Рухани жаңғыру

Дәулескер

Күйші әрі композитор Мәді Шәутіұлының туған топырағында ескерткіші ашылды

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің хал­қына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», деп атап көрсеткені белгілі. Расында да, о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы тозатын кең байтақ атырапта ғибратты ғұмыр кеш­кен айтулы тұлғалар аз болмаған. Елі­міз­дің бір пұшпағы Сарысудың сайын даласы да сайыпқыран саңлақтарға кенде емес. Қыдыр дарып, құт қонған қасиетті топырақтан ел басқарған көсем де, сөз бастаған шешен де, барыс болмыс батыр да, асау текті ақын да, құдіретті күйші де, буыны жоқ биші де түлеп ұшты. Бірақ, олардың жарқын ісі жас ұрпақтың санасында қаншалықты деңгейде жаңғырып жатыр? Міне, осы орайда арқалы ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы тағылымды іс тындырды. Жыр жампозы туған жерінде күйші-композитор Мәді Шәутіұлына ескерткіш бюст орнатып, ерен тұлғаның елге кеңінен танылуына елеулі үлес қосты.
Өткен аптада қазақ әдебиеті мен өнерінің дүлдүлдері Игілік ауылына ат басын бұрып, қалың көпшіліктің қуанышына ортақтасты. Ауыл клубының алдында бой көтерген күйші ескерткішінің ашылу салтанатына белгілі күйші, өнер зерттеушісі, «Көкіл» мектебінің директоры Абдулхамит Райымбергенов, жоба авторлары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы, мүсінші Алтай Бейсенов, жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, дәстүрлі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева, күйші, өнертану ғылымдарының кандидаты Ербол Үсенбаев және қобызшы Саян Ақмолда Алматы қаласынан арнайы келіп қатысты.
Айта кету керек, Мәді күйші 1909 жылы Игілік ауылында дүниеге келіп, 1995 жылы сол топырақта мәңгілік сапарға аттанған. Ата-анасынан ерте айырылған ол туысы Бегман Боданов деген кісінің отбасында өседі.
Қасиетті қара домбыраны жеті жасында осы елге аты танымал Қосқұлақ Пірімбет домбырашыдан үйренеді. Алайда, 18 жасында шешек ауруынан екі көзі бірдей көрмей қалады. Құдайдың құдіреті ғой, 63 жасқа келгенде Мәді ақсақалдың алдында ойнап отырған немересінің қолы күйшінің көзіне оқыстан тиіп кетіп, қос жанары шайдай ашылыпты.
Шара барысында ауыл тұрғыны, ақын Асхат Абзалбеков жырдан шашу шашып, Мәді Шәутіұлының өнері мен өмірін өлеңмен өрнектеді. Мұнан соң аудан әкімі Балабек Нарбаев, жоба авторлары, ақын Маралтай Райымбекұлы және Мәді бейнесін салған Алтай Бейсенов салтанатты жағдайда ескерткіштің лентасын қиды. Шарада аудан әкімі Балабек Нарбаев сөз алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызына тоқтала келе, Мәді Шәутіұлы ескерткішінің ашылуы өскелең ұрпақ үшін өнегелі тірлік екендігін жеткізді.
Келесі кезекте ауданның тұңғыш әкімі болған Әбдіманап Көпбергенов, Саудакент ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Алтын Досжанова, білім беру ісінің үздігі Бөлтірік Ильясов, өзге де азаматтар талантты тұлғаның тағдыры, тағылымды өнері туралы естеліктерімен бөлісті. Ал, күйші Ербол Үсенбаев Мәді күйшінің «Қоңыр» күйін төгілтіп, жиналғандарды бір желпінтіп тастады.
Осы күні Игілік ауылдық клубында «Көненің көзі – дәулескер Мәді» тақырыбымен өткен республикалық ғылыми конференцияда тағдырлы талант иесінің тұлғалық болмысы толыққанды ашылғандай болды. Алқалы жиынды Маралтай Райымбекұлы ашып, осы мәдени шараға орай жолдаған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің құттықтау хатын көпшілікке оқып берді. «Күйші, композитор Мәді Шәутіұлы – тағдырлы күй өнерінің шебері, Қаратаудың теріскейінде өмірге келген кешегі Ықылас пен Сүгірдің заңды ізбасары. Мәді Шәутіұлы дара қолтаңбасы қалыптасқан композитор ғана емес, ол сонымен қатар өте көне күйлерді жеткізуші, құймақұлақ өнер иесі. Оның орындауындағы 24 күй ұлт музыкасының асыл қазынасы ретінде Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы тұр» делінген хатта. Өз кезегінде, Маралтай Райымбекұлы мәдени басқосуға орай мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбековтің, КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімовтің, композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақановтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның және күйші Жанғали Жүзбаевтың ыстық ықыластарын жеткізді.
Басқосу барысында күйші Абдулхамит Райымбергенов 1983 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген соң жас маман ретінде фольклор экспедициясы құрамында Жамбыл облысына келгенін, сонда Мәді күйшімен жолығып, бірқатар көне күйлерді өз аузынан жазып алғанын айтты. Жазушы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат қазақ өнері, ондағы Мәді күйшінің қайталанбас қолтаңбасы туралы тебірене сөйледі.
Ал, күйші Ербол Үсенбаев, әншілер Сәуле Жанпейісова мен Ардақ Исатаева және қобызшы Саян Ақмолда Мәді Шәутіұлының күйшілік мектебі туралы ой қозғады. Дәстүрлі өнердің дарабоздары ән әуелетіп, күй күмбірлетті.
Конференция барысында Маралтай Райымбекұлының құрастыруымен биыл жарық көрген «Мәді» өмірбаяндық кітабы да таныстырылып, жиналған жұртшылыққа таратылды.

Т. ТЕМІРЛАНҰЛЫ,
Сарысу ауданы

ПІКІР