Депутатқа сұрақ қойып, мәселеңізді шешіңіз

0 69

Рас, көбіміздің көкейімізде «Депутаттар қандай жұмыстар атқарып жүр? Сенім артқан халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтай алып жүр ме?» деген сауал тұрады. Бәлкім, осындай дүдәмал ойларға нақты жауап беру үшін болар, «Nur Otan» партиясы «Депутатқа сұрақ қой» жобасын бастады. Жоба аясында халық қалаулылары тікелей байланысқа шығып, нәтижесінде тұрғындар мазалаған сұрақтарын қойып, түйінді мәселелерін айтуға мүмкіндік алды.

Айталық, партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында қоғамдық қабылдау бөлмелері мен елді мекендерде барлығы 93 қабылдау өткізген. Депутаттар 279 азаматтың өтінішін қарап, 109-ының, яғни 39 пайызының оң шешімін табуына ықпал еткен. Қабылдаудың 41-і тікелей эфир арқылы өткізіліпті.

– «Nur Otan» партиясының атынан сайлауға түсіп, халықтың таңдауымен сайланған депутаттар халықпен байланысты үзген емес. Мәселен қазіргі уақытта әлеуметтік желі арқылы тікелей байланыс арқылы көпшіліктің талап-тілектерін тыңдап, мәселелерінің шешілуіне көмектесіп те жүр. Атап өтер болсақ, Ғалымжан Сағынтаев Тараз қаласы мен Жамбыл ауданындағы отбасылық жағдайы төмен, көпбалалы аналарға, зейнеткерлерге және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға үнемі материалдық көмек көрсетіп тұрады. Арман Еділбаев пәтер жалдап тұратын жалғызбасты ананың қашықтан білім алып жүрген балаларына планшет, бірқатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қажетті дәрі-дәрмегін алып берді. Әлімбек Жұмабаев Тараз қаласында тұратын, отбасы жағдайы төмен көпбалалы ананың жеке куәлігінің және оның
5 баласының туу туралы куәлігінің жасалуына ықпал етті. Жұмахан Тәнкебаев Талас ауданының тұрғыны, отбасы жағдайы төмен көпбалалы әкеге «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 4,5 миллион теңгеге үй салып берілуіне ықпал етті. Сол секілді Айгүл Ақшалова қабылдауында болған көпбалалы анаға жалға алып тұратын пәтер тауып, өзін қоғамдық жұмысқа орналастырып, азық-түлік себетін берді. Лямзер Тулебаев Құмшағал иінінің тұрғыны, отбасы жағдайы төмен көпбалалы анаға материалдық көмек көрсетті. Керімқұл Бегалиев Жамбыл ауданының бір тұрғынының кәмелетке толмаған ұлына негізсіз салынған айыппұлдың алынып тасталуына ықпал етті. Бейбіт Ыстыбаев Тараз қаласының тұрғыны, бұрын спортшы болған азаматшаның өтінішімен қажеттілігіне қарай арнайы кереует жасатып беріп, материалдық көмек көрсетті. Ерқанат Манжуов Жамбыл ауданының тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі азаматқа материалдық көмек көрсетсе, Гулам Умаров Тараз қаласының тұрғыны, жұмыссыз жүрген медицина қызметкерінің тұрақты жұмысқа орналасуына ықпал етті. Фарида Жүнісованың қабылдауына келген зейнеткер қызының медициналық сақтандыру қаражаты төленбегендіктен қалалық емхана денсаулығын тексеруден өткізуден және емдік шараларды жасаудан бас тартқанын айтқан еді. Депутат өз бақылауына алып, өтініш иесінің мәселесі шешілді. Қайрат Жетібаев депутатқа мұңын шағып келген ақсақалға немересінің еміне материалдық көмек көрсетіп, одан да басқа отбасы жағдайы төмен азаматтарға азық-түлік себеттерін табыстады. Аталған азаматтардан басқа да «Nur Otan» партиясының атынан сайланған депутаттарымыз түрлі жағдайлармен көмек сұраған тұрғындарға жәрдемдесуден бас тартқан емес, – дейді «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраимова.

Көптің алғысын арқалап, ел ықыласына бөленіп жүрген депутаттың бірі – Гүлнара Әлімбаева. Гүлнара Еділбайқызы сайлауалды бағдарламасында еңбек нарығына қажетті маман даярлап, диплом алған жас мамандардың жұмыссыз қалмауын назарға алатынын айтқан болатын. Тиісінше «Депутатқа сұрақ қой» жобасы аясында халық қалаулысының көмегіне жүгінген 3 маман да өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасыпты.

– Облыстық мәслихаттың агроөнеркәсіпті дамыту, экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі ретінде депутаттық жұмыс тобы құрамында зерделеу жұмыстарын жүргізуге қатыстым. Комиссияның жылдық жұмыс жоспарына сәйкес депутаттық жұмыс тобы ағымдағы жылдың 26 ақпан – 5 наурыз аралығында Байзақ, Қордай, Меркі, Шу және Т.Рысқұлов аудандарында болды. Зерделеу жұмыстары барысында өңіріміздің ауыл шаруашылығы бағытындағы колледждерде аграрлық сала үшін білікті кадрларды дайындау, оларды келешекте әлеуметтік пакет алу мүмкіндігімен жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша атқарылған жұмыстармен танысып, жергілікті билік өкілдерімен өзекті мәселелер талқыланды. Колледждерден бөлек аудандық білім бөлімдерінің және жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары да зерделенді. Сонымен қатар облыс бойынша 2016-2021 жылдардағы колледждердің иелігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемдері туралы ақпараттар алынған болатын. Осы жерде айта кетерлік бір мәселе – бір колледжде жер мүлдем жоқ болса, кейбірінде тиесілі жер аудандық әкімдіктердің балансына өткен. Анықталған жайттар колледждердің жер мәселелерін шешу қажеттігін көрсетті.

«Жамбыл облысында білім беру саласындағы цифрландыру барысы, қызмет көрсету сапасының деңгейі және инфрақұрылымдарын дамытуға бағытталған қаражаттың тиімді жұмсалуы бойынша шараларды іске асыру мәселелері туралы» депутаттық жұмыс тобы құрамында іссапарда болып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Сонда түзету мекемелерінде білім беру саласына байланысты шешімін табуы қажет бірқатар мәселелердің бар екені анықталды. Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелердің аумақтарында «Еңбек-Тараз» РМК-мен ашылған тігін цехтары жұмыс жасап, осы цехтарда мекемеде жазасын өтеуші сотталғандармен мемлекеттік тапсырыстар орындалуда. Жұмыстың сапалы орындалуы үшін «Еңбек-Тараз» РМК-сы тігін цехтарына білікті мамандарды тартуды мақсат етіп қойған. Алайда түзету мекемесі жанындағы №15 колледжде бұл мамандықты оқыту 2019 жылдан бастап қысқартылған. Колледж ғимаратына және оқу кабинеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мекеме әкімшілігімен 2020-2021 жылдардағы сметаға сәйкес, аталған ғимаратты ағымдағы жөндеу жұмысына 17 813 000 теңгеге сұраныс берілгенімен, қолдау таппаған. Сонымен қатар колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында оқытудың техникалық құралдары мен заманауи қондырғылары толықтай жаңартылуы қажеттігі айқын байқалады. Анықталған мәселелер бойынша ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлына депутаттық сауал жолдадым. Екінші сауалымды облыс әкімі Бердібек Машбекұлына аталған мекемеге мемлекеттік тапсырыс бөлінуіне ықпал етуін сұрап, хат жолдадым, – дейді Гүлнара Әлімбаева.

Міне, осындай жалпы халықтың игілігіне арналған істерді жүзеге асырып жүрген депутаттарға біз де өз тарапымыздан алғысымызды айтамыз. Ел ішінде халық қалаулылары тарапына айтылатын сыни пікірлердің туындауына себепкер болғандар жоғарыда біз атап өткен депутаттардан үлгі алса деген ниеттеміз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.