Дәуір данасы

0 1

2020 жылдың қаңтар айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты тарихи мақаласы жарияланған сәттен бастап Ұлы Дала елінде – ұлы ойшыл, ақын, ұлт ұстазы және дәуірлер данасы атанған Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту мақсаты айқындалған болатын. Ал қазақ руханиятының мұз жарғышындай бағаға ие болған Абай өз тұсында уақыттан оза шауып, қалың елі қазағы мен ұрпағына бас болған, ұлттық әдебиет әлемінің жарық жұлдызы. Сондықтан да бұл мақала бүгінгі таңда ұлы Абайдың әр сөзімен ұлтымыздың өресін кеңейту мақсатындағы даналық мұраты ұлттық мүдде мен берекелі бірліктің шырақшысындай болып, ұрпағына жарық күннің түңдігін қайтадан айқара ашып отыр.

Өзінің танымы мол мақаласында Президент Қ.К.Тоқаев «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдықтар беруі – кемелділіктің көрінісі» деп Ұлы Абай тұлғасы мен оның терең іліміне, рухани бейнесіне айрықша зер салған болатын. Өйткені кемеңгер Абайдың – өнегелі өсиеттері жаңа ғасыр бедерінде тың белестерге бағыт бұрып, кең жол ашып отырғаны дәуір ақиқаты.
Бүгінде шежіресі мол болар танымдық шаралардың халықаралық деңгейде және республика көлемінде кеңінен аталып өтуіне деген саралы ниет барша қоғамның үлкен қолдауына ие болып отыр. Бұл шаралардың ең басты мақсаты халқымыздың бойтұмарына айналған Ұлы Абайдың, дана Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңірумен ерекшеленбек. Осы тұста Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың осыдан 25 жыл бұрын Ұлы Абайдың 150 жылдық торқалы тойында айтқан «Абай халқына қамқор, ұлтына жанашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өрге көтерілді» деген сындарлы сөзі мен берген берен бағасы, ешуақытта өз мәнін жоғалтпасы ақиқат.
Оның өлеңдері мен философиялық сипаты бөлек қара сөздерінде ұлт болмысы мен бітімі, тұрмысы мен тіршілігі, дүниетанымы мен мінезі, жаны мен тілі, діні мен ділі, рухы мен парасат-пайымы бірегей құбылыс ретінде бағаланады. Абай – ғылыми зерттеулер мен монографиялық еңбектер жазбай-ақ, қазақ сахарасының ойшылы, дала академигі атанған болмысы өзгеше тұлға. Оған ол ардақты атақты оның ілімін мойындаған туған халқы берген! Сондықтан да Алаштың арысы, қазақ грамматикасының атасы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақтың Бас ақыны» атаған Абай мұраларына аялай қарап, талғам биігінен ұғынып, ой мен танымның дүниесін бойға сіңіру алда тұрған аса жоғары міндет деп есептеймін.
Біз бұрын халқының ұлы сүйіспеншілігіне бөлеген Абайдың «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында іс қалдырған» деген өшпес ұлағатын, өлмес өсиетін енді сол асқар таудай ақтаңгер Абайдың өзіне айтқалы отырмыз. Қазақтың ұлтжанды перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық тіл ғылымын дамытуда өзіндік ізі бар Мырзатай Жолдасбеков өткен жылы: «Есімізді жиып, етегімізді жапқан Ұлт Тәуелсіздігінің үшінші онжылдығына парасат-пайыммен қарайтын шақта тоғыз жасар тұлымды бала Ләйлім-Шырақтың жүрегіне ұлт ұстазы ұлық Абайдың есімі ұя салып, Ұлы Дала шекарасынан өтіп, төрткүл дүниені шарлап кеткен эстафетасы бүгінгі күннің шынайы шындығы», деп толып толғанған еді. Ал хакім Абайды тану мен білу, оның қасиетті қара сөздері мен шеті жоқ шексіз терең ойларға оранған өлкелі өлеңдерін Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан салмақты қолдау тауып, бағамды бастау алуын барша халқымыздың қуанышы деп білуіміз қажет. Өйткені қазақ халқының рухани тірегі Абай ілімі, Абай танымы, Абай ұстанымы – халқымыздың өмірімен үндес, ғұмырымен тілдес келе жатқан қасиетті ұғым, саналы ойдың түпсіз қазынасы. Әлем Абай арқылы қазақты таныса, әрбір қазақ, оның ішінде жастарымыз Абай арқылы өзін тануды парызым деп есептеуі керек. Дегенмен бүгінгі таңда ойшыл Абай мұрасына деген, оның іліміне деген табанды көзқарас орныққан сияқты. Бұл өте құптарлық жағдай және ілім мен білім қажеттігінің аражігіне осындай мүдделі және табанды ұлттық көзқарастың керегі анық.
Қ.К.Тоқаев өз мақаласында «Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асуларға шақыра береді» деген оралымды ойының мәні тереңде жатқаны сөзсіз. Ал, сөзі өзгеше, ойы терең, пікірі ашық, түйсігі шексіз Абайдың ұлы құндылықтарын түсінген жанның жүрегіне – дәру, санасына – шипа екені даусыз. Әрбір қазақтың жүрегіне терең бойлаған ұлы ойшыл Абай ізгілік әлеміне із салған «толық адам» ілімін қалыптастырған кемеңгер тұлға. Абайдың «толық адам» формуласы – бүгінгі жаһандану еркіне ілесіп, «өзгерген қоғамға» да қажет болып отырғанын ешкім де жоққа шығара алмас. Өйткені хакім Абайдың – «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген нұрлы ойы сол «толық адамға» аса қажет, аса керек қасиеттерді теріп көрсетіп, жол сілтеп тұрғандай.
Бүгінгі таңда жастарымыздың болашағында Ұлы Даланың данышпаны Абай ілімдері мен терең танымдары серік болса деген ойды бүгінде ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері ашық айтып жүр. Мен де сол ойдан алысқа ұзай алмайтындар қатарындамын. Өйткені Абайдың ұлағаты ілгері жүруге және саналы оймен нық басуға үндейді. Ал, ілгері қадамның білім мен ғылымда екенін ашық айтады. Дарабоз Абайдың:
«Пайда ойлама ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге» деген сырлы да алаңды ойлары тек қана бүгінгі жастарға айтылған аманаттай күйде боласың. Талаптың тұлпарын мінер қазіргі жастарымыз Хантәңіріндей болған Абайдан қуат алып, өмірдегі жолдарында «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан…» ұста ұстанымын қабыл көрсе дейсің. Сол Абайды жастар сүйсе, сол Абайды жастар білсе, сол Абай мұраларын жастар оқыса ол мәңгілік Абай болары ақиқат!
Ұлты мен халқының болашағына алаңдаған ғазиз жүректі Абай күрделі күйзеліс пен қасіретті күңіренуді де, халқының тірлігіне басқаша көзқараспен қарауы да, және осындай мазасыз жәйттерді жеке басынан өткізгені аз жазылған жоқ. Осы жағдайларды өзінің артында қалған ұрпағы мыңжылдық азық етіп жүрген қадірі биік өлеңдері мен қара сөздерінен де еркін айқын аңғаруға болады.
Ендігі мақсат, алда тұрған міндет ХХІ ғасырдың өмір терезесінен ұлты мен елінің болашағына жол салып, есігін қайта ашып отырған Ұлы Абайдың мұрасы мен өнегесінің негізінде жастардың бойында ұлтжандылық пен отаншылдық қасиеттерді қалыптастыру. Өйткені Абайдың мәңгілік мирасы – «Мәңгілік ел» ұрпағына таусылмас қазына. Осындай сапары алыс, белесі биік жолда тұтас қоғам болып, ұлт татулығы мен бірлігіне сызат түсірмей, күш біріктіріп жұмыс жасауымыз керек.
Бұл заман талабы, уақыт сұранысы.

Ғалымжан Сағынтаев,
«Nur Otan» партиясының облыстық
мәслихаттағы депутаттық
фракциясының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.