«Денсаулық» саябағы саясына шақырады

0 24

Екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласы бүгінде адам танымастай өзгерді. Бұрнағы кезі көне шаһар тарихи жәдігерлерімен танылса, бүгінде қала жаңа кейіпке еніп, жайлы саябақтары мен заманауи туындыларымен талайды таңғалдыруда. Міне, сондай демалыс орындарының бірі – «Денсаулық» саябағы.

Облыс әкімінің бастамасымен жанданған «Таразға тарту» жобасы аясында құрылысы қолға алынған мәдениет және демалыс саябағы медицина қызметкерлерінің және демеушілердің қаржысымен бой көтерген. Игі іске барлық медицина мамандары үн қосып, бір күндік айлық жалақыларын аударған. Соның арқасында Қарасу алқабынан жайлы да, сәнді саябақ салынып отыр. Саябақ 5 гектар аумақты алатын канал жағалауында орналасқан. Онда 1000-нан аса тал, шырша, қайың сынды ағаш түрлері отырғызылып, жайқалып тұр.
Саябаққа бұдан бөлек раушан гүлдері егіліп, субұрқақ орнатылып, сәулетті мүсіндермен безендірілген. Көгалдандыру жұмыстарына денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен танымал тұлғалар да атсалысқан.
«Денсаулық» мәдениет және демалыс саябағында спортпен шұғылдануға да барлық жағдай жасалған. Атап айтсақ, теннис және футбол алаңдары, воркаут пен балалар алаңы көпшілікке қызмет көрсетуде. Мұның бәрі азаматтардың эмоциялық және физикалық жағдайын жақсартуда. Күні кеше ғана футбол алаңшасында медицина қызметкерлері арасында алғашқы аламанның түндігі түріліп, көпшілікке мереке сыйлады.
Медицина қызметкерлерінің бастамасымен демалыс орнына коронавирус кеселімен күресте қаза тапқан сала мамандарын еске алуға арналған «Өзгеге жарық сыйлап – өзім өрттеніп барам» атты стела да қойылған. Стела көз жұмған 20 медицина саласы маманының есімін ұлықтап тұр.
Сондай-ақ қан айналымы жүйесі ауруларының халықтың өмір сүру ұзақтығына, мүгедектікке және өлім-жітімге әсер ететіні ескеріліп, медицина қызметкерлерінің бастамасымен саябақта халыққа «Сенің денсаулығың – сенің қолыңда» деген ұранмен тағы бір стела орнатылған. Стела тұрғындарға серуендеуді, жүгіруді, спорттық ойындарды, белсенді демалысты, таза ауамен тыныстау арқылы денсаулықты жақсартуға үндеуде.
– Медицина қызметкерлері халыққа өздері бастап көгалдандырылған орында демалуды ұсынып отыр. Таза ауада, табиғат аясында тыныстау, сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, спортпен айналысу, жаяу жүру, далада дене жаттығуларын жасау – бұл тұрғындардың басты ұстанымына айналуы қажет. Бүгінгідей пандемия кезінде бұл – аса маңызды. Ауырып ем іздегеннен – ауырмаудың алдын алған жөн. Алдағы уақытта саябақ – барлық қала тұрғындары мен қонақтары толассыз ағылатын теңдессіз орын болатынына сенімдімін, – дейді облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Бүгін медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Денсаулық» мәдениет және демалыс саябағының салтанатты ашылуы өтті. «Сенің денсаулығың – сенің қолыңда» атты стела маңында ұйымдастырылған шараға қала әкімі, депутаттар, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, медициналық және қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
«Денсаулық» саябағының ашылғанына тұрғындар да дән ризалығын білдіруде.
– Бұрын арамшөп өсіп, астан-кестені шығып жататын аумақ әдемі саябаққа айналғанына қуанып жатырмыз. Кешкісін мұнда отбасымызбен келіп, тынығып кетіп жүрміз. Балалардың ойнап, серуен құруына қолайлы жағдайлар жасалған. Үйіміздің алдында балалар ойын алаңы болмағандықтан қазір осы жер сүйікті орнымызға айналды. Кешкісін таза ауамен тыныстап, денсаулығымызды жақсартуға да мүмкіндік туды, – дейді Қарасу ықшамауданының тұрғыны Әсел Исаева.
Бұл ойға қала тұрғыны Нұрхан Нұрланбек те қосылады.
– Анам жасы келіп қалған адам. Көп жағдайда үйде болады. Алайда далаға серуендеуге алып шығайын десек, бұрын орын таппай қиналатынбыз. Қазір анамды алып бірден саябаққа барамын. Мұнда адамның өмірге деген құштарлығын оятатын дүние көп. Оны анамның жанарынан байқаймын. Саябаққа келгеннен жүзі жайнап, замандастарымен әңгіме-дүкен құрып, үйге көтеріңкі көңіл күймен оралады. Осындай жұмысқа ұйытқы болып, тамаша саябақ сыйлаған жандарға алғыс айтамын, – дейді қала тұрғыны.
Иә, бұл сөз жоқ бас бармақпен бағалауға тұрарлық дүние. Жанға жайлы саябаққа бүгінде ағылған халықтың қарасы қалың. Ал ең маңыздысы – саябақ қала көркіне көрік қосып, ажарын тағы аша түсті.

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.