Қоғам

Дайындықтары пысықталды

Written by Aray2005

«Ақыртөбе» елді мекенінің аумағында облыстық төтенше жағдайлар департаменті жол-көлік оқиғасында зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша аймақтық департамент күштері мен құралдарының, ұшу құрамының кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жаттығу жиыны өтті.

Алдын ала жоспар бойынша аталған елді мекен маңындағы күре жолда апат болып, нәтижесінде автокөлік өртке оранды. Кейіннен тілсіз жау күре жолға жақын орналасқан орман шаруашылығы аумағына тарады. Жол-көлік оқиғасы болған орынға тез арада облыстық төтенше жағдай департаменті күштері мен құралдары, оның ішінде өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері, құтқарушы-медициналық қызметкерлер, ерікті өрт сөндіру құрылымдары жетті. Олардың әрқайсысы өзіне тиісті міндетіне кірісіп кетті. Бірі өрт сөндіруге кіріссе, құтқарушылар зардап шеккендерді шығарып, артынша медициналық, психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ оларды тікұшақпен ауруханаға шұғыл жеткізу бойынша да тиісті дайындық әрекеттері пысықталды.

Оқу-жаттығуды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі Бағдат Данилов жеке басшылығына алды.

ПІКІР