Депутат Г.Нұрымова Қаржы министріне өткір депутаттық сауал жолдады

0 170

Бұл туралы Мәжілістегі жамбылдық депутат Гүлдара Нұрымова өзінің «Фейсбуктегі» парақшасында жазды. Төменгі палата төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің Біріккен алқасы туралы шартқа түзетулер енгізу туралы» және өзге де ратификациялық заң жобаларын мақұлдады.
Осы отырыста Гүлдара Алданышқызы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа Ресей тарапының өкілдері Кеден одағына мүше мемлекеттердің кеден қызметтері біріккен алқасындағы 10 жұмыс тобының 9-ын басқаратынын, яғни неліктен Ресей Федерациясының өкілдері жұмыс топтарының басым бөлігіне басшылық жасап жүргенін сұрады.
«Қойған сұрағыма министр «Бұл тарихи қалыптасқан жағдай, өйткені кеден қызметтерінің біріккен алқасының хатшылығы Мәскеуде орналасқан. 10 жыл ішінде ешқандай мәселе туындаған жоқ» деген жанама жауап берді.
Бұл көтерген мәселемді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин қолдап, министрге бұл мәселені шешу қажеттігін ескертті», дейді депутат өзінің «Фейсбуктегі» постында.
Министрдің бұл жауабына Мәжіліс төрағасы да қанағаттанбай, интеграциялық бірлестіктердің жұмыс органдарында Қазақстанның біркелкі өкілдік ету қағидатының сақталуына қатысты пікір білдірді. Нұрлан Нығматулин бұл мәселенің Қазақстанның мүддесін қорғау үшін маңыздылығын айтып, депутаттар барлық парламенттік интеграциялық бірлестіктердегі жұмыс тәсілдерін өзгерту үшін көптеген шараларды қолға алып келе жатқанын айтты. Н.Нығматулиннің пікірінше, осындай қадамдарды жұмыс органдарында да жасау керек.
Сонымен қатар Г.Нұрымова бұдан өзге де көкейкесті проблемаларға бағытталған бірнеше депутаттық сауал дайындап жатқанын жазды.
«Мәжілісте заң жобаларын әзірлеу үшін жұмыс топтарының құрамына кіріп, бүгін бала құқығын қорғауға бағытталған жұмыс тобының отырысына қатыстым. Жұмыс өте күрделі, жауапты да маңызды», дейді ол.
Сондай-ақ ол министрге жолдаған сауалын не үшін ресми тілде жеткізгенін түсіндіріп өтті.
«Мен ана тілімді құрметтеймін. Ол менің анамның сүтімен, әкемнің тәрбиесімен бойыма сіңген. Алдағы уақытта қазақ тілін депутаттық қызметімде мейлінше жиі қолданамын. Ал Қаржы министріне қойған сұрағым тек қазақ қоғамына ғана емес, сонымен қатар, көршілес мемлекет тарапына да қатысы бар. Осы себепті, мәселе ауқымды болғандықтан, сұрақ орыс тілінде қойылды», дейді жамбылдық депутат.

Leave A Reply

Your email address will not be published.