Мәдениет

Дельфий ойындарына 13 жуалылық жолдама алды

Written by Aray2005

Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен XV облыстық дельфийлік ойындарына іріктеу өтті. Шығармашыл жастардың бәйгесіне ауданның әнші-биші, суретші, қолөнер, тележүргізуші, баян аккордион, театр, домбыра, халық биі және қазіргі заманғы би номинациялары бойынша талантты жастар қатысты.

Ұлттық дельфийлік ойындарының мақсаты – жоғары өнер форумы ретінде дамыту, шығармашыл және талантты жастарды анықтау, қолдау, орындаушылардың кәсіби өсуіне ықпал ету, тұлғаның үйлесімді дамуын қалыптастыру, жас ұрпақты өнер арқылы патриоттыққа тәрбиелеу, ұлттық мәдени, музыкалық дәстүрлерді сақтауға тәрбиелеу.

Шараны «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жәнібек Мырзалиев ашты.

– Құрметті дельфийлік ойындарға қатысушылар, жастар! Ең алдымен сіздерге жарыста сәттілік тілеймін. Жалпы аталған шара облыс көлемінде 15-ші рет ұйымдастырылып отыр. Ал, бұл айтулы шараның аудан көлемінде алғаш рет өткізіліп отырғанын баса айтқым келеді. Негізінен дельфийлік ойындары – бұл өнердің барлық түрлерін бір арнаға біріктіретін, классикалық және қазіргі заманғы аталымдар бойынша өткізілетін өнер саласындағы жас кәсіпқойлардың кешенді жарысы. Қасиетті Жуалы жері қашанда өнерлі жастардан кенде болған емес. Осынау жастарды жалындатып шығару, облыс деңгейінде өнер көрсетуіне атсалысу — біздің басты мақсатымыз. Айта кетерлігі, бүгінгі жарыстан жүлделі орын алған өнерпаздар облысқа жолдама алатын болады. Жеңімпазға бір ғана номинация бойынша жолдама беріледі, — деді орталық директоры.

«Инабат» қыздар клубының  жетекшісі Эльмира Сүйінбаева  ауданның  талантты жастарын  іріктеп, ойынға қатысушыларды анықтады. Дельфилік ойын №1 Өнер мектебінен бастау алды. Мұнда қатысушылар «Тележурналистика», «Бейнелеу өнері», «Сәндік-қолданбалы өнер», «Баян, аккордеон» және «Халық аспабы – домбыра» номинациялары бойынша сынға түсті. Сайыстың екінші кезеңі аудандық «Достық» мәдениет үйінде жалғасын тауып, мұнда «Театр», «Халық биі», «Қазіргі заманғы би», «Эстрадалық ән», «Халық әні» номинациялары бойынша іріктеу өтті.

Тартысты ойын нәтижесінде, «Тележурналистика»  номинациясы бойынша І орынды Мунира Қаржаубаева иеленсе, ІІ орын Жанат Керімжанға бұйырды. Ал, «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша I орыннан Нұржігіт Орынбеков, II орыннан Аружан Зебербек, III орыннан Әйгерім Сабырбай, «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясы бойынша І орыннан Зарина Ағытаева, ІІ орыннан Нұртас Сағырбай, ІІІ орыннан Мадина Абдруаф, «Баян, аккордеон»  номинациясы бойынша І орыннан Маркечко Александр, «Халық аспабы – домбыра» номинация бойынша І орыннан Рамзат Азизұлы, ІІ орыннан Оңғарбай Сейіткерім, ІІІ орыннан Дулат Базарбай, Эстрадалық ән», «Халық әні» номинациялары бойынша ІI орыннан Нұрай Қайрат, І орыннан Рамзат Азизұлы, ІІІ  орыннан Қайыпбек Айлин көрінді. «Халық биі», «Қазіргі заманғы би» номинациялары бойынша І орынды «Ләйлім» би тобы, ІІ орынды «Тик-так» би тобы, ІІІ орынды «Бахор» би тобы және «Театр» номинациясы бойынша І орынды №1 Өнер мектебінің «Шабыт» театры жеңіп алды.

Жеңімпаздарға  сертификаттар, дипломдар, жолдамалармен қатар бағалы сыйлықтар табысталды.

 Эльмира Сүйінбаева, 

«Жастар ресурстық орталығы»  КММ қызметкері

Жуалы ауданы

ПІКІР