Жамбыл адалдық алаңы

Денсаулық сақтау саласында жемқорлыққа жол берілмеуі қажет

Written by Aray2005

Таразда денсаулық сақтау саласында халыққа қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мәселелері бойынша жиын өтті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті ұйымдастырған басқосуға департамент басшысы Р. Төлебаев, Жамбыл облысы әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Х.С.Мырзақасымов, облыстың емдеу-профилактикалық мекемелерінің, денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшылары, қоғам өкілдері, арнайы мониторингтік топ мүшелері қатысты.

Қазіргі таңда елімізде денсаулық сақтау саласында азаматтарға қолайлы жағдай жасау және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу шараларына баса мән беріліп отыр. Жиын барысында аталған бағыттағы бірқатар мәселелер қозғалды.

Атап айтқанда, облыстың бірқатар емдеу мекемелеріндегі оңтайландыру жұмыстары. Оңтайландыру арқылы үнемделген қаражатты қызметкерлерді ынталандыру шараларына жұмсау жұмыс тиімділігін арттыруы тиістігі айтылды.

Облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінің бірқатар басшылары қазіргі қызметінде 10 жылдан астам уақыт отыр. 20 жылдан астам уақыт бір мекемеде бірінші басшы лауазымын иеленіп отыру фактісі де кездеседі. Бірінші басшының өз лауазымында тым ұзақ отыруы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің пайда болу себебі ретінде қарастырылады. Сондықтан, осы мәселеде басшыларды кезең-кезеңімен ауыстырып отыру ұсынылды.

«Жамбыл — адалдық алаңы» жобасының қызметкерлері  сыбайлас жемқорлық көріністерін анықтау бойынша «Сенім жәшігі» акциясы аясында қаладағы перзентхана, ауруханалар мен емханалардың қызметкерлерінің және емделушілерінің арасында анонимді сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесі жарияланып, тиісті мекеме басшыларынан жауап алынды.

Меркі, Т.Рысқұлов, Талас, Мойынқұм аудандық ауруханалары азаматтардың білместігін пайдалана отырып наркологиялық және психоневрологиялық анықтамалар беру үшін ақылы қызмет көрсеткен.

Сәуір айында Байзақ, Қордай, Т.Рысқұлов, Мерке аудандық орталық ауруханаларында және Тараз қалалық №5 емханада №086 нысандағы медициналық анықтаманы белгілі бір ақшаға (3 500 -10 000 теңге аралығында) қажетті процестерді өтпестен жасап беру фактілері  анықталды.

Өткен айда «Медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру» орталығына жүргізілген «Жасырын тұтынушы» әдісімен жүргізілген шаралар барысында, тиісті медициналық сертификатты алу үшін курс нәтижесін 55 000 теңгеге заңсыз жолмен алу мүмкіндігі бар екендігі анықталып, бейнетаспаға түсіріп алынды. Материал жиынға қатысушыларға көрсетіліп, талқыға салынды.

ПІКІР