"Сырғалым"

«Дәстүрлі ән өз биігінен түспейді»

«Ел іші – өнер кеніші» дейді дана қазақ. Дәстүрлі әннің құнарына тұшынып өскен жастар арасында халықтың бағзыдан жеткен асыл өнерін ардақ тұтатындар аз емес. Солардың бірі-Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері Фариза Досболова. Заман қанша құбылса да кешегі өткен дүлділдер салған сара жолдың маңызы аласармайтынын дәлелдеп жүрген өнерпазбен сұхбаттасып, көкейдегі бірқатар сауалдар төңірегінде сыр тарқатқан едік.

– Фариза Ибрагимқызы, естуімізше көптеген халықаралық, республикалық, облыстық ән байқауларының жеңімпазысыз. Қатысқан фестивальдарыңыздан жүлдесіз қайтпайсыз. Ол, әрине, табиғи талантыңыздың, еселі еңбегіңіздің бағасы. «Әу демейтін қазақ жоқ» дейміз. Әйткенмен, кең де әуезді үн екінің біріне бұйыра бермейтіні рас. Сізге бұл ғазиз өнер кімнен дарыған?
– Сірә, бұл өнер менің бойыма анамның ақ сүтімен сіңген деп ойлаймын. «Баланың жақсылығы нағашыдан, үйдің беріктігі ағашынан» деген сөздің астарында шындық бар-ау, осы. Өзім Сарысу ауданының Досбол ауылында туып, өстім. Тума таланттардың көбі ауылдан түлеп ұшқан ғой. Өзіңіз жоғарыда айтқан «Ел іші – өнер кеніші» деген осыдан шықса керек. Әжемнің әуезді үнімен шырқайтын әсерлі әндерін тыңдап өстім. Анам үй шаруасын атқара жүріп те әндететін. Осының бәрі де мені өнер жолына жетеледі.
– Атаңыз бен ауылыңыздың аты бірдей екен. Мұнда қандай да бір сабақтастық бар ма?
– Иә, ауылымыз менің атамның есімімен аталады. Атам 1932 жылғы ашаршылық кезінде егін шаруашылығымен айналысып, елге көмегін көп тигізген. Шапағаты көпке тиген жомарт жан болыпты. Талай жанның зобалаңның зардабынан аман қалуына септігі тиген. Сондай мәрттігімен ел аузында аты қалған қария. Кейін ауылдастары сол мекенді Досбол ауылы атап кетіпті. Сондай текті кісінің ұрпағы болып туғаныма мың шүкірлік айтып, мақтанамын.
– Өнер жолында алғаш рет көпшілік алдына шыққанның әсері бөлек болатындығы даусыз. Ал, сіз неше жасыңызда сахнаға шықтыңыз?
– Ең алғаш қалың көпшілік алдында ән салған сәтім бүгінгідей көз алдымда. 2004 жылы ұйымдастырылған облыстық ән байқауына «Әлия» әнін орындап қатысқан едім. Кең дауыспен жоғары деңгейде орындағанымды қазылар атап айтып, бас жүлде берді. Артынша-ақ, облысымыздағы «Алатау» ән-би ансамбліне шақырту алдым. Содан көп ұзамай, Шәмші Қалдаяқов әндерінің Халықаралық фестивалінде бақ сынап, 3-орынды олжаладым. Мұнан соң Ақтөбе қаласында «Әлия» патриоттық әндер байқауында бақ сынап, 2-орыннан көріндім. Содан кейін облыс жұртшылығына сол «Әлия» әнімен көбірек танылған секілдімін. Олай дейтінім, мен жайлы әңгіме өрбіген жерде «Қай Фариза?» дегендерге «Әлияны айтатын Фариза» дегендерін өзім де талай естідім. Расында да мені үлкен сахнаға алып шыққан «Әлия» әні бойтұмарыма айналды. Және «Баласағұн» орталық концерт залының киелі сахнасы маған құтты жол ашты.
– Бүгінде табиғи таланты болсын-болмасын техниканың көмегімен ән айтып, ел алдына шығып жүргендер көп. Тіпті, қасиетті өнерді ақша табу көзіне айналдырғандар да аз емес. Бұл жөнінде ойыңыз қандай?
– Расында да, фонограммамен ел алдына шығып, әнші атанып жүргендер дәл қазіргі уақытта өте көп. Бір емес, бірнеше адамның даусымен микрофон ұстап ортаға шығып, тойларға барып, табыс тауып, әлеуметтік желіде кеңінен танылып жүргендер де жетерлік. «Ұялмаған әнші болады» деген осындайларға айтылса керек. Әйтпесе, ән айтсаң да жаныңды жеп айтасың. Дүйім жұрттың алдына өнерімді танытамын деп шыққаннан кейін тыңдаушылардың талғамына сай болуға тырысу керек-ақ. Бірақ, қанша рет айтылса да, өнерге жасалған бұл өрескелдік түбегейлі жойылмай келеді. Соған қарағанда, шынайы өнерге деген жанашырлық жоқ секілді. Десек те, техниканың көмегімен танылғандар ұзаққа бармайды. Бәрібір, уақыт өзі екшеп, саф өнерді серік еткендерді биікке көтеретініне сенемін.
– Жасырын болмаса, айтыңызшы, ән орындаудан табатын табы­сыңыз қанша?
– Нақты санмен айта алмаймын. Шүкір, бұйырғанын алып жүрмін. Жаратқанның берген нәсібін адал еңбегіммен теріп жеймін. Кейінгі уақытта қолыма баян алып шығып, дәстүрлі ән орындап жүрмін. Байқаймын, елдің қошеметі бұрынғыдан бөлек. Қазіргі тыңдармандар дәстүрлі әннен гөрі эстрадаға көп бет бұрды дейміз, бірақ бәрібір халық әніне деген құмарлық басым екен. Және баянның үнін де көпшілік ұйып тыңдайды. Не дегенмен де дәстүрлі әннің дәні мықты ғой. Қаншалықты заманауи үлгіде өзгерістер орын алса да, халық музыкасы өз биігінен түспейді. Себебі, онда бағзы дәуірден, сонау ғасырлардан бүгінге жеткен ұлттық мұраның сарыны сақталған. Ұлттық сазымызда, дәстүрлі әнде кешегілердің үні, арманы, тіпті зары бар. Өткенімізді ескеріп, бағалай білсек қана ертеңге нақты қадам баса аламыз. Кешегілердің кемеңгерлігімен басқан қадамымыз баянды болашаққа апармақ. Ал, терме-тұнып тұрған тәрбие көзі.
– Бәсеке дегенді қалай түсінесіз?
– Бәсеке болмаса, өрлеуге жол ашылмайды. Себебі, өзіңнің замандастарыңа, қатарластарыңа қарап, талпынасың. Сол секілді кез келген істе де бәсекелестік болса, алға жылжу жоғары болады. Ал, өнерде бәсеке болмаса, шабыт та келмейтін секілді. «Мен тыңдармандарымды мойындаттым, әнімді тыңдағандар қошемет көрсетті» деп марқайып жүре берсең, ізденіс болмайды. Оның арты құлдырап, құлауға әкеледі. Сол үшін де мен бәсекені тұлпарға салған қамшымен тең көремін. Өнерге де, жұмысқа да бәсеке керек.
– Достарыңыз көп пе?
– «Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» дейді біздің халық. Мүмкіндігімше маңайымдағылардың бәріне достық пейілімді білдіруге, жан-жағымдағылармен жақсы қарым-қатынаста болуға тырысамын. Шүкір, мен үшін қуана алатын, мұңымды бөлісіп, жабыққанда жұбататын достарым баршылық. Алайда, дос екен деп жұрттың бәріне сыр аша бермеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қамар Қарасаева

ПІКІР