Депутаттар белсенді болуы тиіс!

0 3

«Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалының төрағасы Ержан Жылқыбаев партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы бойынша орынбасарларының есептерін тыңдап, жұмысты жүйелеуді, ал депутаттарға белсенділікті арттыруды, жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарауды тапсырды.

Ең алдымен «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын Тараз қаласында іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы туралы қала әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев баяндама жасап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды атап өтті.
– Жол картасындағы көрсеткіштерді орындау мақсатында коммуналдық және құрылыс саласы бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Жол картасының 7 басымдығына сәйкес, сала бойынша 31 іс-шара белгіленген. Ағымдағы жылдың
І жартыжылдығында Жол картасына енгізілген іс-шаралардың төртеуі толығымен орындалды, 23 іс-шара орындалу үстінде, ал қалған 4 іс-шараның орындалу мерзімі алдағы жылдарға жоспарланған,– деді Асхат Қамқабайұлы.
Қалалық мәслихаттың депутаты Жанар Бүркітбаева күні бүгінге дейін қалаға қарасты саяжайлардағы қоғамдық көліктерде жолақыны электронды есептесу құрылғылары орнатылмағанын, салдарынан тұрғындар қолма-қол 100 теңге төлеп жүргенін алға тартты. Ержан Жұматұлы мәселеге жауапты орынбасарына автобустардың барлығы электронды жүйеге толығымен қосылуы қажеттігін тапсырды.
– Жол картасындағы 7 басымдыққа сәйкес, 2025 жылға дейін 107 іс-шараны, оның ішінде 2021 жылы белгіленген 86 іс-шараны орындау көзделген, – деген қала әкімінің орынбасары Дәулет Әбілқайыровтан Ержан Жұматұлы «Бизнестің жол картасы» бойынша 3 миллион теңге грантты қанша адам алғанын сұрады. Алайда он адамға жоспарланған бұл гранттардың қаншасы берілгені туралы Дәулет Мақсұтұлы мардымды жауап бере алмады.
Ал қала әкімінің орынбасары Алмас Садубаевтың айтуынша, «Nur Otan» партиясының Жол картасында 2021 жылдың І жартыжылдығында спорт, мәдениет, ішкі саясат, білім, жұмыспен қамту салалары бойынша енгізілген 54 іс-шараның 14-і (25,9 пайыз) орындалған, 33-і (61,1 пайыз) орындалу үстінде, ал қалған 9 іс-шараның (17 пайыз) орындалу мерзімі алдағы жылдарға жоспарланыпты. Сондай-ақ жастар практикасы бойынша межеде белгіленген 200 адамның 158-і қамтылған. Сол секілді 300-ден 270 маман қайта даярлаудан өткен. Денсаулық саласы бойынша жылына 6 дәрігерді шет мемлекеттерде біліктілігін арттыру жоспарланып отыр екен.
Бұдан кейін «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының орынбасары Уалихан Байдуанов мәслихат фракциясы мүшелерінің 2021 жылдың І жартыжылдығында атқарған жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, кейбір депутаттар негізгі жұмыстарына көп уақыт арнайтындықтан мандаттық міндеттеріне салғырт қарап, халықпен кері байланыс орнатуда белсенділігі төмендеп кеткен. Жиын соңында Ержан Жұматұлы халықтың мұң-мұқтажын билікке, биліктегі атқарылған жұмыстың нәтижесін халыққа жеткізетін алтын көпір ретінде депутаттық мандаттың жұмысына үлгере алмаса, онда мұндай міндет пен жауапкершілікті алмау керектігін ескертті. Сонымен қатар халық қалаулыларын қалада қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасын дер кезінде қадағалауда да белсенді болуға шақырды.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.