"Топжарған"

Делебені қоздырған дода

Әр ха­лық­тың тамыры мен тектілігі, мәдениеті мен танымы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарынан көрініс табады. Баба салты, ата мұрасы – құтты қазына. Ал, киелі Әулиеата өңірінде ұлттық ойындарымызға, әсіресе ат спортына қызығушылық әу бастан жоғары. Аймағымызда көкпардың даму жайында сөз еткенде ең алдымен белгілі көкпаршы Нәби Момыновтың есімі ойға оралады. Себебі, ең алғашқылардың бірі болып көкпар командасын жасақтап, тек облысымызда емес, республика бойынша ұлттық спортымыздың бір жүйеге түсуі үшін аянбай еңбек етті. Саналы ғұмырын ұлттық спорттың дамуына арнаған Нәби Момынов өлшеусіз сіңірген еңбегін көпшілікке насихаттап, жас ұрпақтың бойында ұлтжандылық қасиетті ояту мақсатында жыл сайын облыстық турнир өткізіліп тұрады.

Жылдағы дәстүр бойынша жуырда облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Жамбыл облысының ұлттық ат спорты түрлері федерациясы» қоғамдық бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Құрметті спорт қайраткері Нәби Момыновты еске алуға арналған ұлттық ат спорты ойындары – көкпар және аударыспақтан ересектер арасында облыстық турнир өтті. Көкпар десе делебесі қозып, қаны қызатын жұртшылық Б.Момышұлы атындағы «Атшабар» алаңына ағылды.

Турнирге аудандардан, бірқатар облыстардан барлығы 7 команда қатысып, екі күн бойы шабандоз жігіттер көкпардың көрігін қыздырды. Барлық командалардың жарысқа тыңғылықты дайындалып келгені көзге ұрып тұрды. Тіпті, кейбір шабандоздар үлкен екпінмен келе жатқан ат тізгінін тартпастан ортада жатқан серкені шеберлікпен іліп әкеткенде риза болмаған жанкүйер қалмаған шығар. Әсіресе, «Әулие-Ата» жастар командасының шабуылшысы Тұрғанбек Құрманбектің серкені ілу ептілігі, жекпе-жектегі шеберлігі, әрбір шабуылды сәтті түйіндей білуі және кез келген аттың басын ұршықтай иіре алуы баршамызды тәнті етті. Сонымен қатар, «Жамбыл баба», «Т.Рысқұлов» командаларының шабуылшылары да ерекше ойын өрнегін көрсете білді. Әрбір командадағы аттардың да шеңбердің тұсына барғанда үстіндегі көкпаршыға ыңғай танытып тоқтай қалғанын, жекпе-жек сайысындағы жанталасқан сәттерді, шабуылшы, қорғаушы аттардың өз міндеттерін мүлтіксіз орындағанын көріп аттардың әбден бапталғанына көзіміз жетті.

Білекті жігіттер бақ сынаған бәсекеде алғашқы кезеңнен бастап қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен ұтқан «Әулие-Ата» жастар командасы бірінші орынды иеленсе, ақтық айқаста қарсыластарына сәл ғана басымдықпен есе жіберген «Жамбыл баба» командасы (Жамбыл ауданы) екінші орынды қанағат тұтты. Ал, «Т.Рысқұлов» командасы (Т.Рысқұлов ауданы) үздік үштікті түйіндеді. Турнирдің үздік ойыншысы болып Тұрғанбек Құрманбек («Әулие-Ата» жастар командасы) танылды.

Сондай-ақ, жігіттің ептілігі мен білек күші сыналатын аударыспақта Батыс Қазақстан облысынан келген Нармағамбет Иманғазыұлы тұғырдың биік сатысынан көрінсе, Байзақ ауданының намысын қорғаған Нұржігіт Әмзеев екінші орынды еншіледі. Жүлделі үшінші орын «Әулие-Ата» жастар командасының ойыншысы Дәулет Ережеповке бұйырды. Турнир жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Жалпы, турнир барысында облысымыз­дың түкпір-түкпірінде білекті де, жүректі жас шабандоздардың өсіп келе жатқанына куә болдық. Ал, жылқыға құмартып, ұлттық спортқа бейім болып өскен жастың теріс қылықтарға бой алдырмасы анық. Бізді қуантқаны да осы.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР