Жастар.kz

Делегат болу – бір бақыт

Written by Aray2005

Менің медицина мамандығын таңдаған себебім, Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға бірден-бір үлесімді қосуға деген ниетім. 2011 жылы Халықаралық қазақ-түрік университетіне түсіп, былтыр оқуымды бітіріп, еңбек жолымды Талас аудандық орталық ауруханасына жас маман ретінде барып, акушер-гинеколог дәрігері болып бастадым. Маған қызметтік пәтер мен жергілікті бюджет есебінен 800 000 теңге көлемінде көтерме ақы берілді. Турасын айтқанда, мамандардың тапшылығын шешу үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан барынша қолдау көрсетілуде.

Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын. Осы форумды пайданала отырып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағаны үшін алғыс айтамын. Ұлы құндылықтарды ұлықтай білу – әрбір жастың, баршамыздың жауапкершілігіміз. Біздің тарихымыз – бірігудің тарихы екенін әрдайым есте сақтауымыз керек. Патриот болу дегеніміз – Ұлы даланың ұрпағы екеніңді жан-жүрегіңмен сезіне біліп, еліңнің жарқын болашағын жасауға үлес қосу.
Талас аудандық орталық ауруханасында жұмыс істегелі бері күн сайын тәжірибе жинаудамын. Аға буын дәрігерлерден науқасты емдеудің, ота жасаудың қыр-сырын үйренудемін.
Таяуда ғана дәрігер кәсіподақ мүшелерінің Қызылорда қаласында өткен «Мәңгілік ел –
салауатты ұрпақ» атты үлкен байқауына қатысып қайттым. Енді Жамбыл облысы еңбеккер жастарының форумына да делегат болып қатыспақшымын. Мұндай мәні зор жиындардан өзімді толғандырған сауалдарға жауап табамын деп айта аламын. Сол үшін де Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерация­сына өз алғысымды білдіремін.

Құралбек ДІЛДӘБЕКОВ,
Талас аудандық орталық ауруханасының акушер-гинеколог дәрігері

ПІКІР