Сұхбат

«Дәстүрлі журналистика мен әлеуметтік желі арасында текетірес басталды»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – республикалық «Жас Қазақ» газетінің
бас редакторы Срайыл Смайыл

– Срайыл аға, бүгінде республикалық «Жас Қазақ» газетін басқарасыз. Осы қызметке дейін талай белесті бағындырғаныңыз белгілі. Журналистика саласына қалай келдіңіз?
– Бала кезімнен спортты жаныма серік еттім. Мектепті бітіргеннен кейін Шымкент қаласындағы педагогикалық институттың «Спорт» факультетіне құжат тапсырдым. Бірақ, жолым болмай, оқуға түсе алмадым. Мұнан соң Алматыдағы дене шынықтыру институтына да құжат тапсырғаныммен, онда да білім алу бақыты бұйырмады. Кейін журналистика мамандығы бойынша конкурсқа қатысып жатқан үміткерлердің саны аз дегенді естіп, сонда түсуге бел байладым. Бірақ, сынақтан өту үшін бірінші кезекте жарияланған мақалаларың болуы қажет екен. Ол кезде шыны керек, мақала, сұхбат деген сөздер қаперіме кірмейтін. Әйтеуір, құжат тапсыру үшін аудандық газетке бір-екі мақалаларымды жарияладық. Сөйтіп, әскерден әкелген жолдаманы қоса тапсырып, емтиханнан өттім. Оқуға түскен алғашқы жылдары өз-өзімнен күдіктеніп жүрдім. Себебі, жазу-сызудан хабарым жоқ болған соң оқуды ойдағыдай бітіре алатыныма сенімсіздеу едім. Сондай-ақ, курстастарымның ішінде бір-бірін баяғыдан танитындар көп болатын. Олардың көпшілігінің шығармалары сол кездегі «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») және «Қазақ әдебиеті» сынды газеттерде жарияланып, атағы шыға бастаған. Кейде өзара газет беттерінде шыққан мақалалары туралы пікірлер айта бастағанда, үндемей отыратын кездерім де аз болған жоқ. Осылай алғашқы оқу жылы да аяқталды. Ал, екінші курстан бастап газеттерден тәжірибеден өте бастадық. Осындай кездерде таңдаған салам бойынша өзімді зерттеп көрдім. Сөйтсем, шығарманы тәуір жаза алады екенмін. Аудандық, облыстық, республикалық газеттердегі мақалаларды салыстырып та көрдім. Қарап отырсам, барлығының формасы бірдей. Содан соң газеттерге шыққан мақалалар мен очерктерді қарай бастадым. Тәжірибеден өтіп, мақала жазуға талпынып көрдім. Бесінші курста еңбекке араластым. Ол кезде араб қарпімен шығатын «Біздің Отан» атты жалғыз газет болды. Аталған басылым мені жұмысқа шақырды. Жолдамамен сонда бардым. Негізі үшінші курстан бастап сол басылымнан тәжірибеден өтіп жүргенмін. Үш жылдай қызмет еттім. Университеттегі ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысов ағайдың газетті безендіру дәрісінің пайдасы тиді. Макет сызуды үйрендім. Ол кезде қазіргідей компьютер жоқ, дизайн қорғасынмен құйылатын. Сонымен қатар, араб әріптерінің де ерекшелігі бір бөлек. Мәселен, қарапайым бір әріптің төрт көрінісі болады. Егер сол әріптің бір нүктесі түсіп қалатын болса, мүлде басқа сөз ретінде құбылып кететін. Сондықтан, газеттің дизайнына көмектесу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазір «Жас Қазақ» газетінің дизайны көпшіліктің көңілінен шығып жүр десек, ол тәлім-тәрбие мен алғашқы тәжірибенің жемісі.
1990 жылы газетіміз 8 бет болып шыға бастады. Алты беті араб емлесі, қалғаны кирилл әрпімен. Осындай өзгерістен соң жауапты хатшымыз басқа жұмысқа ауысып кетті. Өзінің орнына мені ұсынды. Бірақ, басшылық құптай қоймады. Өйткені, университет бітіргенім күні кеше ғана. Оның үстіне бас редактордың орынбасарының штаттық бірлігі қарастырылмағандықтан, жауапты хатшы лауазымы бойынша редакциядағы екінші адам. Мен тіпті, партия мүшесі де емес едім. Төте жазуды меңгерген лайықты адам табыла қоймады. Ақыры мені «жауапты хатшының міндетін атқарушы» қылып бекітті. Сөйтіп жұмысқа кірісіп кеттім. Редакциядағы ағалар мен апайлар кілең қамқор жандар еді. Солардан көп нәрсе үйрендім. Ал, үлкен басшымыз көрнекті мемлекет қайраткері Шәңгерей Жәнібековтің шәкіртімін деп мақтанышпен айта аламын. Одан кейін көп басшылармен жұмыс істедім. Дейтұрғанмен, адал да талапшыл, дүниетанымы кең, әсіресе жастарға жанашыр ағаның орны мен үшін қашан да бөлек. Мені «балам» деп жанына жақын тартатын. Ол кезде Алматыдан үй алу қиынның қиыны. Ал, мен басшымыздың қолдауының арқасында екі жылдан кейін баспаналы болдым.
1992 жылы Халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз «Түркістан» газетіне жұмысқа шақырды. Сол кезде түрікше үйреніп жүргенмін. Шолушы-аудармашы болып бардым. Бұдан кейінгі жылдары «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінде және «Қазақ ақпарат» агенттігінде шолушы қызметін атқардым. 1993 жылы Түркияның «Түркия» газетінің Алматыда өкілдігі ашылды. Қалекең бір күні мені сол өкілдіктің басшыларына таныстырып, жұмысқа алдыртты. «Түрікше білесің, енді шетелдік газетте жұмыс істеп көр» деді. Аталған газетке жұмысқа тұрдым. Түркияда шығатын басылым болғандықтан, еліміздегі жаңалықтарды күнделікті жазу керек. Әрине, бастапқыда қиын болды. Себебі, түрік тілінде газет материалын жазудың өз ерекшелігі бар. Сол талапты орындамасаң, мықшыңдап жазған дүниең өтпейді.
Бір жылдан соң Түркияның 40-тан астам елде өкілдігі бар «Анадолу» мемлекеттік ақпарат агенттігі жұмысқа шақырды. Еуропа мен Америка стандарттарымен жұмыс істейтін агенттіктегі ең үлкен олжам – ақпарат жазуды үйренуім. Бір жағы таптырмас тәжірибе. Аймақтық қақтығыс, экономика, мұнай және Таяу Шығыс тақырыптарын меңгеруге мүмкіндік туды. Дегенмен, «Ана тілі», «Жас Алаш» газеттерінде және «Қазақ ақпарат» агенттігінде шолушылығымды тастаған жоқпын. Осы жылдары Жарылқап Бейсенбай, Марат Қабанбай, Нұртөре Жүсіп секілді журналистика саңлақтарымен бірге жұмыс істеп, сол кісілердің тәлімі мен тәрбиесін көрдім. Түркияның жоғарыда айтқан басылымдарында жұмыс жасап жүргенімде Ататүрік туралы қазақ тілінде тұңғыш кітап жазу бақыты маған бұйырды.
Жалпы, халықаралық ақпарат құралдарында жұмыс істей жүріп мамандықты жетік меңгеру үшін көп оқып, іздену керек. Әйтпесе уақыт көшінен қалып қоясың. Осы тұрғыдан алғанда Мысырда аймақтық қақтығыстар бойынша ТМД елдерінің тілшілеріне арнап өткізілген семинардың тағылымы көп болды. Балқандағы әскери қақтығыс пен босқындар лагерінен арнайы репортаж дайындауым, АҚШ-тағы 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін сол елге барып, «Америкадағы мұсылмандар» атты деректі фильм түсіруім журналистік өмірімдегі елеулі бір кезең деп айта аламын. Өйткені, журналист алдымен көріп, көкейге тоқығанда ғана оның қаламынан тартымды дүние шығуы мүмкін. Ал, менің осы саладағы ең биік белесім 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығын алуым деп есептеймін.
2000 жылдардың басында «КТК» телеарнасы қызметке шақырды. Осылайша телевизия саласындағы өмірім басталды. Ол жылдары аталған телеарнаның шығарушы редакторы, продюсері болдым. 2004 жылы мемлекетаралық «МИР» телеарнасына редактор болып бардым. «Хабар» арнасына «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасын дайындадық. 2009 жылы «Жас Қазақ» газетіне бас редактор болып келдім.
– Алыс-жақын шет елдерді қарайтын болсақ, журналистердің белгілі бір салаға мамандануы байқалады. Мысалы, бірі экономика тақырыбын терең талдап жазса, енді бірі саясатты қаузауға бейімделген. Ал, бұл тенденция біздің елде қалай өріс алуда?
–Жалпы, журналист редакцияға келіп маманданғаннан гөрі, оқу орнында жүргенде белгілі бір салаға бет бұрған дұрыс деп білемін. Соңғы жылдары «Журналистика факультеті керек емес» деген пікір айтылып жүр. Бұл тақырыпқа қатысты түрлі көзқарас бар. Осы орайда, «Біздің жазған дүниелеріміз неге бір-бірінен егіз қозыдай аумайды?» деген орынды сауал туындайды. Немесе белгілі тақырып бойынша тұшымды да толыққанды журналистік зерттеу неге сиреп кетті?! Егер журналист маманданатын болса, әрдайым сол сала бойынша ізденіс үстінде жүреді. Әрине, тілшісі саусақпен санарлық газеттер мен сайттар да жоқ емес. Бірақ, сондай жерде де мамандану қиындау. Себебі, күнделікті қарбаластан мойын бұруға уақыт жоқ. Дегенмен, журналист мүмкіндік жоқ деп қол қусырып қарап отырмай, өз тақырыбына басымдық беруі тиіс. Расында, маманданудың бірден-бір жолы – сол саланы зерттеу. Әр тілшінің мәлімет базасы болуы шарт. Сонда ғана ол өзгеге еліктемей, ең бастысы, басқаны қайталамайтын дүние жаза алады.
– Дәстүрлі Еуразия медиа-форумының өткізілуіне атсалысып жүрген азаматтың бірісіз. Басқосудың көздеген мақсаты қандай? Бұл форум арқылы отандық БАҚ өкілдері неге қол жеткізді?
– Еуразия медиа-форумы – саясаткерлер, сарапшылар және журналистердің жұртшылықты толғандырған мәселелер бойынша пікірталас алаңы. Биылғы басқосуды ерекше өтті деп айтар едім. Неге? Өйткені, бұл форумға ықылас білдірген қазақтілді журналистердің қарасы мол болды. Алғашқы күні шеберлік сыныптары ұйымдастырылды. Сол жерде Айдос Сарым секілді танымал саясаттанушылар да жүрді. Саясаттанушы да мұндай жиынға келіп, көкейде жүрген сауалына жауап табады. Өзі сияқты мамандармен пікір алмасады. Кейбір тақырыптар бойынша тың дерек пен мағлұматқа қол жеткізе алады. Яғни, сарапшы да үнемі ізденісте болып, көп оқуы керек, көп білуі тиіс. Сонда ғана оның сөзі өтімді, дәлелі мен дәйегі ұтымды. Мұндай азаматтар уақытты бағалай біледі. Жиын атаулының бәріне бара бермейтіні де содан. Демек, Еуразия медиа-форумы сияқты шаралардың журналиске де берері мол. Белгілі бір тақырыпқа маманданып жүрген тілшіге күнде кездесе бермейтін тұлғамен тілдесуіне, сұхбат алуына, модераторлар мен спикерлер арқылы тың мәлімет жинауына таптырмас мүмкіндік. Биылғы басқосуда журналистикадағы ең өткір мәселелер қозғалды. Оның ең әуелгісі фейк-ньюс және факт-чекинг. Айта кетерлігі, бұлар тек бізді ғана емес, ғаламдық журналистиканы толғандырып отыр. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері жалған ақпарат шығарып, сотқа тартылып жатқан ақпарат құралдары да жоқ емес. Сол секілді әлеуметтік желі арқылы жалған видеоақпарат тарататындар пайда болды. Арандату сипатындағы мұндай фейкньюстар мәліметті тексеруді, яғни факт-чекингті талап етеді. Әйтпесе, арандатушыларға еріп, көрермен мен оқырманды адастыруы мүмкін. Бұған қоса, заң алдында жауап беруіне тура келеді. Сондықтан, ақпаратты ресми орындар және баламалы дерек көздері арқылы тексеріп, анық-қанығына көз жеткізген соң барып жариялаған жөн. Биылғы медиа-форумда осы жалған ақпаратқа жол бермеу мен онымен күресу жайы сөз болды. Айта кеткен жөн, әсіресе, әлеуметтік желіде осындай негізсіз ақпарат көбейіп кетті. Кейбір әріптестеріміз ақ-қарасын ажыратпай, апыл-ғұпыл ақпарат таратуға асығады. Осыған қарап, дәстүрлі журналистика мен әлеуметтік желінің арасында текетірес басталғанын көруге болады.
– Бүгінгі заман мессенджерлер ғасыры, яғни, әлеуметтік желі әлеуетінің асқақтап тұрған шағы. Көпті көрген, қаламы қарымды журналист ретінде айтыңызшы, газет-журналдар жастардың назарынан ысырылып бара жатқан жоқ па?
– Шынында, мұндай қауіп бар. Қазіргінің жастары газетке қарағанда әлеуметтік желіге көбірек әуес. Тағы бір тілге тиек ете кететін жайт, қысқа дүниені оқуға құмар. Ұзын сонар мақалаға көңіл аудармайды. Технологияның дамуымен көптеген жаңа құралдар пайда болып жатыр. Бұл өз кезегінде, тек жастарды ғана емес, жалпы адамзатты жалқаулыққа итермелеуде. Алыс-жақын елдерді алып қарайтын болсақ, тек бізде ғана интернетке қатты назар аударатын сияқты. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстанда газет пен телевизияға, радиоға ықылас бұрынғыдай. Ал, Жапонияда үкімет өскелең ұрпақтың ойлаудан қалып бара жатқанына алаңдап, кітап оқуға баса назар аударуда. Сол елдегі жастардың қолында қашан көрсең кітап жүреді. Күншығыс еліндегі «Иомиури» газетінің күндізгі және кешкі таралымы 10 миллион данадан асады. Жалпы, шет мемлекеттердегі басылымдардың дені жекеменшік. Жекеменшік болғаннан кейін өзі үшін жұмыс істейді.
– Қазіргі таңда жас журналистерді жетілдіру мақсатында аз тірлік жасалынып жатқан жоқ. Соның бірі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының қоры мен Қазақстан жастарының конгресі бірлесе қолға алған «JAS QALAM» жобасы. Осы мақсатта сіз жамбылдық жас журналистерге шеберлік дәрісін өткіздіңіз. Шара барысында жас қалам иелерімен қандай тақырыпты қаузап, не үйрете білдіңіз?
– Орынды сұрақ. Мемлекет тарапынан жас журналистерге қамқорлық та, қолдау да бар. Біз оқыған кезде бір ғана журналистика факультеті болатын. Қазақ және орыс бөлімдерін 100-ге жуық түлек бітіретін. Рас, ол кезде БАҚ қазіргідей көп емес еді. Ал, қазір әр облыстағы жоғары оқу орындарында журналист дайындайды. Бірақ, «Сапасы қандай?» деген сауалға келгенде күмілжіп қаламыз. Жасыратыны жоқ, қазір үлкен редакциялар білікті маманға зәру. Жақсы жаза алатын журналист табу кез келген бас редакторды немесе телерадио жетекшісін үнемі ойландыратын мәселеге айналды. Киелі Әулиеата төрінде өткен шеберлік дәрісіне осындағы «Журналистика» және «Қазақ филологиясы» мамандықтарында білім алып жатқан студенттер мен тілшілік тіршілігіне қызығушылығы басым жастар келген екен. Жалпы, қазіргі журналистиканың мүмкіндігі өте көп. Өйткені, интернетте барлық ақпарат бар. Тек, жаңалап отырса болғаны. Ал, біздің кезімізде бір мәлімет табу үшін кітапханаға баратынбыз. Бүгінгі журналистер жалқаулыққа салынбай, ізденісін тоқтатпаса екен деймін. Жас журналистермен өткізген шеберлік дәрісінде осы мәселелермен қатар, шет тілдерді білу керектігін де айттық. Сондай-ақ, көркем әдебиет оқу да сөз болды. Менің білетінім – кітап оқымайтын адамнан тәуір журналист шықпайды. Студенттер қазақ журналистикасының тарихын оқиды екен. Осы орайда, тек тарихына ғана үңілмей, сол кезеңдерде жарық көрген газет-журналдарды оқыса құба-құп. Өйткені, сонау жиырмасыншы жылдардағы қазақ баспасөзі ұлт ертеңі, ағартушылық, сауатты ұрпақ, экономика, экология, халықаралық тақырыптар, әлеуметтік мәселелерді тереңнен қозғай білген. Бұл үшін болашақ журналист төте жазуды меңгеруі тиіс. Сонда ғана ол теориялық журналистиканы практикамен ұштастыра алады. Сонымен бүгінгі қазақ баспасөзіне шет тілдерін білетін маманның қажет екенін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
– Қоғамда журналистикаға қатысты «төртінші билік» деген теңеу айтылып жатады. Бейресми мәртебе болса да, бұл төңіректе де талас-тартыс әлі де басылмай келеді. Халықтың мұңмұқтажын айтып, билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып жүретін журналист қандай бағытта жұмыс істеуі керек?
– Осы орайда, біз журналистиканың қоғамдағы барлық түйткілді шешіп бере алмайтындығын түсінуіміз қажет. Бірақ, қоғамдық пікір қалыптастыра алатыны рас. Биліктің немесе басқа топтардың назарын сол мәселеге аудара алады. Журналистің міндеті – оқиғаны бейтарап ұстаныммен жедел әрі толыққанды мәліметті ұсына отырып, оқырман мен көрерменнің талқысына тастау. Ал, оқырманы бұдан қандай ой түйетінін, нендей пікір қалыптастыратынын өзі біледі. Расында, кейбір өте жақсы жазылған мақалаға қалың көпшілік назар аудармай, шоу-бизнестегі біреудің мысығы туралы көбірек оқылуы да мүмкін. Яғни, оқырманның талғамын ойлы журналистикаға бұру – басты міндет болып тұр. Биліктің санасу мәселесіне келсек, егер объективті әрі сауатты түрде жазылған дүниеге олар мән береді.
– Бір мақалаңызда «Баспасөзге жазылу басталып кетті. Бірақ, бұрынғы абыр-сабыр науқан жоқ. Мерзімді басылым да азайған. Кітап дүкеніне кірсең, қазақшаны ілуде бір естисің. Қазақ қоғамы қазір оқуға енжар. Содан шығар, сауатсыздық басым» депсіз. Жалпы, қазіргі қоғамда бұдан өзге сізді не алаңдатады?
– Мұнай мен кейбір шикізат бағасы қымбат боп тұрғанда жұрт ештеңеге бас қатырмай, жайбарақат күй кешкендей көрінеді өзіме. Қоғамда байлығы мен тұрмысына қарап мақтану, той өткізуді бәсекеге айналдырып, арзан атақ қуу белең алды. Мұны біреулер құндылықтың арзандауы деп те жүр. Осы шақта журналистиканы шоу-бизнес басып кетті. Осыдан 4-5 жыл бұрын валюта бағамына ешкім мән бермейтін. Ал, қазір көпшіліктің назары осында. Себебі, жұртшылықтың барлығында несие мен депозитте қаржылары бар. Бұнымен мен әлеуметтік мәселелер қатты толғандыратынын айтқым келіп отыр. Сондай-ақ, рухани дүниелер де ойландырмай қоймайды.
– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртіндеп латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныс білдірген болатын. Сіздің бұл тұрғыдағы пікіріңіз қандай?
– Рухани жаңғыру барымызды бағалауға, өткенімізді саралауға, ең бастысы, қазіргі заманда қоғамға қажетті идеологиялық саясатты жүргізуге мүмкіндік береді. Ал, латын әліпбиіне келсек, оны тосын құбылыс ретінде қабылдағандар да болды. Латын әрпімен жазу қазаққа жат дүние емес. Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1930 жыл мен 1940 жылдың аралығында осы әліпби біздің қолданысымызда болған. Қазіргі өркениет заманында түркі елдерінің барлығы дерлік латын әліпбиіне көшіп қойды. Бұдан өзге, әлемдік ғылыми әдебиеттің 80 пайызы латын қарпінде жазылған. Өз тәжірибеме келсем, «Анадолу» ақпарат агенттігінде 10 жылдай осы әліпбимен жұмыс істедім. Ешбір қиындығы жоқ. Рас, басында оңтайлы бола қойған жоқ. Бірақ, қазіргі технологияның дамыған заманында бізге барлығы оңай болуы қажет секілді көрінеді. Сол сияқты жаңа нәрсе жұртқа оңай болуы керек. Кез келген сайтқа кірсең, сілтемесінде латын қарпі тұрады. Жаһандану заманында журналистика және одан басқа да сала болсын, кириллицамен шектеліп қалуға болмайды. Бүгінгі күні шет тілін білетін мамандар көбейіп келе жатыр. Осы арқылы өзге елмен байланыс орнатып, тіпті сонда жұмыс та жасауда. Енді қазақ журналистикасы да халықаралық деңгейге шығуы қажет. Қазір барыс-келістен ары аса алмай отыр. Ертең кез келген басылымның шетелдік әріптестерімен ортақ жобаны іске асыруы бек мүмкін. Бұл тұрғыда оның алдынан шығатыны осы латын қарпі. Екі ел арасында бірлесіп жобаны іске асыру кең таралған тәжірибе. Әлемдегі ірі газеттердің ағылшын тіліндегі нұсқалары бар. Біз де болашақта сондай дәрежеге жетерміз. Ал, кириллицамен ол биікті бағындыра алмайтындығымыз белгілі.
– Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта жастар ұраншыл, науқаншыл, айқайшыл. Қандай да бір бастама көтерілсе, оны тып-тыныш жүзеге асырудың орнына міндетті түрде алаулатып-жалаулатып, жаппай науқанға айналдырып жібереді. Қазіргі жастар туралы ойыңыз қандай?
– Әр заманның өз ерекшелігі болатындықтан, бүгінгінің жастары мынандай болуы керек деп кесіп айта алмаймыз. Ия, олар технологияның дамыған заманында өмір сүріп жатыр. Сондықтан, бұл үрдістен қалып қоймауы тиіс. Бұрындары ғарыштық жылдамдық дейтін едік. Қазір одан да жылдам сияқты. Әйтеуір күнде өзгеріс, жалықтырмайтын жаңалық. Осыған ілескен жастар кейде өзіміздің дәстүрлі талаптарға жауап бермей қалатын тұстары баршылық. Себебі, олар заманның қарқыны мен ырғағынан қалып қоймауға тырысып жатыр. Мұның барлығы мақұл көретін дүниелер. Бірақ, заманның ығына жығыла бермей, жапон жастары секілді ойланатындай болса дейміз. Жапондар неге өзге ұлт өкілдерінен ерекшеленіп тұрады?! Өйткені, олар – бір аяғымен өзінің дәстүрінде, әдебиетінде, мәдениетінде, салт-санасына арқа сүйеп, ғылым мен технологияның төрінде тұр. Былайша айтқанда, екеуін қатар алып келе жатыр. Осыған қарап, біздің де жастар халқымыздың салт-санасы мен әдеп-ғұрпын ұстана отырып, заман көшінен қалып қалмаса екен деймін.
–«Алма ағашынан ұзап түспейді» деген сөз бар халық даналығында. Ал, сіздің жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
– Үлкен ұлым заңгер болса да осы журналистика төңірегінде. Коммуникативті зерттеу орталығында жұмыс істейтін ол сұхбат алып, мониторинг, сауалнама жүргізеді. Ал, кіші ұлым саясаттанушы. Сол себепті, ол да бізден алыс емес. Жұбайым да журналист. Екеуіміз журналистика факультетінде бірге оқығанбыз. Қарап тұрсақ, отбасымызбен түгел осы салада жүр екенбіз.
– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?
– Футболды жаныма серік еткеннен кейін ғой, дене шынықтыру институтына түскім келгені. Әлі күнге дейін футбол ойнап тұрамын. Ардагер футболшылар арасында өтетін қала, ел чемпионатына қатысамыз. Төрт жыл болды тау шаңғысымен айналысып жүрмін. Жыл сайын Еуропаның бір елінде өтетін шаңғышы журналистердің сайысына қатысамыз. Оның бір ерекшелігі мынада. Күндіз шаңғы тебу, ал кешке журналистика мен әлемде болып жатқан оқиғаларды талқылаймыз. 1954 жылдан бері мұндай басқосуды өткізуге шаңғышы журналистердің халықаралық (SCIJ) ұйымы мұрындық болуда.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

ПІКІР