Қоғам

Демалыста да дамыл таппайтын Досаев

Written by Aray2005

Көне Шаһардың шырайын келтіруге шындап кірісті

«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» дейді қазақ даналығы. Расында, басшы болу мен басқара білу екі бөлек нәрсе. Ал бұқарамен берік байланыс орнатып, қара бастың емес, қарапайым халықтың қамын күйттеу қандай басшыға болмасын абырой әкелері хақ. Тараз қаласының тізгінін күні кеше ғана қолға алған Қайрат Досаев осы ұстанымның ұтымды тұстарын көрсетуде. Жайшылықта арқаны кеңге салатын атқамінерлердің ескі әдетіне салмай, демалыста да дамыл таппай, тіпті кешкі уақытта шаһарды шарлауға кірісті.

Сенбі күні қала басшысы ең алдымен тұрғындар есігін жиі қағатын халықты жұмыспен қамту орталығына бас сұқты. Мұнда ол атаулы әлеуметтік көмекке қабылданатын құжаттардың барысын бақылап, жұмысты оңтайландыру үшін қызметкерлердің екі ауысыммен қызмет көрсетуді, нәтижелі жұмыспен қамтудың екінші тетігі бойынша шағын және орта бизнесін ашуға ниетті азаматтарды несиелендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Бұдан кейін Қайрат Әскербекұлы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде болды. Мекеме басшысы Гауһар Олжабаева бүгінде бөлімге 4 748 адам әлеуметтік көмек алуға өтініш бергенін, оның 1 729-ына көмек тағайындалғанын айтты. Сондай-ақ биыл қала бойынша жалпы 20 мың азамат әлеуметтік көмек алады деп болжанғанын тілге тиек етіп, өтініш берушілердің құжаттарын рәсімдеуге 4 минут қана уақыт кететіндігін көрсетті.
Шаһар басшысы келесі кезекте қалалық жастар ресурстық орталығына ат басын бұрды. Жастардың жайы мен тілек-өтініштерін тыңдағаннан соң, қала әкімдігінің жер қатынастар бөліміне аялдады. Мұнда қала әкімінің орынбасары Қайсар Сарытай қала әкімдігінің сәулет және құрылыс пен жер қатынастар бөлімдерін бір ғимаратқа орналастыру, тұрғындарға «бір терезе» қағидасы бойынша қызмет көрсету, «І-көмек» бірыңғай коммуналдық диспетчерлік байланысын іске қосу сынды бірқатар жұмыстарды баян етті.
Осылайша әлеуметпен тығыз байланыста болуы керек бөлімдердің жұмысын бақылап шыққаннан кейін шаһар басшысы «Талас» ықшамауданындағы №15 үйдің тұрғындарымен кездесті. Онда тұрғындар Қайрат Әскербекұлынан аула алдында бұтақтары ретсіз өсіп кеткен талдарды кесуді, арық-атыздарды тазалауды және уақытылы ағын су жіберуді өтінді. Өз кезегінде қала әкімі халықтың сұранысы жіті назарға алынатындығын айтып, №15 үйге жауапты «ИнтегралСтрой Life» ЖШС-на ең алдымен аулаға балалар ойын алаңын салып, асфальт жол төсеуді тапсырды. Сондай-ақ №23 көпқабатты үй тұрғындарымен жүздескен Қайрат Досаев мұнда да балалар ойын алаңшасын салып, 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күніне пайдалануға беруді қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясына жүктеді.
Қайрат Әскербекұлы қаланың асфальт жолдарын зерделеуге жексенбі күнін арнады. Ең әуелі, жолаушылардың наразылығын тудырып отырған «Ауыл Береке» базарына баратын жолмен жүріп өтті. Берекесі қашқан жолдың жай-күйін көзімен көрген Қайрат Досаев аталмыш тасжол бойымен жылу құбырын жүргізіп жатқан мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС-ның басшысына екі күннің ішінде олқылықтың орнын толтыруды шегелеп тұрып тапсырды. Және аумақтық округтің инспекторы Е.Бұралқиевке жол бойындағы жабайы жарнамаларды алып тастау мен қоқыстарды тазалау жұмыстары қалалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді талап етпейтінін қатаң ескертіп, бұл мәселені де біржақты етуді міндеттеді. Сонымен қатар жол бойындағы 15-ке жуық люктердің қақпағы жоқтығын байқаған қала басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Сәкен Жұманқұловқа шаһар бойынша ашық люктерге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуді және бір аптаның ішінде жол бойындағы шөптерді шауып, талдарды бұтақтауды жүктеді. Бұдан бөлек «Барысхан» және «Бурыл» тұрғын алқаптарында болған қала әкімі мұндағы жұртшылықтың да тілегін тыңдап, №54 мектепке баратын жолға шағал төсеу және су құбыры жүргізілген жолдарды қайта қалпына келтіруге уәде етті.
Дүйсенбілік кеште де шаһар басшысы дамыл тапқан жоқ. Түнгі рейдке шыққан Қайрат Әскербекұлы қала көшелері мен ықшамаудандардың жарықтандырылуына көңіл бөлді. Нәтижесінде Жансүгіров, Шостакович көшелерінің шамдары жанбай тұрғанын және Төле би даңғылы бойындағы билбордтардың жарықтандырылуы ұйымдастырылмағанын назарға алып, бұл мәселені шешуге жауаптыларға бір апта уақыт берді. Ал «Жансая» ықшамауданындағы көше бойына түнгі шамдар орнатылғанымен, мектепке баратын және тұрғын үйлерге кіретін жолдардың қараңғылық құшағында қалғанына алаңдаушылық білдірген шаһар басшысы бас инспекторына арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс беруді тапсырды.

Саятхан Сатылғанов,

Тараз қаласы

ПІКІР