барады. Жастар тұрмақ, жөн-жоралғы, ырым-тыйымдарды толыққанды білетін егде жастағылар да қалмай барады. Оған қоса, тазалықты дәріптейтін мереке соңында алаңдағы қоқыстан аяқ алып жүре алмай қалатын кезіміз де әдетке айналып барады.

«АРАЙ» газетіндегі аталмыш мақалада мерекелік жеңілдіктер мәселесі де орынды көтерілген. Расымен, желтоқсан айына жетпей жатып дүкендер, Сауда орталықтары, мейрамханалар қызды-қыздымен елу пайыздан жетпіс пайызға дейінгі жеңілдіктерін жарнамалап, жанталасатыны жасырын емес. Неге әз Наурызда осындай жеңілдіктер мен жәрмеңкелерді дәстүрлі түрде ұйымдастырмасқа?! Жыл бойы жеткен жетістіктеріміз бен жеңімпаздарымызды неге насихаттамасқа?! Шоу үшін ғана емес, орталыққа жиналған халықтың арасында ісмерлер мен балуандардың, тапқырлар мен өнерпаздардың байқауын неге өткізбеске?! Жастар арасында ат әбзелдеріне қатысты танымдық шаралар, келіндердің ұлттық ас мәзіріне деген шеберлігін шыңдайтын додаларды неге қолға алмасқа?! Байқап қарасаңыздар, Наурыз мейрамы қарсаңында «неге?» деген сұрақ көп. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін зиялы қауым өкілдері, этнографтар мен тарихшылар, жазушылар мен ақындар, педагогтар мен мәдениет саласының майталмандары бірлесіп, Наурыз мерекесін тойлаудың нақты тұжырымдамасын жасаса жөн болар еді. Еуропада алтыннан шырша құйып жатқанда, біз өзіміздің төл мейрамымызды неге лайықты деңгейде атап өтпейміз?

Қорыта айтқанда, адам мен адамды, адамзат пен табиғатты, ұлт пен ұлтты жақындастыратын рухани парасаты мол мерекені қалай күтіп алсаң, жыл толығымен солай өтеді деген наным-сенім бар. Ендеше, ежелден жасампаздық пен өміршеңдіктің, жаңару мен жаңғырудың бастауы, ырыс пен ынтымақтың, береке мен бірліктің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күнінің қадіріне жете білейік, қадірлі ағайын!

Құрал НҰРПЕЙСОВ,
аудандық ардагерлер кеңесі
төрағасының орынбасары,
Талас ауданы

ПІКІР